Сегіз қырлы, бір сырлы
Көз алдымызда жүріп жатқан қазіргі мына мың құбылған өміріміздегі өзгерістер, аласапыран қоғам талай дүниені жаңартып, жаңғыртып жатыр. Оған сәйкес қазіргі адам мінезі де, өмірге деген көзқарасы да, тыныс-тіршілігі де белгілі өзгерістерге ұшырауда. Әр адам жасаған қызметімен, азаматтық тұлғасы мен адамшылық сипаты ел ішіндегі бет-беделімен сипатталады. Болмысы бөлек, ой-өрісі терең, беделді ғалым Өскенбай Мәдиевтің өнегелі өмір жолы осындай асыл мұратқа жауап беретіндігімен таңбалы, тағылымды.
Ғылымның қия жолында
Онымен кездескен сайын бойынан қарапайымдылық пен терең білімділіктің, зиялы ойдың, қазыналы қарттықтың ұшқынын сезінесің. Қазіргі ортада өзге түгілі, өзінің бала-шағасына, жақындарына қадірі жоқ кейбір шал- шауқандарды көріп көңіл құлазиды емес пе? Өскенбай аға қашан көрсең де сырбаз да салиқалы мінезімен, салмақты да ойлы әңгімесімен, зерделілігімен баурап алады. Ол ешқашан асып-таспайды, үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор. Осындай өмірден көргені мен біліп- түйгені мол зерделі кісілермен бірер сәт ой бөлісу де жанның бір рахаты, тіпті кейде жан дүниеңді баурап алады, рухыңды кемелдендіріп, мағыналы кездесуге іштей марқаясың. Хакім Абайдың «Естілердің сөздерін ескеріп жүрген адам өзі де есті болады» деген сөзі еріксіз еске түседі.
Ол – белгілі ғалым, өнегелі ұстаз. Оның өмірі мен ғылымдағы соқпақ жолын жақынырақ, толық білу үшін тайға таңба басқандай жазылған осы басылымға жүгіндік. Бірнеше қызықты мәліметтер кезікті. Әсіресе, «Ақ жол» газетінде (2015 жылдың 16 маусымы) жарияланған «Үлгілі ұстаз, білікті ғалым» атты мақала көп дерек берді.
«Ұстаз болу үшін үлкен жүрек, жайдары мінез, адами қасиет керек. Бойында осының барлығы табылған жан шәкірттің шырағын ашатын, білімде де, ғылымда да ұшпаққа шығаратын нағыз ұстаз бола біледі. Біздің кейіпкеріміз Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Өскенбай Мәдиевті нағыз ұстаздың қатарына қосуға болады. Әдетте, қазақ балаларының техникалық мамандықтарды таңдауға батылы жете бермейді емес пе?! Жастайынан білімге құштар болған Өскенбай Қабылбекұлы техника ғылымының әлеміне именбей қадам басты. Арыс қаласындағы №21 орта мектепті алтын медальмен бітірді. Одан кейін 1966 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын үздік дипломмен тәмамдады. Сол жылы әскерге алынып, азаматтық борышын өтеп, өзі бітірген оқу орнына кері оралды. Өз мамандығын жетік меңгерген жас маманды енді ғылым жолы, оның ішінде техника ғылымының қыр-сырына деген құштарлық жетелей берді. Осылай ол Мәскеу жеңіл өнеркәсібі технологиялық институтының (қазіргі Мәскеу технология және дизайн университеті) аспирантурасына жол тартты. Осында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен түбегейлі айналысты. Ғылым жөніндегі ұстазы, Кеңес Одағына және шетелге белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, КСРО-ның ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері, институт ректоры И.П.Страхов болды. Ол кісі бүгінде сол ұстазынан ғылым жағдайымен ақыл- кеңес алумен қатар өмірдегі көзқарасы мен ұстамынан да көп нәрсе үйреніп, өзіне үлгі тұтқанын айтады.
