Қола дәуірінің қолтаңбасы
Талайғы тарихтың куәсі болған Жамбыл өңірі ұлттық діңгегіміздің алтын қазығы екені анық. Екі мың жылдан астам уақыт аралығында аумақта елдігіміздің құндылықтары болған төл тарихымыз, мәдениетіміз бен өркениетіміз қалыптасты. Ежелгі заманда дін мен ділдің, тарих пен тағылымның, сауда мен қолөнердің орталығы болған, бүгінде маңызды экономикалық ел аумағы саналған өлке қайнаған тіршіліктің өзегін танытып, бай мұрасы арқылы тарих пен тағылымның үлгісін көрсетіп келеді. Өңірдегі осындай айшықты жәдігерлердің бірі петроглифтер десек, оның ішінде Қарасай петроглифтерінің орны ерекше екені белгілі.
Аталған тарихи ескерткіштер кешені Ақбұлым ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 5,7 шақырым жерде, Қарасай шатқалында орналасқан. Жартастағы алғашқы суреттерді 1896 жылы Түркістан тарих әуесқойлары қоғамының археологиялық экспедициясы тапты.
Мұнда суреттер шатқалдың орта тұсындағы биік жартастарға, аздаған бөлігі қырдағы тастардың тегіс бетіне салынған. Жартастарда тауешкі, бұғы, елік, түйе, бұқа, адам бейнелері қашалған. Бұқа, түйе бейнелері ірі көлемді нүктелеу тәсілімен салынған. Басқа да аңдардың нобайлы бейнелері білінеді. Тастың беттерінде отыздан аса суреттер кездеседі. Қарасай петроглифтерінде культтық көріністер, адам мен жабайы аңдардың аңшылық іс-әрекеттері сомдалған. Тауешкілердің артқа қайырылған үлкен мүйіздерін тас бетіне шеберлікпен бейнелеуіне қарағанда олардың киелі аңдар қатарына жатқызылғандығын көреміз. Суреттердің арасында түйе бейнелері де кездеседі. Түз тағыларынан қабан, ұзын құйрығы қайырылып тұрған түлкі, қасқыр, қазіргі үй жануарларынан аумайтын ойсыл қараға жататын бір топ бұқалардың суреттері асқан шеберлікпен бейнеленген.
Сонымен қатар, тастағы суретте алдыңғы екі аяқтарын көтеріп, шабысып, өз үйірлерін қорғап тұрған мығым денелі арғымақтардың суреттері нағыз шынайы көрініспен бейнеленген. Суреттердің мазмұнына арқау болған тұрмыстық заттар, жануарлар мен құбылыстардың барлығы қасиетті саналған. Түз тағылары мен төрт түлік иесін құрметтеу, қару-жарақты кие тұту нышандары қазақ халқының дәстүрлі наным-сенімдерінде әлі күнге дейін сақталған. Қарасай шатқалындағы петроглифтердің ішіндегі құнды суреттер қатарына жататын петроглиф – күн басты Сібір бұғысы. Жанрлық композиция арқылы салынған бұғының суреті ежелгі қола дәуірінен бізге жеткен бейнелеу өнерінің қайталанбас туындысы саналады. Аң стилі негізінде салынған сурет – шынайы бейнені сомдайтын өнер туындысы. Сонымен қатар, ежелгі көшпенділердің бейнелеу өнерінде кең таралған жылқы бейнесі де кездеседі. Жылқы – қашанда дала өркениетінің басты нышаны; мінсе көлік, жесе ас, шөлдесе сусын ететін қасиетті жануарлардың бірі. Сондықтан, жылқы ежелгі энеолит кезеңінен бері көшпенділердің өмірімен тығыз байланысты.
Осыған қарап сол уақытта аумақты қасиетті жер деп санағанын топшылауға болады. Яғни, мұнда адамдар түрлі ғибадат рәсімдерін өткізіп, құнарлы жер, сәтті аң аулау, ұрпақтары жөнінде дұға еткен. Жартастағы суреттер ежелгі тарихты көруге мүмкіндік береді. Мұндағы мүйізтұмсық немесе сусиырға ұқсайтын жануардың бейнесі де таң қалдырады. Яғни, мұнда бір кездері тұяқтыларды аулаған жабайы жануарлар өмір сүрген, бірақ біздің заманымызға жетпей, жойылып кеткен. Осылайша, төрт мың жыл бұрын Тараз маңында арыстандар мен жолбарыстар, бұғылар жүргенін, адамдардың жабайы түйелерді қолға үйреткенін сеніммен айтуға болады.
