Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
Жыл басынан бері өңірімізде экономикалық өсім 104,1 пайызды құраған. Аталған көрсеткіш өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үй, сауда, көлік және байланыс салаларындағы өсім есебінен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, есепті кезеңде негізгі капиталға 415,4 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте кеңінен айтылды. Сондай-ақ, жиын барысында 2024 жылдың қаңтар-қараша айларындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, бюджеттің атқарылуы мен жыл қорытындысы бойынша болжамдар жан-жақты талқыланды.
Басқосуда ең әуелі сөз алған облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева облыс экономикасындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Жалпы, өнеркәсіп саласында жыл басынан бері 814,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім тау-кен өндіру саласында 1,3, электрмен жабдықтау саласында 16,9, сумен жабдықтау саласында 9,5 пайызға артқан. Ал, ауылшаруашылығы саласында 454,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, бұл көрсеткіш мал шаруашылығындағы өнім көлемінің 2 пайызға көбеюі есебінен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, есепті кезеңде құрылыс саласында да айтарлықтай өсім байқалған. Айталық, осы жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 239,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 18 пайыз өсім көрсеткен. Сондай-ақ, 635,7 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне беріліп, бұл көрсеткіш 4,7 пайызға өскен. Сауда айналымы 871,1 миллиард теңгені құрап, 2,8 пайызға, оның ішінде бөлшек сауда айналымы 3,9, көтерме сауда 1,5 пайызға ұлғайған. Өңірде көлік қызметтерінде де оң өзгеріс орын алған. Мәселен, көлік қызметтерінің көлемі 540,5 миллиард теңгені құрап, бұл көрсеткіш 111,7 пайызға өскен. Оның ішінде, жүк тасымалы 10,8, жүк айналымы 6,2, жолаушылар тасымалы 14,9 және жолаушылар айналымы 18,8 пайызға артқан.
Жиында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларын да жеке-жеке тыңдап, олардың әрқайсысына нақты тапсырма берді. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға көрсеткіштерді қолдан жақсартуға тырысу әрі басшылыққа жалған мәліметтер ұсыну секілді әрекеттерге қатаң тыйым салынатынын ескертті. Ол өз сөзінде нақты деректер негізінде жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтіп, барлық есептердің мұқият тексерілетініне айрықша тоқталды. Аймақ басшысы кез келген көзбояушылық әрекет облыстың дамуына кері әсер ететінін, осы себепті шынайы әрі тиімді жұмысты қамтамасыз ету үшін жауапкершілікті күшейту қажеттігін баса айтты.
Басқосу соңында облыс әкімі өңір экономикасының тұрақтылығын сақтау мен көрсеткіштерді жақсарту мақсатында аудан әкімдері мен басқарма басшыларына нақты шаралар қабылдауды міндеттеді. Аймақ басшысы жамбылдықтардың әл-ауқатын арттыру мен инвестициялық тартымдылықты күшейту бойынша кешенді жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табатынын жеткізді.
Есен ӨТЕУЛІ