1971 жылы кандидаттық диссертациясын мезгілінен бұрын тапсырған Өскенбай Мәдиев Таразға оралып, өзі түлеп ұшқан Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында аға мұғалім қызметіне кірісті. Бұл уақытта жаңадан ашылып, жоғары оқу орны болған Жамбыл технологиялық институтында, сондай-ақ Қазақстанда, тері және үлбір технологиясы саласында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген еді. Жас ғалым Мәскеудегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын өзі оқып шыққан институтта қызу жалғастырды. Сөйтіп Өскенбай Мәдиевтің есімі тері және үлбір технологиясы саласындағы елімізде жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізін қалаушы әрі ұйымдастырушысы ретінде тарихта қалды. Ғалымның тікелей өзі және шәкірттерімен жүргізген ғылыми жұмыстары негізінде уақыт өте институтта тері және үлбір технологиясы проблемаларын зерттейтін ғылыми мектеп қалыптасты. Өскенбай Қабылбекұлының басшылығымен осы ғылыми мектептен 25 ғылым кандидаты мен 3 ғылым докторы диссертация қорғады.
Шәкірттері қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде, Алматы технологиялық институтында, Астанада және еліміздің басқа да ірі қалаларындағы жоғары оқу орындарында ұстаздық еңбек етуде. Ол 200-ден аса ғылыми мақаланың, 4 монографияның, 2 оқу құралының авторы және 44 авторлық куәлік пен патенттің иегері. Тағы бір айтатын жағдай, Ө.Мәдиев жеңіл өнеркәсіп технологиялары саласында Қазақстан мен Орта Азиядағы алғашқы ғылым докторы болды. Ол 1991 жылы Жамбыл технологиялық институтының ректоры болып тағайындалғаннан кейін оның төрағалығымен институтта тері және үлбір технологиясы мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғайтын арнайы кеңес ашылды. Институт ғалымдарының ғылыми еңбектерінің нәтижесін жариялау үшін «Механика және технология процестерін үлгілеу» журналы ашылып, оның бас редакторы ретінде Ө.Мәдиев бұл басылымның ғылыми ортада танылуына көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар, ол Мәскеуде шығатын «Известия вузов. Технология легкой промышленности» журналының көп жыл редколлегия мүшесі болды. Ғалымның есімі ТМД-дағы, сондай-ақ, шетелдегі әріптестеріне танылды. Соның арқасында ол Мәскеу технологиялық институтындағы докторлық диссертация қорғалатын арнайы кеңестің көп жыл мүшесі, диссертанттарға оппонент, олардың ғылыми жұмыстарына эксперт болды. Ғылым әлемі ғалымның енгізген жаңалығымен құнды. Өскенбай Мәдиев те тері және үлбір технологиясына бірнеше ғылыми жаңалықтар енгізді. Біріншіден, қазіргі заманда барлық әлемде былғары өндіру процесінде тері илеуге қолданылып отырған, бірақ қоршаған ортаға өте зиянды хром қосылыстарын, зиянсыз немесе зияны аз алюминий, цирконий және титан қосылыстары негізінде алынатын кешенді минералдық илегіштермен алмастыру технологияларын ұсынды және осы технологиялардың химиялық негіздемесін жасады.