Қола дәуіріндегі адамдар мифологиялық ойлау сатысында болды, олар үшін өмір табиғаттың қайталанатын циклдерінің өзгеруін білдірді. Көктемгі күн мен түннің теңелуі, жер жырту, егін жинау, мал бағу, қыс – содан кейін қайтадан көктемгі жылы күннің келуі – бұл үйлесімді бұзбау үшін олар құдайларға құрбандық шалып, дұғалар мен арнайы рәсімдер жасау керек деп ұйғарған. Бұл рәсімдер таулы шатқалдарда, қасиетті бұлақтар мен өзендердегі арнайы қасиетті орындарда жасалды. Қарасай шатқалы да мыңдаған жылдар бұрын осындай киелі орынның бірі саналған десек қателеспейміз.
Бір қызығы, шатқалдан бірнеше шақырым жерде Ұлы Жібек жолының аумағы жатыр, ал шатқалдың жанындағы жолдардың бірі қазір Қазақстан мен Қырғызстанды байланыстырады. Өкінішке қарай, кешеннің байырғы сауда жолына жақын орналасуы да ұзақ жылдар бойы вандалистік әрекеттерден құтқара алмады. Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша, суреттері бар жартастардың жекелеген бөліктері шағылып, белгісіз бағытқа әкетілген жағдайлар көп болған. Десек те, соңғы уақытта жағдай жақсы жаққа бет бұра бастады. Жергілікті белсенділер мен ғалымдардың бірнеше рет үндеуінен кейін шатқал ақыры тазартылды. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырау қаласында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында төл тарихымыздағы теңдессіз нысандарды сақтау жөнінде сөзі де себепкер болды.
Осы бастамадан соң кешенге барар жолда белгілер қойылды, тас борпылдақтары бар ең қауіпті жерлер қоршалды, ал суреттердің бөлек топтарына берік металл баспалдақтар жасалды. Қоқыс жәшіктері, демалуға арналған орындықтар, сондай-ақ ақпараттық тақтайшалар орнатылды. Мұның бәрі туристердің петроглифтерді тамашалауын қауіпсіз етіп қана қоймайды, сонымен қатар шатқалға ескерткіш көрінісін қалыптастырды. Сонымен бірге, кешен биылдан бастап мемлекет қорғауына алынды.
Тарихшының айтуынша, облыстағы петроглифтер біздің заманымызға дейінгі II мыңжылдықтан бастап ары қарай – біздің заманымыздың орта ғасырларына тән. Жалпы облыс аумағындағы тауларда ондаған мың үңгір суреттері сақталған. Тянь-Шань жоталары, Қаратау және Алатау арасындағы Талас алқабында алғашқы адамдар шамамен миллион жыл бұрын пайда болған деп есептеледі. Өлкенің бай тарихы көптеген қорғандарда, ежелгі тұрақтарда, қалашықтарда, тас мүсіндерде көрініс тауып, ашық аспан астындағы музейге айналған. Жалпы ел аумағындағы таңбалы тастар сонау қола дәуірінен басталады. Петроглифтерді түсіну үшін зерттеуші археология, тарих, этнография, геология, өнертану және мифология салаларынан хабардар болуы керек. Елімізде таңбалы тастарды зерттеумен тарихшы-археологтар А.Медоев, Б.Әубәкіров, А.Марьяшев, А.Рогожинский, З.Самашев секілді ғалымдар айналысып келеді. Айта кетейік, аймақта петроглифтері бар тарихи нысан саны жүзге жуықтайды.
Бүгінде Қарасай шатқалы туристік сапарлар мен мектеп экскурсиялары үшін танымал орынға айналған. Мұнда туристер табан тіреп, оқушылар ежелгі дәуірді тамашалап, өлкетану сабағын өткізеді.
Нұрболат АМАНБЕК