Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын қолдау орталығы ашылды
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев 300 орындық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын қолдау орталығының жұмысымен танысты.
Әлеуметтік нысан Тараз қаласы, Құмшағал тұрғын алабында орналасқан.
Орталық ғимараты 1975 жылы пайдалануға берілген, 2 қабатты. Биыл күрделі жөндеу жүргізіліп, балалардың игілігіне тапсырылып отыр. Құрылыс жұмыстары 6 айда аяқталды.
Мұнда оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін қолайлы жағдай жасалған. Атап айтқанда, домбыра, бейнелеу өнері, қолөнер, вокал, би, робототехника, театр, шахмат, таэквондо сынды үйірмелер бар.
Ербол Қарашөкеев ғимарат ішін толық аралап, бүлдіршіндердің өнері мен олардың дайындаған қолөнер бұйымдарын тамашалады. Аймақ басшысы тұрғын алаптағы барлық балаға орталықтың қолжетімді болуын ескертіп, алдағы уақытта сұранысқа сай үйірмелердің санын арттыруды тапсырды.
Айта кетейік, Жамбыл облысында 78 қосымша білім беру мекемесі жұмыс істейді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.