Жарқырап шаһар шыршасы
Тараз қаласындағы «Көне Тараз» этно-мәдени кешенінде Жаңа жылдық шыршаның шамын салтанатты түрде жағу рәсімі өтті. Іс-шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасарлары Гүлдана Жауынбекова мен Нұрсұлтан Исабеков және шаһар тұрғындары қатысты.
Көңілді кеш барысында Аяз ата мен Ақшақарлар, он екі жыл атауларының және ертегі кейіпкерлерінің киіміндегі өнерпаздар көпшілікке ерекше әсер сыйлап, түрлі қойылымдар көрсетті. Бұл күн көпшілікке және балаларға ерекше жақсы көңіл-күй сыйлады.
Жалпы, биыл көне шаһарда Жаңа жыл мерекесіне орай екі шыршаның шамы жарқырайды. Бірі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті саябағына сән берсе, екіншісі «Көне Тараз» этно-мәдени кешеніне қойылды.
Сонымен қатар, қаланың 8 нүктесінде (облыстық әкімдік алды, орталық алаң, «Көне Тараз» этно-мәдени кешені, ҚР Тұңғыш Президенті саябағы, «Жеңіс» саябағы, «Ұлы Дала» (15) шағынауданы, теміржол вокза лы, «Мыңбұлақ» (9) шағынауданы) жаңажылдық фотозоналар («2025» жазуымен) орнатылады.
Қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында шаһар көшелері бойындағы талдарды, аркаларды жарық диодты жолақтармен жаңажылдық безендіру жұмыстары жүргізілді. Бұл бұрын пайдаланылған материалдарды ретке келтіру және қажет бөліктерінде ішінара жаңғырту арқылы іске асырылады.
Жарқыраған шырша шамдары Жаңа жылдық мереке кезінде Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлайтын болады.
Есет ДОСАЛЫ