1980-90 жылдары Ө.Мәдиевтің алюминий, цирконий және титан қосылыстарымен тері илеу технологиясы Қазақстанда (Жамбыл былғары аяқ-киім комбинаты), Белоруссияда (Могилев былғары комбинаты), Ресейде (Новосибирск былғары комбинаты) ТМД елдерінің көптеген өнеркәсіп орындарында қолданылды. Нәтижесінде былғары және үлбір технологиясына «кешенді минералдық илегіштерді алу және қолдану» деп аталатын жаңа ғылыми- практикалық бағыт енгізілді. Бұл жаңа бағыттың материалдары былғары және үлбір технологиясы мамандығы бойынша КСРО-да жоғары оқу орындарында қолданылатын оқулықтың ішіне енді. Екіншіден, тері технологиясы тарихында тұңғыш рет тері шикізатын консервация жасауда қазіргі заманда қолданылып отырған, қоршаған ортаға зиянды ас тұзын жерге, суға, егістікке пайдалы диаммонийфосфат минералды тыңайтқышымен алмастыруға болатынын дәлелдеді, диаммоний фосфатпен тері шикізатын консервациялау технологияларын жасады және осы процестердің химиялық негізін ашты. Қоршаған ортаны қорғау әлемдік деңгейдегі проблема екенін және бұл бағыттағы ғылыми жұмыстарды мемлекеттер мен қоғам тарапынан қолдау күшейіп келе жатқанын ескере отырып, автор бұл жаңалықтың кең қолдау табатын уақыты алда деп сенеді. Ө.Мәдиев ұстаздық ете жүріп, ғылыммен айналысып, білікті басшы да бола білді. Ол Жамбыл технологиялық институтында 1968 жылдан 1998 жылдың наурыз айына дейін табаны күректей 30 жыл еңбек етті, оның ішінде 13 жыл проректор, 7 жыл ректор қызметтерін атқарды. Ол ректор болып қызмет еткенде (1991-1998 жылдары) институт ғылыми-педагогикалық кадрлар құрамы, материалдық базасы, оқу сапасы жағынан республикада алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындарының құрамында болды. 1998 жылдың наурыз айында Тараз қаласындағы үш жоғары оқу орны бірігіп, Тараз мемлекеттік университеті (ТарМУ) болғанда бірінші проректор болып тағайындалды. 1998- 2002 жылдары Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице- президенті қызметін атқарды.
2002-2003 жылдары М.Х.Дулати атындағы ТарМУ- дың кафедра меңгерушісі, ал 2003 жылдан қазірге дейін Алматы экономика және статистика академиясының Тараз қаласындағы институтының ректоры, кейіннен өкілдігінің директоры қызметін атқаруда. Жаңашыл ұстаз мұнда да қашықтықтан оқыту технологиясын қолданудың бастамашыларының бірі болып, осы озық технологияны оқу процесіне енгізуге айтарлықтай үлес қосты. Кейіннен, Жамбыл институты АЭСА-ның Тараз қаласындағы өкілдігі болып өзгергенде, осы өкілдіктің заманауи компьютерлік техника және информатикалық қолданбалармен жабдықталған АЭСА-ның алдыңғы қатарлы құрылымы болуына көп еңбек сіңіруде. Өскенбай Қабылбекұлы облыстың саяси-әлеуметтік өміріне де белсене қатысты. Сонымен қатар, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да қызмет атқарғанда Түркістан қаласының 1500 жылдығының ұйымдастыру комиссияның мүшесі болып, бұл маңызды іс-шараны жоғары дәрежеде өткізуге атсалысты. Ғалымның бұл еңбегі ҚР Президентінің Алғыс хаттарымен, Қазақстан Республикасындағы ЮНЕСКО өкілдігінің Алғыс хатымен марапатталды.
Студент кезінде 1964 жылы «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен, сондай-ақ, «Қазақстанның тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Түркістан қаласына – 1500 жыл», «Қазақстан Парламентіне – 10 жыл» медальдарымен марапатталды. «КСРО- ның еңбегі сіңген өнертапқышы», «ҚР ғылымды дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгілерімен, ҚР Жоғары және орта арнаулы білім министрінің, Жамбыл облысы әкімінің және облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталды. Өзі туып-өскен Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданының Құрметті азаматы», – делініпті мақалада. Осының өзі көпшілікке ғалым туралы біраз мәлімет береді. Иә, Өскенбай Мәдиев елімізге танымал ардақты жан, дарынды ұстаз, терең білімді ғалым, білікті басшы.
