Әдебиет

Жаһандық әдебиеттің жаңалығы, отандық әдебиеттегі олжа

Әдебиет әрқашан қоғамның дамуы мен оның қиындықтарын бейнелейтін құрал болғандықтан, әр дәуірде ерекше стильдер мен бағыттар пайда болды. Сол секілді 2024 жылы да әлемдік әдебиетте бірнеше қызықты құбылыстар мен трендтер қалыптасты. Олар жаһандық қоғамның өзгерістері мен жаңа буынның талғамын айқындайды.

Бұл жыл әдебиетте алуан түрлі бағыттар мен идеялардың тоғысуымен ерекшеленді. Жаңа буын авторлары мен оқырмандар қазіргі заманның сұрақтарына жауап іздеп, әдебиетті жаңаша бағыттарға алып шықты.

Ең бірінші ерекшелік, экологиялық мәселелер мен климаттың өзгеруі әдебиетте кеңінен талқылануда. Климаттық фантастика жанры танымалдыққа ие болып, жазушылар табиғат апаттары, ғаламдық жылыну және оның адамзатқа әсері туралы шығармалар жазды. Мәселен, Ричард Пауэрстің «Ағаштар астында» романы осы жанрдың ерекше үлгісі болып қала береді. Бұдан өзге жас авторлар экологиялық мәселелерді ғылыми-фантастикалық элементтермен үйлестіріп, жаңа стильдер енгізуде. 2024 жылы әдебиетте нәсілдік, гендерлік және әлеуметтік теңдік тақырыптары да кеңінен қамтылды. Бұл тақырыптар заманауи қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, оқырмандарды жаңа көзқарастарға ынталандырды. Мысалы, Колсон Уайтхедтің «Гарлем жолы» романы АҚШ-тағы нәсілдік әділетсіздік мәселесін шебер сипаттайды. Әлемнің әр түкпіріндегі жазушылар осы бағытта өздерінің ерекше шығармаларын ұсынғанын да атап өткен жөн. Сонымен қатар, жаһандану процесі әдебиетке ықпал етіп, әртүрлі мәдениеттер арасындағы байланыс күшейе түсті. Авторлар өз шығармаларын бірден бірнеше тілде шығарып, халықаралық оқырмандар аудиториясын кеңейтті. Жергілікті мәдениеттердің ерекшеліктері мен тарихын бүкіл әлемге таныту мақсатында аударма әдебиетте кең өрістеуде. Сондай-ақ, графикалық романдар мен комикстер жас буын арасында танымал болып, күрделі тақырыптарды қарапайым әрі көрнекі тәсілдермен жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл жанрда экология, психология және саясат мәселелерін қозғайтын шығармалар көбейді. Қазіргі заманның тұлғалары туралы мемуарлар мен автобиографиялық кітаптар оқырмандар арасында ерекше қызығушылыққа ие болды. Танымал саясаткерлер, әртістер мен кәсіпкерлер өз өмірлерін баяндап, тәжірибелерімен бөлісуде. Әлемдегі геосаяси және әлеуметтік шиеленістер дистопиялық жанрға қайта серпіліс берді. Адамзат болашағы, технологиялық тоталитаризм және әлеуметтік құлдырау туралы шығармалар оқырмандарды терең ойлануға жетелеп келеді.

2024 жылы қазақ әдебиетінде бірнеше жаңа шығармалар жарық көріп, олар өздерінің ерекше тақырыптары мен стильдері арқылы оқырмандардың назарын аударды. Биыл әдебиетте жаңа туындылардың өмірге келуіне сеп болған бірден бір жоба – «Жас қалам – жаңа роман» жобасы. Бұл жас қаламгерлерге өздерінің әдеби шығармаларын жарыққа шығару мүмкіндігін ұсынған қазақ әдебиетінің маңызды жобаларының бірі. Жоба жас авторлар мен жаңа буын жазушыларға өз шығармашылықтарын кеңінен насихаттауға, әдебиетке тың тақырыптар мен жанрлар әкелуге жағдай жасауды мақсат етеді. Бұл жоба 2024 жылы жүзеге асып, бірнеше жаңа романдар мен шығармалардың жарық көруіне себеп болды. Аталған жоба аясында жас жазушы, драматург Әлібек Байболдың «Мұтылған» атты шығармасы құрылымы мен жазылу мәнері жағынан өзіндік ерекшелігімен көзге түсті. Романда тарихи оқиғалар, бұрынғы шығармаларға сілтемелер және мәтін ішіндегі мәтіндер көптеп кездеседі. Автор оқырманын ширықтырып, бір оқиғадан екінші оқиғаға жеңіл өтеді. Сюжеттік құрылымы тарқатылмастай берік. Әлеуметтік желілерде бұл роман туралы пікірлер әртүрлі, кейбір оқырмандар оны күрделі құрылымы үшін жоғары бағаласа, басқалары түсіну қиын деп есептейді.

