Жамбылға электр жарығының жеткеніне жүз жылдан асты
Тарихтың тұжырымдамаларында 50 жыл бойы қазіргі қалалық электр жүйелері (ТГЭС) бастамасын сонау 1923 жылдан алған еді. Ол қазіргі Байзақ батыр және Төле би көшелерінің қиылысында бұрынғы су диірменінің орнында орналасқан.
Ол жерде қазіргі қаланың көшелеріне су себетін машиналар цистернасына су толтырып алады. Алғаш рет электр жарығын 1923 жылы ежелгі Аулие Ата қаласының орталығында Ташкенттен әкелінген трамвай динамо машинасы су диірменнің турбинасына айналдыру арқылы шығарылған екен. Бұл машинасының қуаты басында небәрі 300-400-дей электр шамдарын жағатындай 40 кВт-тай еді. Сонымен электр шамын жаққан қалалық электр станциясы осы кездегі Жамбыл облысының электр жүйелерінің тұңғышы болды.
Академик Чокиннің естеліктерінде сол кездегі Қазақстандағы барлық электр кешендерінің (станциялары) қуаты 2000 кВт-тан аспайтын еді. Көп жерлердің тұрғындары электр жарығы жөнінде мүлдем хабарсыз еді. Ал, Аулие-Ата тұрғындары электр жарығын өте аз пайдаланатын еді. Ескі Аулие-Ата қаласының тұрғындары о сы электр кешенінің айналасында орналасқандықтан электр жарығын пайдалана бастады. Мысалы, сол кезде қаланың орталығы болып саналатын аумақта электр тоғын пайдаланатын Олейниковтың лимонад цехы, Гершуновтың кондитер цехы, кішкентай кинотеатр, кішкене типография, кейін қосылған қалалық аурухана болды. 1926 жылы Аулие-Ата комсомол ұйымының қолдауымен қала орталық көшелерін электр шамдарымен жарықтандыруды қамтамасыз ету жұмыстары жолға қойылды.
Сонымен, Аулие-Ата қаласының орталық көшелерінің жарқырауына электр шамдары өте қатты әсер етті. Бұл іске сол кездегі қаланың жастар ұжымының басшысы, кейін станцияның басшысы болып сайланған Иван Кормушин көп еңбек сіңірді. Оған қаланың басшылары да көп көмек етті. Қаланың электр кешенін басқарған адамдар саны 22-ден асатын еді. Мен солардың 14 басқарушысымен қызмет жасадым. 1923 жылы ГОЭЛРО жоспарының 3 жылдығын тойлағанда қаланың энергетиктері соның құрметіне ескерткіш орнатты. Кейін алып тастаған. Осы жерде энергетиктерге бір ескерткіш орнату қажет-ақ. Қазіргі қаланың басқарушылары осыны ескерсе дейміз. Маған «1939 жылы көктемде Кіші Бурыл колхозы Свердлов ауданында туғансың» деп анам айтушы еді. Бастауыш мектепті Кіші Бурыл ауылында бітіріп, жеті жылдық мектепте Құмжота ауылында оқыдым. Ал, он жылдық мектепті Жамбыл қаласындағы қазақ мектебінде бітірдім. Сол жылы мен Алматыдағы ауылшаруашылық институтының электро- энергетика факультетіне түстім.
Содан кейін Жамбыл қаласындағы қалалық электр жүйесіне жұмысқа тұрдым. Қалалық электр жүйесінде алғашында мастер, одан кейін инженер, аға инженер, өндірістік- техникалық бөлімнің бастығы болып 50 жылдай қызмет атқардым. 1969 жылы мені екінші рет әскер қатарына офицер ретінде шақырып, Қиыр Шығыстағы Кеңес одағы мен Қытай арасындағы Даманск аралында болған соғысқа шекараны қорғау үшін жіберді. Мен шекарада Благовещенск қаласының жанында танк полкінде қызмет еттім.
Осы соғыстан кейін мен Жамбыл облыстық электр жүйесіне қайта жұмысқа келдім. Себебі, қалалық электр жүйесі облыстық электр жүйесіне бағынышты еді. Мені Талас ауданындағы РЭС-ке жіберді. Екі жылдан кейін қалалық электржүйеге өндірістік техникалық бөлімінің бастығы болдым. Осы жерде 50 жылдай еңбек етіп, зейнетке шықтым.
Аймақтық электрлендіру жұмыстарында 1946-1952 жылдарында Асанбай Асқаров облыстық комсомол ұйымын басқара отырып көп еңбек етті. Ол облыстың шаруашылықтарындағы кішігірім су электр станцияларының салынуына басшылық етіп, әр ауданның комсомол ұжымының күнделікті есептерін тыңдап отырды. Мысалы, Жамбыл қаласының жанындағы шаруашылықтардағы Қапал, Сеңгірбай, Түйтеде су электр станциясының салынуын жоспарлады және оның орындалуын қадағалады. Қордай, Мерке, Луговой, Жуалы шаруашылықтарында да салынатын болды. Гидро электростанцияның салынуымен қатар бұл жерлерде 0,4-10 кВ электр жүйелері трансформатор пунктері салынды. Құмжота ауылында да электрлендіру болды. Ол кезде біздің Сталин колхозының басқарушысы Ян-Чун-Сик деген кісінің басқаруымен 1952 жылы электр шамын жаққан едік. Электростанция Өтеміс арықта 3-4 метр биіктіктен аққан суға салынды. Бұның бәрі үлкен энергетиканың келгеніне дейін облыстың электрофикациясының бастамасы еді. Алдымен 40 кВт электростанциялар, содан кейін 100-150 кВт дизель электростанциялары, одан кейін 250 кВт электро поездар жұмыс істеді.
Кеңесбай ЖҮНІСОВ,
энергетика саласының ардагері.
Құмжота ауылы,
Байзақ ауданы