Экономика

Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы

Еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалар мен жобалардың барлығы да ел экономикасының әлеуетін арттыруға жұмылдырылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, шетелдік инвестиция тарту арқылы отандық кәсіпорын қуатын арттыруды тапсырып отыр. «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатындай жағдайға жету. Сондықтан, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажет», – деді Президент Жолдауында.

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, өңір экономикасында биыл өнеркәсіп өндірісінің үлесі 19, ал ондағы өңдеу секторы 65,5 пайызды құрады. Жалпы, аймақта 891 кәсіпорын жұмыс істесе, өңдеу өнеркәсібінде 46 мың адам еңбек етеді. Сонымен осы жылдың 11 айында өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 814,7 миллиард теңгені құрап, өсім 101,3 пайызға жетті. Ал, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 105,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібінде 533,7 миллиард теңге өнім шығарылды.

Сондай-ақ, құрылыс саласында биыл 53 миллиард теңге өнім өндіріліп, өсім 100,5 пайызды құраған. Құрылысын аяқтаған бірқатар өнеркәсіп нысандары толық қуатына шығу үшін жұмыс істеуде. Мәселен, облыста гипс пен портландцементтің едәуір бөлігін өндіреді. Жылдық қуаты 1,5 миллион тоннаны құрайтын «KORCEM» цемент зауыты іске қосылып, цемент өндірісі көлемін 3 миллион тоннаға жеткізуді межелеп отыр. Құрылыс материалдарына сұраныстың өсуін ескере отырып келесі жылы «Alit Holding» ЖШС-гі құрғақ құрылыс қоспалары өндірісін, «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС-гі гипсокартон шығаратын зауыт құрылысын бастайды. Жобаларды іске асыру өнім ассортиментін 12 атауға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, олардың қатарында гипсокартон, құрғақ қоспалар, тілім-түйінді тақталар, құрылыс желімдері және тағы басқалар бар. Өткен сегіз айының қорытындысына қарайтын болсақ, облыста өңделген тауарлар экспортының көлемі 178,7 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 139,5 пайызға артқан.

Мемлекет тарапынан қабылданған көптеген жобалар мен бағдарламалар бүгінгі таңда өз жалғасын табуда. Бұл ең алдымен өңірімізде қолға алынған жобалардың табысты жүзеге асуына жол ашқаны белгілі. Мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – кәсіпкерлерді қолдап, кәсіпорындардың әлеуетін арттыру болатын. Бағдарлама қаржылық қолдаудан басқа, инфрақұрылымды дамытуға да бағытталған. Осының аясында жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы – ел экономикасын түбегейлі жаңа сапалы деңгейге көтеріп, шетелдік инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндік берді. Мәселен, облыста ұйымдастырылған форумда инвестиция тарту және тәжірибе алмасу мақсатында Қытай, Ресей, Түркия және басқа да шетелдік алпауыт компаниялармен маңызды келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде шетел капиталының қатысуымен жалпы құны 80 миллион АҚШ долларын тарту индикаторы бекітілді.

Биылғы IІ тоқсанның қорытындысы бойынша облысқа 21,7 миллион АҚШ доллары тартылған болатын. Оның ішінде кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға 2,1, өңдеу өнеркәсібіне 5,8, құрылысқа 1,6, басқа да салаларға 6,7 миллион АҚШ доллары тартылған. Бұдан бөлек, ірі шетелдік кәсіпорындармен «Еврохим-Қаратау» – 35, «Qazaq Soda» – 25, «Корцем» – 10, «Шағала майнинг» – 10 және «Қаратау кемикалс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен 10 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған.

Ал, осы жылдың 11 айында облыстың негізгі капиталына 415,3 миллиард теңге инвестиция тартылса, оның 75 пайызы жеке инвестицияларға, 25 пайызы бюджеттік инвестицияларға тиесілі. Мәселен, өнеркәсіп саласына – 165,5, ауыл шаруашылығы – 14,8, көлік және жинақтау – 48,8, жылжымайтын мүлікпен операцияларына – 76,4 және туризм саласына 14,4 миллиард теңге қаралған. Осы жылдың қорытындысымен 550 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 1,5 пайызды құраған.

Ал, жыл басынан тұрақтандыру қорының 10 комиссиясы және делдалдық комиссияның 96 отырысы өтіп, 15 тауар түрі бойынша 117 құқық бұзушылық фактісі анықталған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемақыны асырмау бойынша биыл сауда желілерімен 1745 меморандум, өндірушілермен 44 меморандум жасалған. Төтенше жағдай кезінде алғашқы азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша 32 меморандум бар. 2024-2025 жылдарға қысқы, көктемгі маусымаралық кезеңге көкөністер бойынша жалпы 7797,1 тоннаға форвардтық келісім-шарт жасалып отыр. Аудан және қала әкімдіктері жыл басынан 1492 сауда дүкеніне азық-түлік бағасы бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізіпті.

Соңғы жылдары облыс кәсіпкерлері арасында туризм саласына инвестиция салу белсенділігі артып келеді. Осы жағдайға сәйкес соңғы уақытта (соңғы екі жылда) 6 туристік объект іске қосылып, олар облыс тұрғындары мен қонақтарына табысты қызмет көрсетуде. Оның қатарында Жуалы ауданындағы тау шатқалдарында орналасқан «Көксай», Жамбыл ауданында «Алмалы» демалыс аймақтары, Тараз қаласында ашылған «Zerbulaq» аквапаркі сияқты ірі туристік нысандар бар. Сонымен қатар, аймақта «Grand Way Hotel» қонақ үйі, жол бойындағы «Royal Petrol» сервистік кешендер саны да артқан. Бұдан бөлек, облыс аумағында жалпы жобалық құны 16,4 миллиард тенгені құрайтын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінде «Ежелгі бекініс» құрылысын салу, «South Holiday» демалыс орталығы, Меркі ауданында бір, Т.Рысқұлов ауданында төрт, Қордайда бір, Жуалыда бір, Байзақта екі, Жамбылда екі жоба жоспарланған.

Сондай-ақ, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында 5 туристік инфрақұрылымдық жобаны іске асыру пысықталуда. Қорытындысында «Көксай resort» (18 километр автожол, 24 километр газ құбырын тарту), «Алмалы» (12,5 километр автожол, 16,3 километр газ құбырын тарту), сонымен бірге бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан «Таскөл» (2,8 километр автожол) демалыс аймақтарына алып баратын автожолдар салынып, аталған туристік аймақтарды табиғи газбен қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерін туризм саласына тарту, оның ішінде сервистік қызмет көрсету орындарын ашу, туристік объектілер жанынан халықаралық стандарттарға сай санитарлық-гигиеналық тораптар орнату, туристерге қызмет көрсету жұмыстарын сапалы жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында биыл 17 кәсіпкерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген.

Ең бастысы – сан тараптан инвестициялар тартылуымен сан салада баламасы жоқ бірегей кәсіпорындар бой көтеруі, жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуы өңір жұртшылығының тұрмысы түзеліп, бақуаттана түсуіне өз септігін тигізуде. Жамбыл жерінің бар байлығы ел игілігін еселеуге – кәдеге жаратыла бастауы қуантады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