Туған жерге деген махаббат
– Менің Әулиеаталық болып кеткеніме жарты ғасырдан асты. Айналайын Тараз өңірі киелі де қасиетті аймақ қой. Жері де, адамдары да керемет, кішіпейіл. Соған қарамай, кейде ой тереңінде жатқан туған жерге деген сағыныш «қалқып» шығады. Туып- өскен атамекенім қазіргі Түркістан облысында, Арыс қаласынан таяқ тастар жердегі Сырдың бойындағы «Тақыркөл» атты шағын ауыл болатын. Орта мектепті Арыс қаласында медальмен бітірдім. Арман қанатына мініп, білім- ғылым қуып киелі Әулиеатаға келіп, технология институтына мектептегі тиянақты білімімнің арқасында еш қиындықсыз түстім. Жолым болып ғылымды меңгердім, ғалым атандым. Көкейдегі өкініштің бірі – кіндік қаным тамған, көк ағашты ат қылып мінген, қызықты балалық шағым өткен туған ауылым Сыр бойындағы Көксарай су қоймасы астында қалды. Туған жерге, ата-анаға деген сағыныш кез келген адамның жүрегінің бір түкпірінде ұшқындап-лаулап тұрады емес пе. Сол туған ауылымның бүгіндері су астында қалғаны менің жанымды қатты мүжиді. Арыста туған інім Қуаныш тұрады. Тәубе, балалы-шағалы, өскен-өркендеген жанұя. Мезгіл-мезгіл сонда атбасын бұрып, әке-шешеме Құран оқытып, артта қалған қызықты жылдарымызды еске алып, көңілді бір демеп қайтамын. Бірақ, туған ауылға, қарашаңыраққа деген сағыныш жүрегімді қытықтып, сыздатып, тыныштық бермейді. Сірә, оны жеңу, емдеу мүмкін емес-ау деп ойлаймын, – деп кей сәтте Өсекеңнің мұңаятыны бар. Онысын түсінуге болар. Туған жердің топырағы да, ауасы да киелі. Туған жер – алтын бесік, жүрекке әркез ыстық, көңілге демеу, бойға қуат, жанға тіреу. «Дара тұлғаның бойына даритын көп қасиет осы туған өлкеден өрбісе керек. Қазақтың талай асыл да, абзал, кемеңгер тұлғаларын әкелген, төскейі төрт түлік малға, қойнауы қазынаға толы, қазы қаңқылдап, қонатын көлі, табиғаты сұлу ең бір шұрайлы өңір оның ойынан еш шыққан емес. Мәдиев тегі мен өскен ортасы бір- біріне сай келген, өмірде өзінің орнын тапқан тұлға десек артық айтқанымыз болмас. Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи сынды баба үмітін арқалаған, текті рудың алтын баулы жібін үзбей, өзек етіп, жалғастырып келе жатыр. Осындай өлкеде туып-өскен және небір атақты, ардақтылары туралы естіп өскен оның бойында сол ірілер мен даналарға, сол алыптар мен арыстарға деген құрметі мен ізеті, сүйіспеншілігі мен ілтипаты бала жастан-ақ қалыптасқан», – дейді замандас досы, Интеллектуалды ұлт қалыптастыру ҒЗИ директоры, профессор М.Нуриев.
