Әдебиет

Тұрақты кітап оқу – тұлғалық дамудың тұтқасы

Өңіріміздің басшысы Ербол Шырақпайұлының бастамасымен келесі 2025 жыл Жамбыл облысы бойынша кітап оқу жылы болып жарияланды.

«Ай сайын ұлт классиктерінің бір кітабын оқып тауысатын болам және сол кітапты талқылайтын боламыз. Бұл бастама өзіме ғана емес, орынбасарларым, жалпы әкімшілікке қарасты барлық мекеме басшыларына ортақ игі шара болмақ», деді аймақ басшысы.

Айтулы жаңалықты аймақ зиялылары ғана емес, бүкіл ел болып қуана қолдауда.

Өйткені, заманауи технологиялардың ықпалымен ғаламтордың жетегіне еріп, ұялы үнтетіктердің ырқында кеткен бүгінгі ұрпақтың алдындағы буалдыр тұмандай бұлыңғыр жолы үлкендер үшін, аға буын үшін расымен де күмәнді, тұманды көрінетін-ді. «Кітапты қолына ұстап оқитын саналы бала жоқтың қасы» деп уайымдап жүргендерге бұл идея Әулиеата аспанында шамшырақтай жарқ ете қалғаны рас.

Енді ше?! Өйткені, білім бұлағы, өмір шырағы – кітап қой!

Кітап оқу – мәдениет, кітап оқу – мінез. Кітап оқу арқылы тұғырлы тұлғаларды қалыптастыруға болады. Кітап оқу арқылы қоғамға рухани қозғау салуға болады.

Тіпті кітап оқу – мәдениет қана емес, жаңаша ойлайтын ұрпақ қалыптастырудың да тиімді жолы.

Сондықтан, облыс жұртын, газетіміздің барлық оқырмандарын біз де бірауыздан кітап оқуға, кітапқұмар болуға шақырамыз.

Ылғи кітап оқуды әдетке айналдыру керек. Басқасын айтпағанда, кітап оқудың ең басты үш пайдасы бар. Кітап оқу, біріншіден, мидың қартаюын бәсеңдетеді. Кливленд университеті ғалымдарының зерттеуі бойынша, қазір кітап оқымаған адамның қартайған кезде есте сақтау қабілетінен айырылу ықтималдығы жоғарылай бастайды. «Ерте алжасқыңыз келмесе, кітап оқыңыз» дейді олар.

Екіншіден, кітап оқу арқылы сөздік қорыңыз молаяды. Лексиконыңыз бай, көркем болады. Оқу кезінде мидың сол жақ самай бөлігі белсенді болады. Ол тұс тіл үйренуге, бейімділікке қалыптасуда жауапты қызмет атқарады. Демек, сіз неғұрлым сапалы әдебиетті оқысаңыз, соғұрлым сауатты боласыз.

Үшіншіден, оқыған кітапты талдап, зейін қойып оқып үйреніңіз. Оқу барысында сіз ақпаратты қабылдап қана қоймай, оны бағалайсыз. Кітаптағы ұнады ма, ұнамады ма, автордың стилі жақсы болды ма, жоқ па, кейіпкерлер адекватты немесе біртүрлі әрекет етті ме, өз ішкі ой-пікіріңізбен тартыс жасаңыз. Ойланып оқу аналитикалық қабілеттеріңізді дамытады.

Кітапты жиі оқыған адамның ұрпағы сөзсіз интеллектуал боп өседі. Көкжиегі кең болады. Саналы жас ұрпақ өзінің тұла бойында қайрат күшін тасытып тұратын жастық шағының әр күнін оқуға, жаңа нәрсе үйренуге арнап өткізсе өкінбейтіндей өмір сүру деген – сол.

Бір сөзбен айтқанда, кітап оқу деген сөз – мидың жаттығуы. Кітап оқыған адамның ақылы толысып, анағұрлым парасатты бола түседі. Өз ойын нақты әрі ашық айта алатын болады. Кітапты көп оқу адамның ойлау жүйесінің жақсаруына қатты әсер етеді.

«Ақымақ адам ғана ешқашан өз пікірін өзгертпейді» деген ғұлама Кон Фу-Цзының сөзіне сүйенсек, кітап оқу – адамды жан-жақты дамытып қана қоймай, уақыт көшіне ілестіртіп, заман ағымынан оза шапқызып, қоршаған ортаға деген көзқарасы мен ұстанымын жаңартып, өзгертіп, түрлендіре айқындап беріп отырады.

Ғалымдардың айтуынша, кітапты жылдам оқығанда көз көп шаршамайды екен. Ал, адамдардың 95 пайызы кітапты өте баяу оқиды. Бар болғаны минутына 180-200 сөз. Кітапты асықпай оқығанда адам оқығанының 60 пайызын түсінсе, жылдам оқығанда 80 пайызын түсінеді. Кітап оқу кезінде оқырманның көздері әр әріпті жеке сурет ретінде көрсетеді, ал ми оларды бір суретке біріктіреді екен.