Жоба аясында жарық көрген тағы бір шығарма – Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романы. Бұл шығармада кеуде тұсынан қосылған, тәндері қосақталған Абыл мен Қабыл есімді сиам егіздерінің 33 жылдық ғұмыры баяндалады. Роман төрт бөлімнен тұрады: «Таңсәрі», «Талтүс», «Алагеуім» және «Түн қараңғысы». Әр бөлім табиғат пен адам жаратылысының төрт кезеңін бейнелейді, яғни таңсәріден басталып, түн қараңғысына жалғасқан бір күндік оқиға мен сиам егіздерінің өмірі суреттеледі. Романның тұсаукесері 2024 жылы Еуразиялық кітап көрмесі аясында өтті. Мақсат Мәлік бұл шығармасын өзінің шығармашылық өміріндегі алғашқы көлемді туындысы екенін атап өтті. Ол әдебиетте тұлғаның екіге бөліну үрдісі бар екенін, бірақ Абыл мен Қабылдың бір- бірінен кете алмайтын қайшылығын ерекше контексте қарастырғанын айтты. Романның құрылымы мен кейіпкерлері қазақ әдебиетінде жаңа бағытты көрсетеді. Мақсат Мәлік шығармасында мифтік сананың ұшқындарын, адамзат тарихындағы ақ пен қараның айқасын бейнелейді. Шығармада қосалқы кейіпкерлер Дәруіш, Қара Қарға, Бекторы сияқты тұлғалар арқылы философиялық және әлеуметтік мәселелер терең талданады.

Аталған жоба аясында жарық көрген үшінші шығарма – Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы. Роман тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік мәселелерді, атап айтқанда, баспана дағдарысын және оның адамдардың өміріне әсерін терең зерттейді. Шығармада үйсіздік, құқық қорғау, қоғамдағы әділетсіздік сияқты өзекті тақырыптар қарастырылады. Негізгі кейіпкердің аты жоқ, бұл оның жеке басының емес, қоғамдағы жалпы мәселелердің символы ретінде қызмет етеді. Аты жоқ адам арқылы автор қоғамның назарынан тыс қалған, елеусіз қалған тұлғалардың тағдырын бейнелейді. Шығармада кейіпкердің ішкі ойлары мен сезімдері, өткен өмірі мен қазіргі жағдайы арасындағы байланыс терең зерттеледі. Автор адамның ішкі әлемін, оның қорқыныштары мен үміттерін шынайы әрі әсерлі түрде суреттейді.

2024 жылы қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай, оның шығармалары қайта басылып, оқырмандарға ұсынылды. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жазушының «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» сияқты туындылары оқуға ұсынылды. Қаламгердің ғасырлық тойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді.

Сонымен қатар, Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» романы – қазақтың тарихында маңызды орын алған тұлғалардың бірі, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан туралы жазылған тарихи шығарма ретінде ел әдебиетінің қазынасына қосылды. Көптеген қабырғалы қаламгерлер бұл романның Қазақстанның ұлттық әдебиетінде өзіндік орны бар туынды болып қалатынын болжап отыр. Романның негізгі оқиғалары Жошы ханның өмірінен алынып, Алтын Орда хандығының қалыптасу кезеңін баяндайды. Романда оның ерліктері мен күресі, сондай-ақ оның қазақ халқының тарихындағы рөлі көрсетіледі. Романда Жошы ханның әкесі Шыңғыс ханмен қарым-қатынасы, сондай-ақ оның өзінен кейінгі ұрпақтарына қалдырған мұрасы айқын көрінеді. Автор Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының бірлігі мен билікке деген талпыныстарының мәнін ашады. Ұларбек Дәлейұлы тарихи деректерге, шежірелерге, қазақтың ауыз әдебиеті мен тарихына сүйене отырып, романдағы оқиғаларды шынайы көрсетуге тырысқан. Бұл шығарманың тарихи негіздері өте маңызды, себебі ол қазақ халқының өткені мен руханияты туралы терең ойлануға ықпал етеді. Ұларбек Дәлейұлы романды тек тарихи оқиғаларды баяндаумен шектемей, сол кезеңнің атмосферасын, адамзаттың сезімдері мен әлеуметтік жағдайларын суреттеу арқылы оқырмандарды терең ойға батырады. Оның жазу стилі оқырманды қиялға жетелеп, тарихи тұлғалар мен оқиғаларға жаңа көзқарас ұсынады.

