Қоғам

Тіл оқыту орталығы: Жалақы аз, штат бос, маман жоқ

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің айнасы. Байтұрсынов пен Әуезовтің тілін білу елімізде тұратын барша тұрғындарға міндет. Себебі, өзі мекен еткен жұрттың тілі ешкімге жат емес. Дегенмен, осы мемлекеттік тілді меңгеруге деген ниет көңіл көншітпейді деген күдік те жоқ емес. Қағазда бәрі қанттай. Пайызға шағып, мөлдіретіп қойған. Алайда, іс жүзіне келгенде ақсап жатқанымыз анық...

Облысымызда «Тілдерді оқыту орталығы» деген мемлекеттік мекеме бар. Ол 2006 жылы 28 қыркүйекте облыс әкімдігінің №267 қаулысына сәйкес ашылған. Орталықтың негізгі міндеті – тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін жоғарылату. Әрине, орыс және ағылшын тілдерін оқыту да қатар жүріп келеді. Облысымызда 1222 мың 593 тұрғын бар, оның 74,7 пайызы жергілікті ұлт, 25,3 пайызы өзге этнос өкілдері. Енді мынау фактіге назар аударыңызшы. Өңіріміздегі мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар үлесі – 94,74; орыс тілін меңгерген тұрғындар үлесі – 94,78; ағылшын тілін меңгерген тұрғындар үлесі – 32, 78 пайыз. Бұл мәліметке қарасақ, ресми тілді меңгергендер үлесі төл тілімізден басымдау екенін байқаймыз. Осы орайда біздің мәліметтермен келісе алмайтын тұстарымыз да бар. Мәселен, үш тілді меңгерген (қазақ, орыс, ағылшын) тұрғындардың үлесі 33,4 пайыз деп көрсетіліпті. Сонда әрбір үш тұрғынның біреуі үш тілде сөйлей алады деген сөз. Бірақ, біздің облыста шамамен 350 мың адам үш тілде еркін сөйлей алады деген ақпаратқа сену қиын.

Бізге берілген мәлімет анық болса, 2007-2024 жылдар аралығында аталған орталықтың үш тіл бойынша курстарын 51 мың 869 адам оқып, сертификат алған. Оның ішінде мемлекеттік тілді 32 мың 503 өзге этнос өкілдері меңгеріп шығыпты. Былтыр межелі көрсеткішке қол жеткізу үшін аталған орталықтың негізгі құрамындағы 42 мұғалімнен бөлек, қосымша штаттан тыс 52 қазақ тілі пәнінің мұғалімдері жұмысқа тартылған. Бірақ, олардың кейбіріне 6 мың теңге жалақы төленген. Ең жоғары төленген қаражат 40 мың теңгенің төңірегі. Мұндай жалақымен қаншалықты табысты жұмыс істеуге болады. Бұл сұраққа жауап беретіндер көп деп айта алмаймыз.

Біздің өңірде мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерінің үлесі – 77,5 пайыз. Көрсеткіш қағаз түрінде ғана қалмай, өзге ұлттың осынша адамы мемлекеттік тілде «бұлбұлша сайрап» тұрғаны қандай жақсы. Сонда ендігі қалғаны 23 пайыздай. Ол шамамен 75 мың адам деген сөз. Ал, 2025 жылы облыс бойынша 4800, 2026 жылы 5000 өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту туралы меже белгіленген.

Облыстық «Тілдерді оқыту орталығы» мекемесінің жақында тағайындалған директоры Қуаныш Дәурембековтің айтуынша, бұл үлкен меже. Оларды оқытуға мұғалімдер тапшы. Себебі, жалақылары өте аз. 2025 жылға штаттан тыс оқытушы қамтуға ешқандай қаражат қарастырылмаған.

Мекеме директоры:

Аталған орталық 2024 жылы әртүрлі форматтағы 148 іс-шара өткізген. Оған 2 мың 500 адам қамтылғаны да нәтижелі еңбек. Этнос өкілдеріне тілдік ортаны қалыптастыру мақсатында «SOILE», «RELAX AND LEARN» жобалары іске асырылуда. Биыл аталған жобаға 1442 тіл үйренуші қамтылған. Орталықтың әлеуметтік парақшаларында «TERMINDI BIL» жобасы, «Тіл – байлық» жобасы әлеуметтік желіні қолданушылардың тіл байлығын арттыруға ықпал етіп отыр. «Кейіпкер» хабары тілді меңгеріп шыққан этнос өкілдерімен қазақша сұхбат жүргізуге арналған. Басқа да байқаулар мен кештер, семинарлардың тыңдарманға берер әсері өте мол. Орталықтың 2025 жылға межелеген жұмыстары да ауқымды. Ол, әрине, уақыт еншісінде.

Біздің айтпағымыз, аталған мекеме төл тілді өзге этностарға үйретумен айналысады. Мемлекеттік тілдің көсегесін көгертіп жүрген мекеме. Дегенмен, мұндағы қызметкерлердің уақытпен санаспай атқарып жатқан еңбектері толық бағаланып жатыр деп айта алмаймыз. Мұндағы қызметкерлердің жалақысын көтеретін уақыт жеткен секілді. Орталық басшылығы жауапты министрліктен оң жауап келіп, мекеме қызметкерлерінің жалақысы өсе түсетініне сенімді. Өзі де осы жолда аянбай еңбек етуге бекініп отыр. Жалақы көбейсе әзірге бос тұрған штаттарға да сұраныс болатыны анық. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейтіп отырған орталықтың келешегі кемел болуы өте маңызды.

 

Есет ДОСАЛЫ