Күй құдіреті
Бірде, сөзден сөз шығып, «АҚШ-тағы Лас-Вегас қаласындағы фонтанда қазақтың «Ерке сылқым» күйі таңсәріден ойнатылады екен. Қандай керемет! Жерлесіміз дүлділ, дәулескер күйші, шебер домбырашы Әбдімомын Желдібаевтың артында қалған өлмес өнері, классикалық дүниесі ту сонау шалғайдағы елде – мұхиттың арғы бетіндегі Америкада күмбірлеп тұрғаны шынында да таңғаларлық дүние» деп әңгіме қозғап, мақтаныш еттік. Сол сәтте Өскінбай аға сөзге қосылып: «Абыз күйші Әбдімомын ағаны мен өзімнің өнерімдегі ұстазым деп санаймын. Студенттік шақта ол кісі біздің оқып жүрген Жамбыл технология институтында ұлттық аспаптар ансамблін құрып, біраз жыл жетекшілік етті. Домбыраға әуестігім бала кезімнен болатын. Сол әуестік мені Әбекең жетекшілік ететін ансамбльге алып барды. Домбыра тартуды үйреніп, батасын алып, біраз жыл ансамбль құрамында өнер көрсеттім. Туған жері Шу өңіріне қызметке кетіп бара жатып, ансамбльді басқаруды маған тапсырып кетті. Өнерлі ағамның сенімін ақтауға тырысып, институтты тәмамдағанша сол ансамбльді басқарып, домбырада ойнап, елдің көңілінен шығып жүрдік, бірнеше рет республикалық өнер байқауларына қатысып, лауреат болғанымыз да ел есінде. Кейін қызмет бабына байланысты жұмыс көбейіп, домбыра тартуды азайттым.
Бірер жылдан кейін Әбекеңнің махаббат тақырыбында дүниеге әкелген әсем де әдемі, көңілге жағымды, жүрекке жылы «Ерке сылқым» күйі ел арасына тез тарай бастады. Сол күйді автордың өзінен үйренбек болып, уақыт тауып Шуға арнайы іздеп бардым. Әбдімомын ағамыз аса ризашылықпен қабылдап, ерінбей-жалықпай «Ерке сылқымды» үйретті. Соңғы күні «Е, жарадың, Өскенбай інім! Бұл күйді орындаудың қазіргі бір шебер домбырашысы болдың. Өнер айдынында қанатың талмасын!», – деп батасын беріп еді жарықтық. Өмірінің соңына дейін Таразға келсе хабарласып, ой бөлісіп, дидарласып тұру әдетке айналып еді. Әбдімомын Желдібаев ағамыз үлкен өнер ортасынан шет жүріп, өзі туып-өскен тарихы мол Шу өңірінде, ел ішінде жүріп-ақ артына өлмес із қалдырған талантты композитор. «Өнер – өлмейді» деген сөз, сірә, бекер айтылмаған болар. Оған өздеріңіз айтып отырған Лас-Вегастағы музыкалы фонтанда таңсәріден ойналатын қазақтың ғажап, жүрек қылын шымырлататын «Ерке сылқым» күйі дәлел. Біреу біледі, біреу білмейді, Шу қаласында сәл ертеректе қойылған «Ерке сылқым» ескерткіші бар.
Бұл еліміздегі өнерге арналған тұңғыш ескерткіш. 2024 жылы сәуірде, 90 жасқа қараған шағында Әбдімомын ағамыз өмірден озды. Жаназасына қатысып, қабіріне топырақ салдым. Жаны жәннатта болғыр ағаны құрметтейтін, сыйлайтын адамдар аз емес. «Жақсының аты өшпейді, ғалымның хаты өшпейді», деп қазақ тауып айтқан. Қазақ барда, оның өнері барда, классик күйші Әбдімомын Желдібаевтың жаңағы біз сөз етіп отырған «Ерке сылқым» күйі мәңгілікке қала береді», – деп тебіреніп еді. Бұл да Өскенбай ағаның тұла бойындағы кім болса содан табыла бермейтін бір қыры, өнерге деген сезімталдығы деп қабылдағанымыз жөн.
Ой құшағында
Оның зейінді азамат екенін әр әңгімесінен, ой-тұжырымынан, толғанысынан сезінесіз. Өнердегі біліктілігі жайлы жоғарыда сөз еттік. Енді тарих және филология саласына ат басын бұрсаңыз мұнда да қамшы салдырмайтынына көзіңіз жетеді. Әңгіме-сұхбат барысында Өсекең тек хакім Абайдың айтқан философиялық мәнді сөздерімен шектелмей, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің, ауыз әдебиетіндегі айтулы жыраулардың, есте қаларлық шежірелерді, сөзге жүйрік айтқыштардың аталы сөздерін еске алып, «тұздықтап» отыратын ой шеберлігіне тәнті боласыз. Қазақтың тарихын да еш тарихшыдан кем білмейді. Бұлар – қазақтың «Сегіз қырлы, бір сырлы азамат», дегеніне сай келетін көрнекті ғалым, өнегелі ұстаз Өскенбай Қабылбекұлының бойына табиғат берген сыйы. Оның философиялық ой пайымдарын, әділ пікірлерін тыңдап отырып, әркез оған сүйсіне қараймыз.