Сондай-ақ, кітап әрбір адамның бойындағы шығармашылық қабілетті оятады. Сол себепті адам өзінің кітапқа деген махаббатын, қызығушылығын жоғалтып алмас үшін төмендегі мына бір кеңестерді есте ұстағаны абзал.

Кітап оқуды жүйелі әдетке айналдыру қажет. Күніне кітап оқуға ең болмаса бір сағатты арнау керек, ал уақытыңыз болмаса кемінде 15 минут оқысаңыз да болады. Сонда миыңыз тынығып, сергіп қаласыз және сіздің тұлғалық дамуыңызға үлкен ықпал етеді.

Тағы бір ескеретін нәрсе – оқитын кітапты дұрыс таңдай білу.

Ең алдымен кітапты жас ерекшелігіне қарай таңдаған жөн. Оқу барысында бірыңғай жүйелілікке аса мән берген абзал. Бастауыш сынып оқушылары балалар әдебиетін, ертегі кітаптарды оқымай тұрып «Абай жолы» немесе «Көшпенділер» секілді көлемді әрі ауыр кітаптарды оқыса, оны толықтай түсініп, одан өзіне керек дүниені дұрыстап ала алмайды. Сол секілді жасөспірім шағында «Махаббат қызық мол жылдарды» оқымаған адам, жасы ұлғайғаннан кейін қанша талпынса да романның қызығына бата алмайды.

Кітап оқу барысында негізгі ойларды түртіп алып, көкейге түйіп, сақтап, жазып отыруға дағдыланыңыз. Кітаптағы өзіңізге қажетті жерлерін жазып алу пайдасын көп тигізеді. Нақыл сөздер немесе қанатты сөздерді жазу арқылы сізде жаңа ойлар туындайды, өмірге деген көзқарасыңыз өзгереді және кітап оқуға деген құлшынысыңыз арта түседі.

Сонымен қатар, оқыған кітапқа талдау жасап отырған жөн. Кітапты оқып біткеннен кейін өз ойыңызды жазып отырыңыз. Кітапты оқып болғаннан кейін оны достарыңызға, жақындарыңызға ұсынған жақсы. Кітап туралы пікір алмасып, талқылау – оқығаныңызды есте сақтауға көмектеседі. Яғни кітаптан түсінгеніңізді, не түйгеніңізді жазбаша қағазға түсіру немесе әлдебір тыңдарманыңызға баяндап беруіңіз арқылы сіз одан сайын тұлғаланасыз.

Оқыған кітаптан тәжірибе жинап, өзімізге қажет құндылықтарды міне, осылай алуымыз керек.

Адам жадының есте сақтау қабілетін арттыруға тарихи оқиғаларды, кітаптағы немесе театрдағы, көркем фильмдердегі кейіпкер аттарын, оларды сомдайтын актерлер есімін және туған-туыс, достарыңыздың туған күнін, телефон нөмірлерін жатқа біліп жүрген де қатты көмектеседі. Күн сайын шағын өлең жаттап жүретін немесе бұрынғы жаттағандарын еске түсіріп жүретін адам жан-жақтылығымен кемел адамға айналмақ.

Соңғы уақыттарда мыңжылдықтардың мәуелі шежіресі қатталған біздің өлкемізде талай тарихи естеліктерді құндақтаған руханияттың көктемі бүр аша бастағаны белгілі. Шығыс шайырларының ғазалдарынан аңызға айналған талайғы Тараздай абыз қаламыз шығармашылықтың шалқар шабытына бөленуде.

Әсіресе, бұрын назардан қағаберісте, қалтарыста кемшін қалып келген әдебиет саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын айта кеткен жөн. Өткен жылы жергілікті жиырма төрт қаламгердің кітаптарының шыққаны да ауыз толтырып айтарлықтай игілікті іс. Биыл да Әулиеата жерінде көптеген рухани іс-шаралар ұйымдастырылды, әсем кештер өтті. Шона Смаханұлындай сатира сардарының мерейтойы атап өтілді. Өзгеше форматтағы жаңалығы мол, әсерлі іс-шараларды ұйымдастыруға Ербол Қарашөкеевтің өзі тікелей мұрындық болды. Күні кеше ғана «Асқақ рухты Әулиеата» атты республикалық деңгейде әдеби конкурс жарияланып, қалам ұстаған қауымға облыс әкімі тарапынан үлкен құрмет пен қолдау көрсетілді. Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы, Шерхан Мұртаза, Арғынбай Бекбосын, Аяз Бетбаев, Әбдімомын Желдібаев, Несіпбек Дәутайұлы атындағы номинациялар тағайындалып, әр номинация жеңімпазына бір миллион теңгеден берілгені бұрын-соңды болмаған жоба.

Аймақ басшысының айтуынша, асқақ Әулиеатаның әуедегі жұлдыздарын жерге жақындатып сөз тыңдатқан, көне Таразды тағы да жырға шомылдырған осындай бастамалар жыл сайынғы дәстүрге айналмақ. Келе жатқан жаңа жыл жамбылдық жұртқа кітап оқу жылы болып белгіленді. Ендеше, туған өлкеміз еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін кітап оқуды қолға алатын қайта өрлеу дәуіріне қадам басты деп білеміз.

 

Үміт БИТЕНОВА