Жазушы Мұхтар Мағауиннің 26 томдық толық шығармалар жинағының жарық көруін де қазақ әдебиетінің биылғы басты жаңалықтарының бірі деуге болады. Бұл жинақта автордың әр жылдары жазған шығармалары топтастырылған. Соның ішінде «Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегі де бар, онда қазақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы маңызды деректер қамтылған.

Мұнымен қоса биыл Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» повесі бірнеше жылдан бергі бестселлер ретіндегі беделін сақтап тұр. Ол алғаш рет 2019 жылы жарық көрді, содан кейін шығармаға сұраныс артып, бірнеше басылып шықты. Шығарманың танымалдылығы артып, оны көптеген оқу орындары мен әдеби қауымдастықтар оқып, талқылады. Бұл ақын Ақберен Елгезектің проза жанрында шығып отырған тұңғыш кітабы. Интернет желісінде жүргізілген сауалнама бойынша XXI ғасырдағы үздік 20 прозалық туынды тізіміне енген. Шығарма кітап болып басылып шықпай-ақ жекелеген мектеп бағдарламаларына еніп, бүгінгі күнге дейін оқытылып келеді. Сондай- ақ, қазіргі таңда шығарма желісі бойынша фильм түсірілуде. Одан бөлек өңірлердегі, Алматыдағы театрларда шығарма қойылым ретінде сахналанып, көрермендердің де жүрегіне жол табуда.

Бұл шығармалар 2024 жылы қазақ әдебиетінде орын алған маңызды жаңалықтардың бір бөлігі ғана.

Осылайша биылғы әдебиет саласында ауқымды жобалар жүзеге асып, жаңа авторлардың жаңа шығармалар жазуына түрлі жағдайлар жасалды. Келер жылдың Жамбыл облысында кітап оқу жылы ретінде жарияланғанын да атап өткен жөн. Алда келе жатқан 2025 жылы әдебиет саласында бірқатар жаңа трендтер мен өзгерістер күтілуде. Әдебиет әлемі қазірдің өзінде цифрлық технологиялар мен әлеуметтік медиа ықпалына еніп, халықаралық әдебиетпен тығыз байланыс орнатқан. Күтілетін болжамдарға тоқталар болсақ, е-кітаптар мен аудио кітаптар тағы да үлкен даму кезеңін бастан кешіреді. Оқырмандардың цифрлық форматтағы контентті тұтынуы арта түседі, бұл өз кезегінде баспа саласының болашағына әсер етеді. Әдеби платформа мен онлайн-ресурстар өсіп, авторлар мен оқырмандар арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Әдебиет үшін цифрлық мәдениет жаңартылған оқырман базасын қалыптастыруға ықпал етеді. 2025 жылы журналистика мен әдебиет, фантастика мен әлеуметтік драма, поэзия мен прозаның араласуы кеңінен таралуы мүмкін. Бұл жанрлар гибриді оқырмандарға ерекше тәжірибе ұсынады. Жаңа формалар мен стильдер әдебиетке көбірек енеді, әсіресе мета-роман, диджитал-фантастика, интерактивті әдебиет сияқты эксперименттік бағыттар. 2025 жылы қазақ әдебиеті халықаралық аренада аударма арқылы кеңінен таныла бастайды. Аударма саласының дамуы арқылы қазақ жазушыларының шығармалары әлемдік әдебиетке жол ашады. Қазақ тіліндегі шығармалар әлемнің түрлі тілдеріне аударылып, қазақ әдебиетінің өзіндік ерекшеліктері мен мәдениеті туралы терең түсінік қалыптасады. Классикалық рецензиялардан бөлек, әлеуметтік медиа мен влогтар арқылы әдеби шығармаларды талқылау кеңінен таралады. Бұл сыншылар мен жазушылар арасында ашық байланыс орнатуға ықпал етеді. Психологиялық триллерлер, детективтер, антиутопиялар мен дипломатиялық драмалар сияқты жанрларда жаңа туындылар жарық көруі ықтимал. Бір сөзбен айтқанда, 2025 жылы әдебиет жаңашылдыққа толы кезеңге аяқ басады. Технология мен әлеуметтік мәселелер әдебиеттің жаңа бағытын анықтап, жас жазушылар мен тәуелсіз авторлар жаңа үлгілер мен стильдер ұсыну арқылы әдебиетке жаңа тыныс сыйлайды.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