Әулеттің бәйтерегі еді
Қайран дүние, кеше ғана ортамызда жүріп, төңірегіне ізгіліктің нұрын шашып, жақсылығы мол, ағайынға жанашыр, бірімізге аға, бірімізге бауыр, бірімізге замандас, ел сыйлаған, құрметтеген, әулетіне қадірлі Жайлаубек Қалдарбекұлы бүгінде мәңгі сағынышқа айналды.
Мен, Жайлаубек жәкемнің Құдай қосқан қосағы Сафура бауырымның туған сіңілісімін. Өмір бірде қуантса, бірде жылатады, жөні келсе жуатады деген ғой бабаларымыз. Өмірге келу бар да-кету де бар, келгеніне қуансаң, кеткенде ортаны ойсыратып барыңды жоғалтқандай боласың. Менің туымды көкке көтерген, ағамдай сүйеніш, әкемдей тірегім болған жәкем еді.
Сафура бауырым Жәкемнің салмағын да көтере білді. Айналасына мейірімін төгіп, қамқорлығын аямай, дастарқанын үнемі жайып отыратын отбасы сол әулетке үлгі. Ұлын ырысым, қызын өрісім деп білетін көлеңкелері көпке таныс жапырақтары жан біткенге сая, дауылда ық, жауында пана алып ағашты бәйтерек десек, сол бәйтерекке лайық осы кісілер.
Ырысы мен берекесі тасыған, қыдыр қонып, нар шөккен жер Таласта қазақтың жақсы мен жайсаңдары дастарқанынан дәм татқан қазаны берекелі қарашаңырақ.
Бәйтеректей биік тұлғаның жақсылығын айта берсек, бойыңа нұрлы шуақ құйылғандай болады. Адам баласы өмірден өткенімен артында өнегелі істер қалдырып, еңбегі мен қызметі айналасындағы кісілерге жасаған жақсылықтары және жанына жақынды тарта білетін жылылығы естен кетпейтін тұлғаның бірі – Жайлаубек Қалдарбеков.
Ойық орта мектебін медальмен бітірген соң, Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтына түсіп, 1965 жылы инженер-механик мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіріп шығады.
1966 жылы еңбек жолын технологиялық институтқа оқытушы, Қаратау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды.
1976-1983 жылдары Маңғыстау облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық комитетінің екінші хатшысы болды.
1985 жылы Алматы жоғарғы партия мектебін қызыл дипломмен бітірген соң, Шу ауданында совхоз партия ұйымының хатшысы, совхоз директоры, Қаратау қаласының сүт зауытының директоры және Талас ауданының ауыл шаруашылық басқармасының басшысы болып қызмет атқарды.
1999-2000 жылдары Талас аудандық мәслихатының тексеру комиссиясының төрағасы болды.
2002 жылдан зейнетке шыққанға дейін «ҚазТрансГаз» жабық акционерлік қоғамы Тараз қаласындағы филиалында қызмет атқарып келді.
Ел басқару, жауапты қызметте жүру ел алдында жауапкершілігі мол міндет. Ол кісінің өмір жолы, көкірегі көмбе, болмыс-бітімі жастарға үлгі. Оның жүріп өткен жолы құнды тарих іспеттес. Туған еліне, жеріне, халқына адал еңбек етіп, көпке, әулетке, қадірлі ел ағасы, тектілікті тереңінен өлшеген, пайым парасаты мол жан. Абай атамыз суреттегендей, білсем, көрсем, үйренсем, еліме барымды берсем дейтін кісінің қатарынан көріне білген қазыналы азамат. Ол кісінің мейірбан жүрегінен нәр алып, мейіріміне шомылып, ағалық ілтипатына бөленіп жүргендер қаншама.
Тумысында турашыл, әділдікке жанашыр, адам баласын алаламайтын, панасызға пана болған, кешегі дана қариялардың бүгінге жеткен сарқыты. Осының бәрі әулетке, келешек ұрпаққа қалдырған елеулі еңбегі, үлкен мұра. Әділдіктің ақ туын нық ұстаған жан. Әкелерінің сөзі мен ісі ұл-қыздарына, немерелеріне көп жылғы азық. Әулетке біткен үлкен жүректі азаматын ұмытпау парыз, ол үшін біз мақтан етеміз.
Жаны дархан, пейілі кең жан едің,
Сымбатыңа білімің сай паң едің.
Бір әулетке қамқор болған жәкежан,
Туған-туыс ортасында нар едің!
Аяулы жан едің таңғажайып,
Алланың әмірімен болдың ғайып.
Пейіште нұрың сенің шалқысын деп,
Бағыштаймыз біз Құран оқып қолды жайып!
Дариға САРСЕНОВА,
білім беру ісінің құрметті қызметкері, еңбек ардагері.