Мойынқұмнан ән самалы ескен күн
Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында әнші- композитор Болатбек Әбішевтің «Мойынқұм жырлайды» атты шығармашылық кеші өтті. Бұл ән мерекесі өмірінің елу жылын өнерге арнаған кеш иесінің 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Кеште ақын-сазгердің «Мойынқұм – алтын бесігім», «Абайым», «Ақбота», «Нағашы», «Таразым», «Ақ тоқты», «Алты Алаштың Елдосы», «Айтеке», «Сағыныш», «Батыр Қайрат», «Гүлім», «Шәмшінің әні», «Алматым», «Наурыз жыры», «Орхидеям», «Жеңіс келді», «Көріктім», «Ауылым», «Ұлы дала», «Ата қоныс – Мойынқұм» әндері шырқалды. Бұл әндерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков бастаған «Тараз» триосы, бас қаладан арнайы келген «Астана» тобы жоғары шеберлікпен елге ұсынды. «Ақ кербез» би ансамблінің өнері, «Алатау» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуі концерттің ажарын аша түсті.
Ал, сахнаға елімізге кеңінен танымал әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров шыға келгенде жиналған көпшілік ерекше әсерге бөленгені анық. Астана төрінен келген танымал жерлесіміздің туған жерге деген сағынышы, кеш иесіне деген шынайы құрметі байқалып тұрды. Іс-шара барысында Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев, «Әулие ат а шайырлары» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Мұхит Есіркепов сөз алып, композитордың сырлы әндерінің өміршеңдігіне тоқталып, шапан жауып, құрмет көрсетті. Сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі әкелінді.
Іс-шара соңында Болатбек Әбішев сөз алып, қонақтарға және барша көрерменге алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