«Бақытсыз Жамал»
Азаматтық қоғам мен демократия туралы ой өрбіткенде теңдік мәселесін де айналып өте алмаймыз. Әсіресе, азаттыққа ұмтылған Алашордашылар кезеңінен бастау алған қазақ әйелінің теңдігі де дәуірлер бойына маңызды мәселе ретінде күн тәртібінен түспей келеді. Қазақ әдебиетінің классикалық кезеңінде де бұл бағытта жазылған шығармалар қатары аз болған жоқ. Б.Майлин, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов секілді жазушылар өз туындылары арқылы теңсіздікке тап болған қазақ әйелінің типтік бейнесін қалыптастырса, соғыстан кейінгі модернистік әдебиетте Ш.Мұртаза, О.Бөкей арқылы сұрапыл жылдардың салқыны өткен «жесірлер антологиясы» пайда болды. Тіпті, әдебиетіміздің алғашқы романы да осы бағытты қамтыды.
ХХ ғасыр басында қазақтың кез келген ауылына, кез келген шаңырағына таныс, түсінікті, ортақ, етене сипаттары бар, жалпылық мәнді жайттарды қозғаған шығарма Алаш ардақтысы М.Дулатұлының 140 жылдығына орай А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында сахналанды. Әлеуметтік-қоғамдық өмірдің маңызды арналарын адам тағдыры, қоғамдық тартыс арқылы көрсетуді мақсат етіп, ой, идеяны ашық публицистикалық түрде емес, бейнелер, образдар арқылы, көркемдік тәсілдермен жеткізген шығарма театр тілінде де өз биігінен көрінді.
Екі актілі, траги-фарс жанрындағы туынды сахна форматында өткен мен бүгінгіні барынша ұштастыруға тырысқан. Мұны Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының режиссері Мейрам Хабибуллиннің жаңашылдығы деп қабылдауымызға болады. Туындының негізгі сюжет желісі басты кейіпкер Жамал тағдырымен сабақтас өрбіп отырады. Бірінші бөлімде оның туғанына дейінгі кезең анасы Шолпан тағдыры арқылы дамиды. Автор нұсқасында көп айтыла бермейтін осы кейіпкер спектакльде барынша ашыла түскен. Мұнда ол ескіліктің құрбанына айналған адам ретінде өзі сезініп- білмеген таза махаббат пен еркіндікті қызы Жамал барынша танып-білсе, терең сіңіріп өссе дейді. Ал, оның Сәрсенбайға әйел үстіне жастайынан тоқал болып тиген қилы тағдырын театр актрисасы Қымбат Жамаш шебер актерлік ойынымен алып шықты.
Ал, екінші акті Сәрсенбайдың 45 жасында сүйген сәбиі Жамал арқылы өрбиді. Шығармада суреттелген заман өзгерістері қазақ ауылына да жаңалық әкелген. Соның бірі – қолға молда ұстап, балаларға хат таныту, кітап оқыту. Осындай әрекетке кіріскен адамның бірі – Сәрсенбай. Алақанға салып еркелетіп, тіпті ұл балаша киіндіріп қойған Жамал молдадан бес-ақ ай оқыса да, тез сауаттанып, қара тану үстіне, қисса-жырларды заулатып оқып, ауыл- аймақты аузына қаратады. «Сал-сал», «Қыз Жібек», «Зарқұм», «Қисса уақиға Кербала», «Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны», «Ноғай мен қазақтың айтысқаны», – бұларды оқу, жаттап алу, жұрт алдында айтып беру арқылы Жамал өзінше бір әдемі, сұлулық, көркемдік мектебінен өтеді. Ата-ана, ауыл-аймақ, дәстүрлі салт-сана әсеріне қоса, кітаби тәрбие жаңа буынның өкілі болып жетіле бастайды. Өзі де жанынан өлең шығаратын дарынды бойжеткен болып көзге түседі, зеректігімен, ақыл- көркімен, шешендігімен ауызға ілінеді. Дегенмен бәрі Сәрсенбайдың мал шығындап болыстыққа түсуімен күрт өзгереді. Оны бұл іске итермелеген де ауылдың жағымпаздары еді. Осы сәт спектакльде режиссерлік шеберлікті шынайы таныта түскен. Режиссер өз тарапынан кейіпкерлер арасындағы диалогты дамытып, бүгінгі қоғамдық көріністермен байланыстырған. Мәселен, Сәрсенбайдың болыстыққа түсер алдындағы «Бір халық, бір мүдде, бір ауыл» ұстанымда екендігін танытуы, болыстығын үздік он болыстың қатарына қосуға бар күшін салатындығы бүгінгі сарындағы бастамалардың жай-күйінен хабар береді. Ал, дәрігердің өгізаяңдап келіп, зып беріп жоғалып кетуі де қоғамдағы ащы шындықтың бір ұшын көрсетеді.
