Әлеумет

Шырша айналудың түп тамыры түркілерден басталған

Жаңа жыл мейрамы – бүгінде Дүниежүзінде ең көп аталып өтілетін, баршаға ортақ айтулы күн. Әлем халықтары осы күнді жаңа кезеңнің бастауы ретінде қарсы алып, жарқын болашақ, жаңа бақыт пен шаттықтың көрінісіне балайды. Бұл күні әр үйде мерекелік дастарқан жайылып, ізгі тілектер айтылады, шырша безендіріліп, мереке ауаны қалыптасады. Елімізде Кеңес дәуірінен бастап кең көлемде аталып өтілетін мейрамның түп тамырына қатысты да дерек пен дәйек сан алуан.

Қалыптасқан ұғым бойынша, Жаңа жыл, 1 қаңтар – Иса пайғамбардың туған күні ретінде мерекелейді. Тек православ тармағындағылар ескі күнтізбе бойынша 25 желтоқсанда атап өтеді. Ал, ежелгі алтайлықтар болса, 25 желтоқсанда Шырша мерекесін тойлаған. Себебі, осы күннен бастап күн түннен оза бастайды. Өріске кеткен малдың жайылу мерзімі ұзарады. Олар мұны Күннің Түнді «жеңген» кезі деп есептеп, қысқы тоқырау түні деп атаған. Бүкіл тіршілігі төрт түлікке тәуелді көшпенді халық үшін бұл үлкен қуаныш, үлкен мереке саналған. Бұл жайында белгілі этнограф-тарихшы әрі жазушы Ақселеу Сейдімбек: «Өмір-тіршілікте шарттылықтар өте көп. Сол шарттылықтардың ең ғажабы адам баласының уақытты межелеуіне қатысты. Мәселен, осы күндері бүкілхалықтық қуаныш ретінде тойланып жатқан Жаңа жыл мейрамын алайықшы. Қалыптасқан ұғым бойынша, Жаңа жыл, яғни 1 қаңтар – Иса пайғамбардың туған күні. Бүкіл христиан әлемі осылай деп түсінеді, осындай деп тойлайды. Ол тойына «Рождество Христова» деп ат берген. Орыстар православ сенімінде болғандықтан, бұрынғы Юлиан күнтізбесінің межесі бойынша, желтоқсанның 25-ін Исаның туған күні деп тойлайды. Мен бір қызықты пікір айтайын. Осы Жаңа жыл тойы арысы Еуразияның ежелгі көшпелі скиф-сақтарының, бергісі бүгінгі түркі халықтарының, оның ішінде қазақтардың да байырғы мейрамы деп есептеймін» деп жазады. Ғалым-қаламгердің бұл пікірін В.Цибульскийдің «Лунно- солнечный календарь стран Восточной Азии», М.Ысқақовтың «Халық календары», Х.Әбішевтің «Аспан сыры» атты кітаптарындағы деректер де жоққа шығармайды. Бұл аз десек, Мұрат Әджінің «Қыпшақтар» кітабындағы деректерге назар аударайық. Автор еңбегінде жаңа жыл түніндегі «үлде мен бүлдеге» бөленген шырша мерекесінің І Петр патшадан көп әріде болғаны, түркілердің де өз дәуірінде бұл мейрамды тойлағаны баяндалады. Кітаптың «Шыршалар мерекесі» тарауында зерттеуші бұл ойын нақты мысалдармен айқындайды: «Ежелгі түркілердің танымы бойынша, шырша құдайлардың жерасты әлемін адамдар әлемімен жалғастырушы ретінде қадірленген. Шырша тойын 25 желтоқсанда тойлаған түркілер түнді күннің жеңуімен байланыстырып отырғанға ұқсайды. Шырша орнатып, бұтақтарына қызылды, жасылды шүберек таспаларын ілiп, жанына сыйлықтар қойған. Сосын адамдар қол ұстасып, би билеген. «Корачун, корачун – қысқарсын», деп ән салған. Яғни, түн қысқарсын, күн ұзарсын дегендері. Бұл күні елдің бәрі жамандықты ұмытып, тек жақсылық жасауға тиіс болған. Еуропаға шырша тойын, Жаңа жылды тойлауды біздің ержүрек ата- бабаларымыз – ғұн-қыпшақтар апарған деп есептеуге болады. Тек он ғасырдан астам уақыттан кейін ғана І Петр Жаңа жыл тойын тойлауды Ресейге қайта әкелген. Содан кейін ғана, тек 1955 жылдардан бері біз Жаңа жылды орыс мейрамы ретінде тойлауымыздың сыры осы», – деп пікір қалдырады.

Ғалымның бұл пікірін елемей өте алмаймыз. Себебі, халқымыздың тұрмыс салтында әрбір тоқсанның келу мезгілі күн мен түннің ара қатынасына сәйкес өзгеріп, көктемгі күн-түн теңесімінде – Наурыз, күзгі теңесімде – Сабантой (Мизам шуақ), жазғы түн тоқырауында – Сабатой мерекелері атап өтілетін болған. Ежелгі түркі танымында күн – мәңгі және ол жыл сайын өліп, қайта тіріледі. Оның өлетін күні жыл ішіндегі ең қысқа күндіз тәулігіне яғни, 22 желтоқсанға сәйкес келсе, қасиетті үш күннен соң күн сәулесі қайта туып, бұл күн, 25 желтоқсанға сәйкес келген. Бұны түркілер Нартуған деп атаған. Бүгінде чуваш, татар, башқұрт секілді түркі халықтары арасында тойланып, мажарлар тұрмысында «Карачун», поляктарда «Қызыл жұмыртқа» атымен байырғы қалпын бұзбай сақталған салт әуелгі болжамымызды айқындай түседі. Ш. Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының бөлім басшысы Асылжан Дулатиде Жаңа жыл мерекесінің түркілерден бастау алатындығын алға тартты. Тарихшының айтуынша, мерекенің басты нышандарының бірі ретінде шыршаның таңдалуы оның емдік- символикалық қасиеттеріне байланысты болған.

Осыған қарап-ақ, ата-бабамыздың арғы салтында Жаңа жыл бүгінгідей кейіпте аталып өтілмесе де, Нартуған мейрамы ретінде тойланған деп топшылауымызға болады. Тарихшылардың бірқатары бұл мерекеде түркілер Көк Тәңіріне құрбандық шалып, Жаратушыға тағзым еткен дейді. Қазақ арасында таралған соғымбасы беру дәстүрі дәл осы ғұрыптың жұрнағы деп есептейді. Тек әзірше бұл тарихшылардың болжамы екендігін есте ұстаған жөн.

 

Нұрболат АМАНБЕК