Мал саны жағынан көш бастап келеміз
Елді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде, мал шаруашылығын дамыта отырып, өнім көлемін арттыруға баса назар аударылып келеді. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуда түрлі бағдарламалар қабылданып, онда ветеринарияны дамыту, жоғары сапа стандарттарына қол жеткізу, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мәселелері ерекше маңызға ие. Әсіресе, фермерлерге қаржылай көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, мал азығын өндіру, жылқы, қой шаруашылықтарымен қатар мүйізді ірі қара шаруашылығын дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын нығайту көзделген.
Елімізде ауыл шаруашылығы, оның ішінде, мал шаруашылығы – ата-бабамыздан келе жатқан ата кәсібіміздің бірі. Сондықтан, қажырлы еңбекті талап ететін мал шаруашылығы саласын тұрақты дамытудың шешуші факторлары – шаруашылықтарды білікті ветеринариялық мамандармен қамтамасыз ету және аса қауіпті індеттердің алдын алу болып табылады. Бүгінгі күні осындай мемлекеттік қолдаудың ықпалымен ауыл шаруашылығына деген бетбұрыс түзеліп, көптеген фермерлік шаруашылықтар, ет және сүт өңдеу кәсіпорындары, мал сою пункттері ашылып, жұмыс істей бастады.
Облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Тұрғынұлының айтуынша, басқарманың Тараз және аудандардағы бағынысты ветеринария ұйымдары мемлекеттік тапсырыс бойынша жануарлардың аса қауіпті эпизоотиялық және энзоотиялық ауруларына қарсы профилактикалық-диагностикалық іс-шараларды жоспарлы жүргізіп келеді. Сонымен қатар, кәсіпорындар шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын болғандықтан, мемлекеттік тізілімге енбеген басқа да ауруларға қарсы (хирургиялық көмек, паразитарлық және жұқпалы емес, инвазиялық ауруларды емдеу, дезинфекция, дератизация жұмыстарын ұйымдастыру, т.б.) ақылы қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс бойынша биыл бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар 11 айлық жоспарға сәйкес өз деңгейінде орындалған. Аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстарына 25,2 миллион манипуляция жүргізілген. Жыл басынан бруцеллезге тексеру үшін қан сынамасын алу бойынша 5,7 миллион манипуляция орындалып, диагностикалық тексерулер нәтижесімен бруцеллез ауруы анықталған 344 бас ауыл шаруашылығы жануары (мүйізді ірі қара – 86 бас, ұсақ мал – 258 бас) қолданыстағы Заң аясында санитариялық талаптармен сойылып, кезең кезеңімен қайта өңдеуге жіберілген. Ал облыс аумағында 4 ауру түрінен 15 ошақ, таратып айтсақ, 6-ы құтыру, 2-і бруцеллез, бір сібір жарасы және 6-ы энтеротоксемия анықталып, оларда карантин шаралары қойылып, бүгінгі күнге аурудың көзін жою және сауықтыру жұмыстары толық атқарылған.
Сонымен қатар, конго-қырым геморрагиялық қызбасына қарсы облыс аумағында эндемиялық аймаққа енгізілген 46 елді мекенде 6,4 миллион шаршы метрді құрайтын 20297 аула мен қора жайлар, 156 мың шаршы метр буферлік аймақ және барлығы 506 мың бас ауыл шаруашылығы жануарларына үш кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ.