Денсаулық

Кәсіби маманға құрмет жоғары

«Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» деп бұрынғылар айтпақшы, басымызға іс түспесе айналамыздағы адамдардың қадірін біле бермейміз.

Мен биыл қыркүйек айында қатты ауырып, ауыр халде облыстық көпбейінді аурухананың гинекология бөліміне түстім. Ол жердегі медицина қызметкерлерінің құрақ ұшып жылы қабылдап, ауруларға жақсы қызмет етуі менің көңіліме жылылық ұялатып, үмітімді ұштады. Әсіресе, сол бөлімнің меңгерушісі, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі» Ұлзия Әліқұлованың еңбегін ерекше атап өтуге лайық дер едім. Менің дертімді тез анықтап, ота жасағаннан кейін қажетті дәрі-дәрмектер тағайындап, ем-домын жасап, тез арада айығып, қатарға қосылуыма зор септігін тигізді.

Ұлзия Әлнұрқызы еңбек жолын 1991 жылы Қордай аудандық орталық ауруханасында акушер-гинеколог болып бастаған екен. 1992-2016 жылдары облыстық онкология диспансерінде жоғары санатты онколог-гинеколог, 2016-2017 жылдары облыстық перинаталдық орталықта акушер-гинеколог, 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін аталған ауруханада акушер-гинеколог болып еңбек етуде.

Әріптестерінің айтуынша, білікті дәрігер қоғамдық жұмыстарда белсенді, жас мамандарға үлгі. Еңбегі еленіп, Ұлзия Әліқұлова 2010 жылы «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі» медалімен марапатталған.

Жаңа жыл қарсаңында облыстық «Aq jol» газеті арқылы білікті дәрігерді және барша ақ халатты абзал жандарды мерекемен құттықтап, зор алғысымды білдіргім келеді.

 

Шынар МЫРЗАБАЕВА,

зейнеткер.

Байзақ ауданы