Қоғам

Тойдың тағылымын ұмытпайық

Қазақта «Той дегенде қу бас домалайды», «Той – Құдайдың қазынасы» деп жатады. «Шаршасақ тойдан шаршайық» деп кейде жақсылықты аңсайтынымыз бар. Әрине, қуанышта бас қосқан жақсы. Оған талас жоқ. Дегенмен, тойдың тәртібі мен тағылымын ұмытпағанымыз жөн.

Қазіргі қазақ тойларының даналық жағынан гөрі даңғазасы басым. Тойлар орнымен жасалса жақсы ғой. Үйлену тойы, алтын той жасалып, елге аса танымал тұлғалардың мерейтойы өтіп жатса жарасымды. Қазір не болса соны тойлайтын болдық. 20, 25, 30, 35, 40, 45 жас бәрі той. Сонда жинап қойған қаржысы болса мейлі де. Елдің көбісі тойды қарызға, несие алып жасайды. Әйтеуір, жасайды. Сол тойда кейде екі-үш үстел бос қалып, кейбіреуі тойхананы да жаба алмай қарыз болып қалады. Қазіргі тойымыздың сиқы осындай болды.

Қазір тойды ашып тұрған жасы келген қариялар бата бере алмайды. Тек тілек айтып кетеді. Жасыңыз 70, 80-ге келіп тұрып дұрыстап бата бере алмау деген өте ауыр. Сіз өз әулетіңізге жақсы бата бере алмай жүріп, тойды қалай өткізе аласыз? Қуаныштың мазмұны мен мәнін қалай түсіне аласыз?

Содан кейін тойдың тағы бір дерті – асабалардың әлсіздігі мен әдепсіздігі. Ақшасы төленген асабамын деп аузына келген арзан сөз бен ұятсыз сөздерді айта беретін той басқарушылар көбейді. Олар дәстүр, салт, жоралғыдан өте алшақ. Құлқынын ақша тесіп тұрады. Той басқаруды жауапкершілік, аманат деп емес, ақша табудың жолы деп түсінетін жылпостар көп. Содан да болар, қазақ тойларынан сән, асабаның сөзінен мән кетіп тұр. Сөздің киесі мен қасиеті болады дейді. Сол қасиетті той жүргізушілері ұқпаған соң, қуаныштың берекесі болмай барады.

Тойдың бір даңғазасы – даңғырлаған би. Бетін аулақ қылсын, сақалы аузына түскен ақсақал жас әйелмен, атасы келінімен, үлкені жасымен билеп әйтеуір алқынып, жұлқынып жатады. Жалаңаш ашық-шашық билеу де жаңалық болмай қалды. Тойдың да, бидің де сәнін солай кетірдік.

Тағы бір мәселе, тойдың дастарқаны. Той дастарқанында құстың сүтінен басқаның бәрі тұратын болды. Сол сықиып тұрған дастарқаннан басын алмай тауысып жеп жатқан ешкім де жоқ. Яғни, ысырап. Қазақ дастарқанынан ысырапшылық кетпей қойды. Басымыздан небір ауыр, қиын замандар өтті. Бір үзім нанға зар болдық. Енді міне, тойда дастарқанды сықитып қоямыз. Оны ешкім жемей, ысырап болып жатады. Тағы бір мәнсіз нәрсе – тойға қымбат әнші жалдау. Ол да барып тұрған шығын. Жұлдызы жанып тұрған әншілерді несие алып шақырып, сол несиесін ішпей-жемей он жыл бойы төлеп жүрген кісілер де бар деседі. Тойда ішімдіктің есепсіз тұтынылуы, ең сыйлы қонақтардың тойдан есін білмей қайтуы жиілеп барады.

Мен қазақ тойларының арақсыз өткенін қалаймын. Сондай ұсыныс айтқым келеді. Той ащы сусыз, қымыз және шұбатпен өтуі тиіс. Елге сыйлы ақсақал кісі батасын беріп, жұрт ащы сусыз тілегін айтса, қандай жарасымды!

Түйіндеп айтқанда, қазақ тойларының ойланар тұсы, ақылға салып түзейтін жақтары көп болып тұр.

 

Сейітқазы МЕДЕТБЕК,

«Жуалы» мешітінің имамы.