Ауыл медицинасы қарқынды дамып келеді
Тарихтың еншісіне енгелі тұрған 2024 жыл облысымыздың денсаулық сақтау саласына да табысты кезең болды десек, артық емес. Олай деуіміздің ең әуелгісі – ауылдық денсаулық сақтау ісін жаңғыртуға басымдық берілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар аралығында облыста 30 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның 10-ы 2023 жылы, қалған 20-сы 2024 жылы салыну көзделген еді. Бүгінде сол нысандардың бәрі де халықтың пайдалануына берілді.
Осы ретте, «Turar Healthcare» акционерлік қоғамы мен «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамымен әзірленген 12 нысанның сыртқы инженерлік желілерінің құрылысына биыл жергілікті бюджеттен 985,1 миллион теңге қаржы бөлінген.
Ерік Тіллабекұлының айтуынша, 2024 жылдың 1 қазанында облыс халқының саны 1 222,9 мың адамды құраған. Оның ішінде 534 мың адам қалада тұрса, 688 мың адам ауылдық аймақтарда қоныстанған. Бекітілген халық тіркеліміне сәйкес 1 174 946 адамға 392 денсаулық сақтау нысаны медициналық қызмет көрсетеді. Бұл нысандардың 28-і ауруханалық ұйымдар болса, 148-і амбулаториялық-емханалық ұйымдар, ал 152-сі медициналық пункт (МП), 58-і фельдшерлік амбулаториялық пункт (ФАП), қалған алтауы басқа медициналық мекемелер.
ДӘРІГЕР ТАПШЫЛЫҒЫН ШЕШУДІҢ ОҢ ЖОЛДАРЫ
Дәрігер тапшылығы – көптен бері жиі көтеріліп жүрген үлкен мәселе. Адамзат үшін басты байлық – денсаулықтың сақшылары саналатын мамандар тек облыста емес, тұтас елімізде зор сұранысқа ие. Бұл жағдайдың оңтайлы шешімін табу мақсатында жүзеге асырылып отырған жұмыстар да аз емес. Өңірде де өзекті мәселеге байланысты бірқатар іс атқарылуда.
Жалпы, облыс бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында барлығы 15236 медицина қызметкерлері бар, оның ішінде 3360-ы дәрігер болса, 11876-сы орта медицина қызметкерлері. Соның ішіндегі ауылдық жерде жұмыс істейтіні 6468 десек, оның 1336-сы дәрігер, ал 5132-і орта медицина қызметкерлері халықтың денсаулығын қорғау мақсатында еңбек етіп жүр.
Облыста дәрігер тапшылығы 88 бірлікті құрайды. Оның 22-сі қалаға, 66-сы ауылға қажет. Ауылдардағы тапшы дәрігерлердің басым бөлігі терапевтер, яғни 5 терапевт дәрігер, 9 жалпы практикалық, 5 педиатр, 5 акушер-гинеколог, 5 инфекционист, 4 оториноларинголог, 4 офтольмолог, 6 радиолог (сәулелі диагностика), 3 анестезиолог-реанимотолог, 2 кардиолог, 2 невролог, 2 неонатолог, 2 фтизиатр және басқа терең білімді мамандар керек.
Облыста жұмыс істеуге келген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 2024 жылға түрлі қолдау шаралары қарастырылған. Ерік Тіллабекұлының сөзінше, денсаулық сақтау саласының 41 қызметкеріне (367,3 миллион теңге) республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит бөлінген. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы 129 маманға (47,6 миллион теңге) арналған.
Облыстық маслихаттың 2024 жылдың 24 сәуіріндегі №14-3 шешімімен жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен біржолғы әлеуметтік қолдау көрсету түрлері санаттарға бөлініп, мөлшерлері өзгерді. Бүгінге, облыстың ауылдық жерлерінде, кенттерге, моноқалаларға, аудандық маңызы бар қалаларға жіті тапшы мамандар бойынша 8 миллион 500 мың теңге, облыстың ауылдық жерлеріне, кенттерге, моноқалаларға, аудандық маңызы бар қалаларға 1 миллион 200 мың теңге, Тараз қаласына 800 мың теңге мөлшері айқындалған.
ҚАЖЕТТІ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАРМЕН ҚАМТУ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ
Денсаулық сақтау саласының қызметі қаншалықты маңызды екені айтпаса да белгілі. Өмір үшін ауруды анықтап, диагнозды дәл қоюға және оны сапалы емдеп, тиісінше шипа шараларын мүлтіксіз атқаруға құрал-жабдықтар, заманауи аппараттар аса қажет. Бұл жағынан біздің облыста жетіспеушілік жоқ секілді. Олай деуіміздің себебі, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, облысы бойынша медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыру деңгейі – 92,8 пайызды құраған, ал көзделген меже 92,4 болған екен. Яғни, жоспарланған межеден асатындай көрсеткішке ие. Бұл, әрине қуанарлық жағдай.
Ал, медициналық құрал-жабдықтардың тозу деңгейі облыс бойынша өткен жылы 35,88 пайыз болса, 2024 жылы 35,67 пайызға төмендеген.