...Ақыры айналасындағылардың бір күнде теріс айналып, опық жеп, жұрт көзінде жерленгендей күйге түскен Сәрсенбай қайтсе де, есе қайтармақ, қанша байлық шашса да, бәрібір тағы да додаға түспек. Осы сапарда өзіне тілектес іздейді, осы сапарда қандай құрбандыққа да бармақ. Сөйтіп, бұрын момын, жуас, қақсоқпен шаруасы жоқ қоңыртөбел жан енді билік үшін, дәреже үшін неге болса да белін буады.
Сол арқылы автор Сәрсенбай санасындағы жаңа өзгерісті сенімді көрсетеді. Өзіне жақтас іздеген мансапқордың тапқаны болыстың құдасы – сөзінен де, ісінен де, жолынан да, қолынан да келетін, артына ерткен тобы бар – Байжан, соның қолдауымен билікке жетуді іштей есеп қылады. Сондықтан, Байжанның ақылсыз Жұман деген баласын Жамалға құда түсуіне қарсы болмайды. Мұны бәйбіше мақұлдайды, туған шеше Шолпан наразылық көрсетеді. Бірақ Сәрсенбайдың келіскені – келіскен.
Осылайша, көкпарға түскен қыз ғұмыры Қарагөздің, Қамар сұлудың, Шұға мен Ақбілектің тағдырын қайталайды. Жамалдың мойнына қыл тұзақтай болып, бұрынғы жақсы күндер көрген түстей ғайып болады. Қайғылы, азалы, мұңлы шақ. Сорлы анасы Шолпаннан өзге қол ұшын берер ешкім жоқ. Билік арманы ес-ақылын билеп алған әкесі Сәрсенбайды тоқтатар күш жоқ сияқты. Сөйтіп, у жұтып, запыран құсып, дерттеніп:
Мен қайран атам малға сатқанына,
Бір тазды жалпақ елден тапқанына.
Аты өшіп, тумай кеткір Жұман деген,
Мал беріп мені өзімсіп жатқанына, – деп көздің жасын көлдетіп жүргенінде, бір тойда жас, оқыған, сыпайы, сұлу жігіт Ғалимен танысады. Ол сол кездегі жігіттің эталоны саналған, оқыған, тоқыған азаматтың бірі еді. Мұны ауыл қыздарының жігіттерге қарата айтқан «Сендер той-тойлап, сауық құрып, әйелдердің әңгімесінен әрі аспағанда ол ел кезіп, білім оқыды. Елдің балаларын сауаттандырып, көздерін ашты» деген әңгімесінен аңғаруға болады. Алайда, қоғамдық принциптерді талқандап, қашып шыққан екі жастың қуанышы ұзаққа созылмады. Олардың аяғына тұсау салған да Маркес пен Оруэльдің, Булгаков пен Оралханның шығармаларына тән қоғамның қараңғылығы мен жалғыздығы еді.
Бұл кешегі колонистік елдер мен социалистік идеялардың буына тұншыққан мемлекеттердің барлығына тән құбылыс. Мұндай елдерде «тәуелсіздік», «еркіндік» ұғымы ең қымбат байлық ретінде шектен тыс дәріптеліп, одан айырылып қалу қалпы үнемі қоғамның есіне салынып отырады. Сол арқылы еркіндікті сақтаймыз деген желеумен билік пен басшылық бір ортаға шоғырланып, ең қымбат саналған қасиет жеке адамдардың өзіне де қолжетімсіз кейіпке енеді. Осы арқылы халық Вольтердің айтқан: «Екі адамның дауласып қалған жерден өркениет басталды» дегенін жоққа шығарады. Өйткені, түрлі саяси режимдер, дәуірлер қалыптастырған қоғамдық принциптер адам еркіндігін толыққанды түрде сезінуге, сол арқылы пікірлер алуандығын қалыптастырып, дискуссия жүргізуге мүмкіндік бермейді. Ал, Жамал өмір сүрген кезең – қазақтың өз билігі өзінен кеткен, орамалы бес жүз жорға тұрар сұлулардың дәуірі оралмасқа бет алған, далада ой емес, қой бағалы болған, сөз емес, бөз қадірі артқан, өлермен күшеншектік салтанат құра бастаған дәуір еді.
