Денсаулық

Дәрігерлерге қамқорлық артады

Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова Байзақ ауданының Қызыл Жұлдыз ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынған бұл медициналық мекеме 60 емделушіге арналған. Мұнда 3 дәрігер, 13 орта медицина қызметкері және бір психолог ауылдың 5 мыңға жуық тұрғынына медициналық қызмет көрсетеді.

Депутат Гүлдара Нұрымова ауылдағы дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін ауылдық жерлерге көшіп келген мамандарға 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы төленетінін атап өтті. Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заңға енгізілген бұл норма Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған.

Өткен жылы облыста партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында 20 медициналық нысан пайдалануға берілді. Сондай-ақ, екі емханада күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. 5 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаражатына 18 бірлік медициналық диагностикалық техника, сондай-ақ 38 санитарлық автомобиль сатып алынды. Бұл қадамдар ерте диагностиканы жақсартуға, жедел жәрдем жұмысының сапасын және ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Биыл өңірде Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Байзақ, Қордай және Сарысу аудандарындағы аудандық ауруханаларды қоса алғанда, 7 медициналық нысанның құрылыс жұмысы басталады. Сондай-ақ, Таразда туберкулезбен және өкпенің өзге де ауруларымен ауыратын балаларға арналған перинаталдық орталық, жедел медициналық жәрдем станциясын және мамандандырылған санаторий ашу жоспарланған.

 

«Aq jol»-Aqparat.

Байзақ ауданы