Өткен айлардың бірінде Өскенбай ағаның жүрегі аздап сыр беріп, кардиохирург-профессор Сейітхан Жошыбаев жетекшілік ететін медициналық орталықта ем-шара алғаны бар. Яғни жүрек тамырларына бірнеше стент салдырып, дертінен айығып, ортамызға қайта қосылғанда былай дегені бар: «Менің білгенім, жүрек сияқты нәзік ағзаның ауруы кез келген адамда кездесе бермейді екен. Клиникада емделіп жатып, Шәмші ағамыздың «Жүрегі бар адамдардың ғана жүрегі ауырады» деген қанатты сөзі рас екеніне көзім жетті. Жүрек талмасымен, инфарктпен, жүректің ишемиялық ауруларымен кілең интеллигенция, яки қызметінде ары таза, жауапкершілігі мол, саналарына салмақ түсіретін жандар ауырады екен. Жүрек, шіркін, бір сәт тыным таппай лүпілдей қағып, өмір бойы бойымыздағы барлық ағзаға қуат пен дем беріп отыратын керемет ағза ғой. Оның қызметі туралы ту сонау ертедегі бағзы заманда ғұлама ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз былай депті: «...Адам пайда болысымен оның бойына ең алдымен бітетін нәрсе – күш (яғни, қабілет), ол – осы күш арқылы қоректенеді. Мүшелердің ішінде тұңғыш рет – жүрек пайда болады, бұдан кейін – ми, одан соң бауыр, одан кейін – көк бауыр, сонысын басқалары пайда болады. Бәрінен соң барып, қимылға келетіні – жыныс мүшелері. Жүрек – басты мүше. Мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін – ми келеді, бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес. Екінші болғандықтан – ми барлық басқа мүшелерді билегенмен, оның өзін – жүрек билейді. Ендеше, Жүректің табиғи ниетіне қарай, тәндегі күллі мүшелер оған қызмет етеді», – дейді. Ту сонау ерте заманда, құпиясы мол кезеңде осындай тұжырым жасау нағыз данышпандық емес пе? Қандай көрегендік!».
Сөзін әрі қарай жалғаған Өсекең: «Ұлы Абай да адамның өміріндегі жүректің атқарар қызметіне ерекше мән берген. Мида қорытылған ой жүректің сарабынан өтіп барып, сөзге айналып, сыртқа шығады. Ақынның айтуынша, сөз «жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді», «бойда қуат, ойда көз болмаса, ондайларға айтпа сөз». Өмірдің әділетсіздіктерін көп көрген, барынша сезінген халқының көзі, сезімі, жыршысы атанған ақынның жүрегі – «қырық жамау».
