Сыры бөлек Сұңқайты
Қазақтың байтақ даласы – талай тағдырға куә, тұнған тарих. Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін жеріміздің қай қиыры да қойнауына қат-қабат құндылықтарды бүккен. Өз өңіріміздегі бүгінде Т.Рысқұлов ауданына қарасты Сұңқайты жазығы да сонау замандарда жаудың табанынан тазарту үшін баһадүр бабаларымыздың жанын сала шайқасқан жері. Ел ішінде кейініректе Сұңқайты аталып кеткен бұл мекенді жаудың бетін қайтарған шайқас өткен жер болғандықтан Сұмқайтты деп атаған екен.
Ұлтымыздың бүгінге дейінгі бастан кешкен тағдырында жоңғармен болған шайқас ең қасіретті оқиға екенін тарихтан білеміз. Сол тарих беттерін парақтасақ, Әбілқайыр хан бастаған қазақ жауынгерлері жоңғарларды тықсыра қуып, жеңіске жеткен аймақ Әбілқайыр даласы, Сұмқайтты жазығы деп аталыпты. Бұл туралы археолог, этнограф Сауран Қалиев нақты деректерге сүйене отырып, әңгімелеп берді.
Бұл тарихи дерек тек археологиялық қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлермен, терең зерттеулермен ғана расталып қоймай, сол замандағы оқиғалар көлемді көркем шығармаға да арқау болып, бүгінгі ұрпаққа жетті. Біз бұны да этнографтың сөзінен аңғардық.
Кей деректерге сүйенсек, Сұмқайтты жазығында біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдан бастап-ақ жұрт қоныстанған көрінеді. Оған негіз болғаны – сол маңайдан табылған ежелгі қорымдар мен обалардың көптеп кездескені. Ал, тарихшылардың зерттеуіне қарасақ, мұнда VI-IX ғасыр аралығында өмір сүрген түркілердің ғибадаттары мен балбал тастар да аз емес. Сондай-ақ, шығыстанушы, Әулиеата қаласының белгілі зерттеушісі Василий Каллаур және шығыстанушы, археолог Петр Лерхтың жазбаларынан да Сұңқайты мекенінде бертінге дейін елдімекендердің болғанын кездестіреміз. Василий Каллаурдың жазбаларына қарағанда, жоңғар шапқыншылығында шейіт болған әскерлерді Әбілқайыр осы жерде жерлеген. Қазіргі уақытта да бұл маңайда Мыңмола, Мыңшейіт деген атаулар бар. Бәлкім, Әбілқайыр жерлеген шейіттерге мәңгілік мекен болғандықтан осылай аталып қалған болар.
Қазіргі Сұңқайтының сырын ақтарсақ, күллі елге өнеге болар отаншылдық, ортақ шаңырақтың азаттығы мен болашақтың қамы, елдің бақыты үшін жүзге, руға бөлінбей, бір тудың астына бірігіп, жауға қарсы тұрған бірліктің үлгісін табамыз. Жұдырықтай жұмылумен жеткен жеңістің құнын сезінеміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА