Көңілді тербеткен – «Қызылту»
Ауылда мүлдем басқа салада еңбек етіп жүріп те шығармашылықпен айналысатын, мақала, өлең, әңгіме жазатын, тіпті ән шығара беретін кісілер болады. Сондай талант иесінің бірі – Әбжаппар ауылының тұрғыны Жорабек Әбдікерімов. Өзінің негізгі мамандығы – есепші. Ұжымшарда ұзақ жыл есепші болып қызмет атқарған. Бірақ жаны шығармашылыққа жақын. Қазіргі таңда 15-ке жуық әні бар. Біз бүгін аудан, облыс аумағында кең көлемде айтылатын «Қызылтуым» деген әнінің шығу тарихына тоқталмақпыз.
Қызылту – ән авторының туған ауылының аты. Бала күнінен санасына сіңген, көңіліне орныққан ыстық атау. Шамамен 40 жылға жуық уақыт «Өрнек» кеңшарына қарасты «Қызылту» бөлімшесінде (Қызылту ауылы деп те аталып келді) өсіп-өнгені, есейгені жасырын емес. Бөлімшедегі жалғыз мектептің атауы да «Қызылту» болатын. Содан осыдан 33 жыл бұрын кеңес одағы тарап, жаңа жүйе келеді. 1990 жылдардың орта тұсында «Қызылту» атауы жазушы Әбжаппар Жылқышиевтің құрметіне «Әбжаппар ауылы» болып өзгереді. Мектептің де атауы ауысып, «Қызылту» сөзі жойылып, келместің кемесіне мініп кете барады. Бұл жағдай ұжымшарда есепші болып жүрген Жорабек Әбдікерімовтің жанына батып, көңіл-күйіне әсер етеді. Бала күннен құлағына жатталған «Қызылту» атауын есінен шығара алмай, көп уақыт қиналып жүреді. Ән деген қасиет бірден шыға салмайды ғой. Көңілін тербеп жүріп, 2000 жылдары осы «Қызылтуым» әні өмірге келеді. Ол туралы Жорабек Әбдікерімов:
Ән жолдарындағы:
Қызылту қымбат маған өскен жерім,
Кір жуып, кіндігімді кескен жерім.
Ағатын тұйық төрден өзен суым,
Шомылып күн ұзаққа кешкен жерім.
Мен үшін тым ерекше жаратылған,
Кетпейді көкейіңнен дара тұлғаң.
Көгіңде ертелі-кеш қозы жайып,
Теруші ек құмсағызды Қарақұмнан.
Аяулы ақ бесік боп тербетіп ең,
Қызылту бауырыңда ер жетіп ем.
Меккедей өз ауылым өзіме ыстық,
Табылмас сендей мекен жер бетінен, – деген шумақтар көңіліңді тербетіп, тұла бойыңды шымырлататыны анық. Ауылда жүріп ән жазуды серік еткен Жорабек Әбдікерімовтің осынау әні талайдың туған жерге деген құрметін арттырып жүр.
Жақында «Қызылтуым» әніне ағайынды жас әншілер Нұрғиса, Бейрек Төребектің орындауында бейнебаян түсіріліп, әлеуметтік желіде жақсы қолдауға ие болып жатыр. Сол бейнебаянда Жорабек ағаның да жас өнерпазға бата беруі, Қаршыға Төребекұлы есімді өнерпаздың күй тартуы да сәтті шыққан. Бұл әнді автордың үлкен ұлы Өтеген Әбдікерімов те домбырамен аудан аумағында орындап жүр.
Мінекей, бір ғана туған ауылға деген сағыныш, оның бұрынғы атауына деген құрмет әуесқой композитор Жорабек Әбдікерімұлының көңілін тербеп, осындай әдемі туынды өмірге келген. Ол кісінің «Мен жиырмадамын», «Алатау», «Туған жер» әндері де аудан аумағына кең тарап, тыңдармандар тарапынан жоғары бағасын алған. Қазіргі таңда зейнетте жүрген қарияның бар тілегі ұрпақтарының амандығы, одан кейін шығармашылығы. Осы екі байлығын бәрінен артық санайтын Жорабек Әбдікерімұлы әлі жақсы әндер жаза беретіні анық.
Есет ДОСАЛЫ
Т.Рысқұлов ауданы