Міне, бұл – білімі терең, оқуы мен тоқуы мол ғалым Өскенбай ағаның жүрек туралы бізге айтқан кезекті бір ой-пікірі. Қанша жыл дәрігер болып еңбек етіп, қолымызға оташы хирургтың басты қаруы қандауырды ұстап жүріп әл-Фараби бабамыздың, ғұлама Абайдың мына сөздері мен пікірлерін кездестірмеппіз. «Дарынды адам әркез бәрінде дарынды» деген сөздің растығына еріксіз сенесің. Кейде сөз жарыстырып: «Өскенбай аға, сіз технология жағынан ғылым қумай, филология немесе философияға баруыңыз керек еді ғой», дейтінім бар. Сонда ол жадырай күліп: «Мен жеңіл өнеркәсіптің маман-ғалымы, оның профессоры болсам да филологияны, философияны өзіме жат санамаймын. Әр ғалым солай кең өрісті болғаны жөн. Ғалымды халық зиялы топқа жатқызады. Оған әркез сын көзбен қарайды. Демек, шын ғалым білімділік жағынан ұлт эталоны болуға талпынуы керек. Бүгіндері кеуде қуысы бос, ой өрісі тар жас ғалымдар аз емес. Соларды көріп, кейде, көңілім құлазиды. Ғылымды ойыншыққа айналдырып жібердік пе? Түсіну қиын...», – дейтін ойлы көздерімен алысқа қарап. Иә, ақыл-парасаттың шыңына шығып, оны ой елегінен өткізіп, артта келе жатқан ұрпақтардың бақытты өмір сүруіне көмектесетін «өлмейтұғын сөз» қалдырған ұлылардың рухтары мәңгі жасай берсе екен деп тілейсің. Мына өмір Өскенбай Қабылбекұлы сияқты зиялылармен көрікті, сонысымен қызықты...
Көнерген қойын дәптерлерімнің бірін парақтап отырып, сарғая бастаған ақ параққа жазылған мына бір маржандай тізілген сөздерге көзім түсті: «Адамның саналы өмірін қамтамасыз ететін – денінің саулығы мен жан саулығы. Осы екеуі бір-біріне сай, үйлесім тапқанда ғана адам бақытты бола алады. Денсаулықты дәрігер қадағаласа, жан саулығы – аса күрделі, ол адамның өзінің дүниеге көзқарасынан бастап, алған біліміне, тәрбиесіне, өмірлік мақсатына, мамандығына, қоршаған әлеуметтік ортасы сияқты көптеген факторларға байланысты. Бақытты болу кез келген адамның қолынан келе берер оңай шаруа емес. Оған өмірді сүре білуге қажетті жан-жақты білімі бар, жаны бай, адамгершілігі, рухы жоғары, мақсатына жету үшін қиындықтарға шыдап, күресе білетін адамдар ғана қол жеткізе алады екен» (өкінішке қарай, бұлар кімнің сөздері екенін жазбаппын). «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде – бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады». «Егер сені ешкім қадір тұтпаса, мұның себебі өзіңде екенін ұмытпа». Иә, өте орынды айтылған, ойда жүрер пікірлер екен...
Ақырын жүріп, анық басқан академик ағамыздың өмірі, тіршілік келбеті жас кезінен күйбең тіршілікке жегілмей, тек таза ғылым жолындағы асау тұлпардың шабысын елестетеді. «Еңбегіне қарай – өнбегі» демекші, қазір біз оның білімі мен ғылымының алысқа кеткен дүбірін естіп, бағыт-бағдар алып отырғанымызға қуанамыз.
Шығыстың бір философ-ғұламасы: «Дана адам... өзін жарыққа шығара бермейді, сондықтан жүзі жарқын, ол өзі туралы айтпайды, сондықтан ол атақты, ол өзін дәріптемейді, сондықтан ол сыйлы, ол өзін асқақтатпайды, сондықтан ол өзгелер арасында биік», – деген екен. Өскенбай Мәдиев те өмірде қарапайым, әр саналы адамға құрметпен қарайды. Иә, ой-санасы терең даналар өздерін елден биік санамайды, орынсыз кеуде кермейді. Олар сонысымен сыйлы, сонысымен биік.
Келер жылы жасы 80-ге толатын жерлесіміз, көрнекті де парасатты ғалым-академик, өнегелі ұстаз, жаны жайсаң, айтар ойы бар, адамгершілігі мол Өскенбай Мәдиев ағамыздың бойынан қуат кетпей, ғылым мен өмірге деген көзқарасымен кейінгі жастарға өнеге болып, саналы өмірі сапалы да ұзақ болса екен деп тілейміз.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы