Сұхбат

«Елдің еңсесін көтеріп, өңірдің өрісін кеңейткен – еңбек»

Өңірімізге 85 жыл толған тұста атқарылған істің мол екенін аңғарып отырмыз. Осы жылдар белесінде өрлеу жолдарымен келе жатырмыз десек те артық айтпаспыз. Көңіл қуантатын жетістіктеріміз бар. Ел ішінде осы мерейлі белестің ұзақ жылдарына куәгер алдыңғы толқын ағалар бар. Соның бірі Москау Ноқрабековпен әсерлі сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Москау НОҚРАБЕКОВ,
Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы: «Елдің еңсесін көтеріп, өңірдің өрісін кеңейткен – еңбек»

– Сіз ұзақ жылдар Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінде, облысымыздың мәдениет, тілдерді дамыту саласында еңбек еттіңіз. Биыл облысымыздың құрылғанына 85 жыл толды. Осы орайда сіздің есіңізге қандай жағдайлар, қандай оқиғалар түседі?

– Өңірдің әр тынысына, рухани- мәдени дамуына назар аударып отырамыз. Аймақта соңғы жылдары серпіліс ерекше. Қай саланы алсақ та ілгерілеу бар. Ол жағына сүйсінесің. Бірақ маған осы 85 жылдық мерейлі сәтті пайдаланып мәні мен маңызы жоқ іс-шаралар өткізу ұнамайды. Мәселен, жақында аудандардың бірінде облыстың 85 жылдығына арналған іс-шара деп осыдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген бір ғана батырды дәріптеп кетті. Сол жағдай менің көңіліме қонбады. Неге олай? Өңірдің мерейтойында айтатын нәрсеміз көп болуы тиіс емес пе? Аймақтың, аудандардың дамуына еңбек сіңірген кісілер бар емес пе? Олар неге аталмайды? Еңбек адамдары қаншама тер төкті? Сондай жиындардан «қарным ашып» қайтып, қазіргі таңда ұйымдастыру саласында кетіп жатқан кейбір кемшіліктер туралы ойланып, ойға шомып қалдым. Біздің мақтанып айтатын үздіктеріміз, еңбек адамдары бар ғой деп өзімше біраз тарихты көз алдымнан өткіздім.

– Ол еңбек адамдары кімдер еді? Аты- жөндерін атап айта отырсаңыз...

– Мәселен, ертеректе Құланда Күрішкен Мұсабеков деген озат қызылша өсіруші, звено жетекшісі болды. Екі мәрте Ленин орденімен марапатталған кісі. КСРО ауыл шаруашылығы саласының үздігі. Баршын Бетегенова деген еңбек озаты да екі мәрте Ленин орденін иеленді. Қазақ КСР Жоғары кеңесіне депутат болды. Ертеректе Меркі ауданында звено жетекшісі болған Тамара Абдуллаева Социалистік Еңбек Ері атанған кісі. Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында агроном қызметін атқарған Жолтай Қадіров деген кісі де құрметке лайық еді. Байзақ ауданы, «Қызыл жұлдыз» ұжымшарынан қаншама Социалистік Еңбек Ерлері шықты. Солардың баршасын еңбекке жұмылдырған бас агроном Мұстафа Бұралқиев деген азамат болған. Ол кісі мамандығы агроном бола тұра 900 беттік қазақ тілінің түсіндірме сөздігін жазып шыққан. Осындай патриот, тілге жанашыр кісілердің еңбегі айтуға тати ма, татымай ма? Мемлекет басшысы қарапайым еңбек адамдарын бағалау керектігіміз туралы айтып жатыр. Осынау мерейтойда да бұрынғы еңбек майталмандарымен, бүгінгі еңбек озаттары туралы көбірек айтылса деген тілегім бар.

– Қай кезеңде де жас мамандарға тәрбие берілетіні белгілі. Өзіңіз жастай комсомол, идеология жұмыстарында жүріп, кімдерден тәлім алдыңыз?

– Әрине, өмір жолына тәрбиелейтін ұстаздардың еңбегі өте қымбат. Олардың жанашырлықпен айтқан сөздері – өсиет пен ұлағат. Мені комсомол жұмысында шыңдаған ұстаздарым сол кезде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Сағынхан Әміреқұлов пен партия-кеңес ұйымдарында облыстық деңгейде қызмет атқарған Елубай Олжабаев. Осы екі кісіден үйренгенім көп. Кейіннен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, облыстық «Тілдерді оқыту орталығы» мекемесінің директоры ретінде біраз үлгілі жұмыстарды ұйымдастырсам, осы тұлғалардан алған тәрбиемнің жемісі. Ұл-қыздарымды да үлгілі болуға, Отанын, елін, туған өлкесін құрметтеуге тәрбиеледім. Оның бәрі алдыңғы толқын ағалар берген тағылымның нәтижесі. Сондықтан жақсы адамдарға жолықтырған тағдырыма ризамын.

– Ұйымдастыру ісінде ілкімді ісімен көзге түскен азаматтардың еңбектері туралы айта кетсеңіз. Бірқатарымен ауданда қатар еңбек еткен боларсыз?

– Ауданды, ауылды басқаруда іскерлік танытқан тұлғаларды да ұмытпаған жөн. Мәселен, бір кезеңде Т.Рысқұлов ауданын басқарған Сейілхан Аққазиев керемет шешімдерімен, дара істерімен есте қалды. Кейінірек облыстық атқару комитетіне төраға болғаны да жоғары ұйымдастыру шеберлігін көрсетсе керек. Ол кісінің басшылықта болған кезінде облыс аумағында, Тараз қаласында құрылыстар өте қарқынды жүргізілгенін барша көпшілік біледі. Сонымен қатар, аудан басқарған, Социалистік Еңбек Ері атанған Әзімбек Смайлов Меркі, Т.Рысқұлов аудандарының дамуына күш- жігерін аямай жұмсады. Міне, осындай азаматтарды атап өтудің артықшылығы жоқ деп ойлаймын. Қазір ол кісілердің атында көше бар, көрсетілген құрмет аз емес. Дегенмен осындайда сондай дара тұлғаларға көңіл бөлініп, жас ұрпақ жадында қайта жаңғырса деген тілегіміз бар. Себебі, олардың жүріп өткен іздері сайрап жатыр.

Ертеректе Т.Рысқұлов ауданында еңбек еткен іскер ұжымшар төрағалары туралы да ерекше айта кеткім келеді. Мәселен, Бектембай Қойшыманов деген ұжымшар (колхоз) төрағасы ауылға газ кіргізген, бір үлкен көшені жарықтандыру үшін 90 жарық шамдарын қойғызған. Не деген адалдық. 9 шам қойса да жарық болар еді. Ол 90 шам орнатып, көшені күндізгідей жарық қылған. Есесіне қаншама ақсақалдан алғыс алды. Тағы бір айта кетерім, бұрынғы Абай ұжымшарының төрағасы Базарбай Сүлейменов 12 жыл бойы төраға болған кезінде халыққа нағыз жанашыр басшы екенін байқатқанын білеміз. Ол кісі төрт көшеге фин үлгісімен жаңа үйлер салдырған. Ұжымшарға жаңа мектеп, мәдениет үйі, гараж салдырды. Малшылар қыстауларында қарапайым киіз үймен отырушы еді. Сол қыстаулардың баршасына тұрғын үйлер салынды. 52 шопанның баршасына бағалы теледидар тарту етіп, оны арнайы мотормен көріп отыратындай мүмкіндік жасады. Оның еңбегін ауыл адамдары әлі аңыз түрінде айтады.

Базарбай Сүлейменов кейіннен 4 жылдан аса «Қызыл шаруа» ұжымшарына төраға болды. Сол кезде де бір үлкен ауылды жаңадан салып, елдің алғысын алды. Міне, осындай іскер басшылардың еңбегін осындай мерейтойлар кезінде атап өтіп, баспасөз арқылы насихаттап отырсақ, жас ұрпаққа тәрбие, тағылым болады деп ойлаймын. Әрине, ел-жұртқа аянбай еңбек еткен іскер азаматтар осы кісілер ғана емес. Ол тізімді жалғастырып айта беруге болады. Дегенмен осы жерден тізгін тартайын. Алдағы уақытта қарапайым еңбек адамдары мен іскер ұйымдастырушыларды ардақтап отыруды ұмытпасақ екен. Олар елдің елдігі, аудан мен ауылдың өркендеуі жолында аянбай еңбек еткендер. Ол жұмыстардың бәрі де – тарих. Барша тұрғындарды өңірдің 85 жылдығымен құттықтап, Әулиеатаның болашағы мұнан да жарқын екенін айтқым келеді.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.