Жоғары білім мен ғылымды дамытуда оң өзгерістер болады
Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Талғат Ешенқұлов облысымызға іссапармен келіп, тұрғындармен кездесті. Облыстың әлеуметтік мәселелерімен танысқан Талғат Ілиясұлы Т.Рысқұлов ауданында тұрғындармен жүздесіп, пікірлесті. Вице-министрмен ашық сұхбаттасуға арналған жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов жүргізді.
Ел ішіндегі түйткілді мәселелер болса, тұрғындарды тыңдап, жоғарғы билікке жеткізуге дайын екенін айтқан Талғат Ешенқұлов жоғары білім саласындағы жайттарды да жұртшылықпен бірге талқылауға шақырды.
Ғылыми жобаларды орындау барысында мемлекеттік сатып алу тәртібі Мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілген.
Вице-министр еліміздегі демографиялық жағдайдың өсу деңгейін де атап өтіп, болжам бойынша алдағы жылдары жоғары білімге деген сұраныстың артатынын жеткізді. Жоғары білімнің қолжетімділігін қамту үшін қаржы мәселесімен қоса жоғары оқу орындарының қатарын да арттыру керегі айқындалған. Сол себепті, жыл сайын гранттарды көбейтумен қатар, 2024-2025 оқу жылында ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар бөлу бойынша пилоттық жоба іске асырылып келеді. Сондай-ақ, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу туралы» Заң жобасы Парламент Сенатының екінші оқылымында мақұлданған, енді Президентке қол қоюға жіберіледі.
Министрліктің атқарған жұмысын жергілікті жұртқа кеңінен баяндаған вице-министр ынтымақтастықты дамыту және оқытудың инновациялық технологияларын қолдану мақсатында Coursera, Huawei Technologies Kazakhstan, Binance Kazakhstan сияқты ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, меморандумдарға қол қойылғанын да айтып өтті. Нәтижесінде Huawei сертификатталған курстарын ұсыну үшін 40 жоғары оқу орнының базасында Huawei ICT Academy құрылған.
Министрліктің жұмыстары таныстырылғаннан соң тұрғындар министрдің орынбасарына көкейіндегі сұрақтарын қойды. Көп тұрғынның сауалы жоғары оқу орындарындағы ақылы оқу бағыты бойынша жеңілдіктер қарастыруға қатысты өрбіді. Ғылым және жоғары білім вице-министрі бұл мәселені шешу үшін арнайы жоба іске асырылып жатқанын айтты. Мұнан кейін елімізде шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының ашылуы бойынша бірқатар ой-пікір айтылып, тұрғындар кейбір салалардағы кадр тапшылығына алаңдаушылық білдірді.
Қамар ҚАРАСАЕВА