Шығармада әртүрлі әлеуметтік ортаның өкілдері, түрлі мінездер қалыбы төбе көрсетеді. Әрине, көлемі шағын туындыда қилы характерлер, сом тұлғалар жасау мүмкіндігі де аз. Дегенмен, мұндағы Жұман рөлі де айтарлықтай үлкен жүк арқалайды. Ол қойылымда Дулатовтың Жұманынан өзгешелігімен, өзіндік ой айта алатын ерекшелігімен бөлектене түседі. Ал, кейіпкердің күрделі болмыс-бітімін жас актер Азамат Тұраров барынша жоғары деңгейде алып шыққан деуімізге болады. Әсіресе, қойылымның шарықтау шегіне келген тұста Жұманның нөпір халыққа қарата: «Сендер емес пе, мені мықты деген», – деп ыза-кектен буырқана, жанұшыра айқай салуы қалың көпшіліктің санасына оның да қоғамдық сананың, тобырлық инстинктің құрбаны болғандығын аңғартқандай еді. Кейіннен кейіпкердің эпилог орнына айтылып, «Сіздер де Жамалды Жұман өлтірді деп ойлайсыздар ма?», – деп көрерменге сұрау салуы ойдың шынайылығын айқындай түседі. Иә, Жамалды өлтірген де, Жұманды озбырлыққа итермелеген де қоғамның қателігі болатын.
Бас-аяғы үш сағатқа созылған туындыда театрдың қоюшы-суретшісі Айгерім Амангелдінің де өзіндік қолтаңбасы көрініс тапқан. Бұған дейін «Құсалық», «Мәңгілік бала бейне» секілді сом туындыларды декоративтілік тұрғыда қамтамасыз еткен маман «Бақытсыз Жамалда» қанқызыл түстес шымылдық пен шынжырға құрсауланған қыз бейнесі секілді детальдар арқылы әйел затының әлеуметтік теңсіздігі тұрғысынан хабар береді. Десек те, шығарманың 1910 жылы жазылғанын ескерсек, қойылымда Кеңес дәуіріне тән «дәрігер» терминінің көрініс табуы, сол дәрігердің бүгінгі заманға сай портфельмен шығуы, сонымен бірге спектакльде бір саундтректің 5-6 мәрте қойылуы секілді сахна ауанын құбылтқан кішкене ғана детальдар шығармашылық құрам тарапынан назарға алуды қажет ететіндей.
Бұдан бөлек, қойылымның тағы бір ерекшелігі – режиссердің жас актерлерге көптеп мүмкіндік беруінде. Спектакльде басты кейіпкер Жамал бейнесін жас актриса Аяна Өмірбек сомдаса, ғашық жігіті Ғалиды театрдың жас актері Елдос Ақылов, Ғалидың анасын Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Майра Әлімбетова ойнайды. Ал, Байжан кейіпкерін театрдың белді актері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков, ал Жұманның анасы образын Мәдениет саласының үздігі Галина Қойшыбаева, Қалампыр рөлін театрдың дарынды актрисасы Ризат Қылышбаева, Сәрсенбай образын театрдың талантты актері Абзал Дәулетбақов, ал Ғазиз молданы жас артист Ғани Біржан сомдайды.
Ескі әдет-ғұрыптың тұтқыны болған қазақ қызының тағдырын суреттеген туынды осылайша бүгінгі болмысымызға бір сәт назар аударуға шақырады. Сол арқылы көрерменге ой салып, өткеннің өткізіп алған қателіктерінен сабақ алуды мақсат тұтады.
Нұрболат АМАНБЕК