«Тараз» алғашқы оқу-жаттығу жиынын аяқтады
«Тараз» алғашқы оқу-жаттығу жиынын аяқтады
Түркия елінде оқу-жаттығу жиынын өткізген «Тараз» футбол клубы алғашқы сынақты қорытындылады. Бұрынғы құраммен қоса, аталмыш елде бірқатар жаңа аяқдоп шеберлерінің шама-шарқын да бақылап көрді. Алғашқы жаттығу жиыны барысында жерлестеріміз төрт кездесу өткізіп үлгерді. Оның алғашқылары турасында газетіміздің өткен сандарында жазған болатынбыз. Жоспардағы үшінші кездесуде жерлестеріміз әзірбайжандық «Хазар-Л» командасының орнына Иранның 23 жасқа дейінгі құрамасымен кездесті. Аталмыш матчта команда сапында Кувшинов, Аверченко, Абденаби секілді ойыншылар алаңға шықты. Негізінен оқу-жаттығу жиынында жерлестеріміз көбінесе эксперимент жасады. Құрамда әртүрлі ойыншылар алаңға шықты. Бұл ойында «Тараз» ойыншылары алаңда жақсы ойын өрнегін көрсеткенімен соңғы соққылары сәтсіздеу шығып жатты. Ал Иранның жастар құрамасы өз мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ. Әр шабуылынан нәтиже шығаруға ұмтылған олар Кувшинов қорғаған қақпадан төрт мәрте саңылау тапты. Қарсыластардың ерекше екпініне біздің команда сапынан голландиялық легионер Деслей Уббинк жалғыз доппен қарымта қайтарды. Қорытынды нәтиже – 1:4, парсылардың пайдасында. Осы матчтан кейін «Тараз» футбол клубы алғашқы оқу-жаттығу жиынын түйіндейтін соңғы ойынын өткізді. Бұл жолы Ресейдің «Газовигіне» қарсы алаңда қақпашы Григоренко, қорғаушылар: Евстигнеев, Воротников, Башлай – бастаған жігіттер бой көрсетті. Ойын алма-кезек шабуылдармен өрбіп отырды. Қос команда футболшылары да ұрымтал тұстарда өз мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алған кездер де ұшырасты. Айып алаңына ағылшындық стильде әуелете асырылған пастарды жерлестеріміз кәдесіне жарата алмады. «Тараз» ойыншыларына қарағанда ұтымды тұста мергендіктерімен таныла білген екатеринбургтік команда айласын асырып кетті. Олар Григоренко қорғаған қақпаның кілтін екі мәрте тапты. Ал біздің шабуылшылар қарсылас команданың қақпасын дәл көздей алған жоқ. Қорытынды есеп – 2:0. «Газовик» командасы жеңіске жетті. Осылайша «Тараз» футбол клубы алғашқы оқу-жаттығу жиынын түйіндеді. Бірақ, мұнымен іс біткен жоқ. Қысқамерзімді демалыстан кейін жерлестеріміз екінші оқу-жаттығу жиынына аттанады. Аталмыш жиын 31 қаңтар мен 27 ақпан аралығын қамтитын болады. Бүгінгі таңда жерлестеріміз бірқатар ойыншылардың қарымын байқап көрді. Ал алдағы жаттығу жиындары барысында «Тараз» футбол клубының негізі құрамы шамамен анықталып та қалатын шығар. Өйткені, негізгі құрамды нақты бекітіп, Қазақстан премьер-лигасына жерлестеріміз тас-түйін дайын болуы тиіс.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».