Тәрбие негізі – балабақшада
Қазіргі таңда үздіксіз білім беру – еліміздің ертеңі саналатын өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімділігімен өлшенеді. Себебі, білімді әрі қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Оның үстіне, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне өтуі – білім беру саласында, соның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту ісіне уақыт талабына сай өзгерістер енгізуді талап етуде.
Шын мәнінде, тәрбие мен білім – егіз. Бұл ретте балабақшадағы тәрбиешілер заманға сай әдіс-тәсілдерді шебер меңгеріп, бүлдіршіндердің тілін дамыту мен оларға қызықты ойын үйрету мақсатында ұлттық ойындардан құралған түрлі іс-шараларды жиі ұйымдастыруда. Мәселен, биыл Тараз қалалық білім бөліміне қарасты №1 бөбекжай-бақшасының бастамасымен облыстағы мектепке дейінгі барлық мекемелерде «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» тақырыбында ауқымды іс-шара өтті. Оның аясында «Бескеней», «Үш асық», «Зерек», «Бес атар», «Қалашық» және «Бестемше» ойындары ұйымдастырылған. №1 бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Күлшат Шаймбетованың айтуынша, ұлттық сипаттағы мұндай ойындар келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына және белсенді, шығармашыл болып жетілуіне оң әсерін тигізеді.
Айта кетейік, бұл күндері бір ғана «Бестемше» ойынына Тараз қаласы мен Жуалы, Меркі, Сарысу, Т.Рысқұлов, Байзақ пен Жамбыл аудандарының бөбекжай- бақшаларының тәрбиеленушілері қатысқан. Нәтижесінде Т.Рысқұлов ауданындағы «Айгөлек» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Бахыткүл Бекмолдаева алаңдағы «Бестемше» ойынында жеңімпаз деп танылса, жүлделі екінші орын тараздық Динара Салемоваға бұйырған. Ал, үздік үштікті байзақтық Эльмира Байдүйсенова түйіндеген. Ал, үстел үсті «Бестемше» ойынында тараздық Нұрайша Кананованың бағы жанды. Бұл сайыста жүлделі екінші және үшінші орынға сарысулық Ақнұр Әшірбаева мен құландық Әтіркүл Жұматаева жайғасты.
Есен ӨТЕУЛІ