Президенттің тапсырмасы негізінде, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесін медициналық қамтамасыз ету функцияларын Денсаулық сақтау жүйесінің қарамағына беруге байланысты, аталған мекемелер №5 Тараз қалалық емхананың құрамына кезең-кезеңімен, атап айтқанда 2022 жылдың 1 шілдесінен №67 мекемесі, ал қалған 4 мекеме 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап өткен. Мекемелерде жазасын өтеушілер саны 2803 адамды құрайды. Тергеу изоляторы мен қылмыстық атқару жүйесінің (№25, 26, 58, 59, 67) қызметіне 1 дана арнайы автокөлік сатып алу үшін 29 миллион теңге облыстық мәслихаттың 2024 жылы 28 маусымдағы №15-5 шешімі бойынша қолдау тауыпты. Сонымен қатар, жалпы соммасы 25 684 200 теңге тұратын медициналық қондырғылар, яғни 1 электроэнцефалограф, 2 дефибриллятор, 3 электрокардиограф, 1 спирометр жергілікті бюджет арқылы сатып алынған.
Алдағы 2025 жылға 41 миллион 540 мың теңге көлемінде мекемелердегі медициналық бөлімдерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тапсырыс берілген.
ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ТЕКСЕРУ ЖОСПАРҒА САЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Халық даналығында «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген нақыл бар. Ал, аурудың алдын алу үшін ешқандай сырқатсыз-ақ уақтылы дәрігерге қаралып, тексеріліп тұру аса маңызды. Халықтың денсаулығын тексеріп тұру медицина саласында арнайы жоспарланады. Айталық, облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңіріміздегі шалғай елді мекендердің тұрғындарын қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 10 жылжымалы медициналық кешенмен биыл 289 елді мекендегі 131753 адамды медициналық тексерумен қамтуды жоспарлаған. Айта кетейік, аталған кешеннің құрамында 2 – КАМАЗ, 8 – автобустық мамандандырылған көлік бар. Осы кешен арқылы биылғы 10 айда 38981 диагностикалық зерттеу, 7134 зертханалық тексеру, 136432 бейінді мамандардың консультациясы көрсетілген. Тексеру барысында 5892 науқас анықталып, оның ішінде 2602 науқас МСАК ұйымына есепке алынған, оның 193-і бала.
Сонымен қатар, жоспарға сәйкес, скринингтік тексерулер де жүргізілуде. Биылғы 10 айда жүрек-қан тамыр аурулары бойынша 88066 тұлға жоспарланып, 86996 адам тексеруден өткізілген. Нәтижесінде 7076 тұлғадан ауру анықталып, бәрі диспансерлік есепке алынған. Қант диабетінен 88066 жоспарланған тұлғадан 86996 тұлға тексеріліп, 1059 адамнан ауру анықталып, диспансерлік есепке тіркелген. Сол секілді глаукома бойынша 170 адамнан ауру анықталған. Биыл сүт безі обырын ерте анықтауға 51420 әйел жоспарланған, 10 ай ішінде 49311 әйел маммографиядан, жатыр мойны обырын ерте анықтауға 45 979 әйел цитологиялық зерттеуден өткен. Облыста әйелдер саны – 589331 болса, оның ішінде туу жасындағы, яғни фертильді жаста 257881 келіншек бар. Биылғы 10 айда ана өлімінің 2 жағдайы тіркелген. Ал, нәресте өлімі өткен жылдағыдан 0,3-ке төмендепті.
Әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша айтар болсақ, туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 9,1 пайызға төмендесе, осы дерттің салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 122 пайызға кеміген. Қатерлі ісіктерден болатын аурушаңдық көрсеткіші 0,6 пайызға төмендегені қуантады.
Әрине, қауіпті дерттерге шалдығушылық пен өлім-жітімнің азаюы да медициналық қызмет сапасының жоғарылап келе жатқанын көрсетсе керек.
ТЕГІН ДӘРІЛЕР ТИІСТІ НАУҚАСТАРҒА БЕРІЛУДЕ
Амбулаториялық деңгейде 2024 жылдың 10 айдағы көрсеткіші бойынша облыс тұрғындарын дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мақсатында 37 нозология бойынша «СҚ-Фармация» Бірыңғай дистрибьюторынан 9,9 миллиард теңгеге 467 атаулы, 48 миллион 850 мың 953 данасында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар келіп түскен. Бүгінде облыс бойынша жазылған 722157 рецептісімен 8,7 миллиард теңгеге науқастар қамтамасыз етіліпті. Сонымен қатар, амбулаториялық деңгейде жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1,041 миллиард теңгеге 76 науқас, оның ішінде 32-сі бала, орфандық диагнозы бар науқастар қажетті дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілген.
Биыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы қол жеткізген игіліктерді де атап өтелік. Ақпан айында облыс бойынша денсаулық сақтау саласында стационарлық көмекті жетілдіру бойынша жауапты үйлестірушілер бекітіліп, кестеге сәйкес аудандарға шығып, шеберлік сағаттарын өткізіп, бейінді мамандардың кеңестері берілген. Денсаулық сақтау министрлігінің «Инновациялық технологияларды енгізу» туралы бұйрығының негізінде Үздік тәжірибе орталықтары құрылып, бүгінде Меркі, Жамбыл, Талас, Қордай аудандық орталық ауруханаларында және Тараз қалалық №2 және 5 емханаларда іске қосылып, жұмыс атқаруда. Денсаулық сақтау саласының «Ақылмандар кеңесінің» құрамы бекітіліп, саладағы өзекті мәселелер шешімін тауып келеді. Медициналық ұйымдарда «Қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс» тетігі жобасы (МИОМОС) енгізіліп, халықпен тығыз жұмыс орнатылған. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының «Ахуалдық орталығы» ашылды. Сонымен қатар, барлық медициналық ұйымдарда науқастарды қолдау CALL орталығының қызметі жұмыс атқарады.
Қамар ҚАРАСАЕВА