Атаулы әлеуметтік көмек алмайтын ауыл
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасына сұраныс жоғары. Себебі, 2,5 пайыздық үстемемен берілетін жеңілдетілген шағын несие арқылы өз ісін бастаған жандар көп. Бүгінде бағдарлама жетілдірілуде және ашылған кәсіптің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаруалар өндірген өнімін өткізу жолдарын нақтылау белсенді жүріп жатыр.
Бүгінде бесінші бағытқа басымдық берген жоба Талас ауданының Бостандық ауылдық округінде де жалғасын тауып келеді.
Ауылдық округ әкімі Мұратхан Рысдәулетов жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен таныстырды.
Аталған ауылдық округте барлық инфрақұрылымдық игіліктер қарастырылып, кәсіп ашушыларға қажетті жағдай жасалған. Оған елді мекендегі шаруа қожалықтардың санының көптігі дәлел бола алады. 2100 халқы бар округте 75 шаруа қожалығы болса, соның 55-і мал, өзгесі егін шаруашылық бағытында. Жобаның жемісін көріп, өз кәсібін бастағандардың бірі – Бүркітбек Құлекеев. Ол «Ауыл аманаты» аясында 7 миллион 600 мың теңге қаражат алып, экочикен өндіруді қолға алған.
Бұдан бөлек, ауданның шаруашылығындағы басым бағыттардың бірі – мал шаруашылығы болғандықтан, мұнда мал бордақылаумен айналысушылардың да қатары артқан. Солардың бірі – кәсіпкер Жансая Оңғарова. Ол бүгінде жұбайының көмегімен 132 бас қойды бордақылаумен айналысып отыр.
Елді мекенде тұрақты жұмыспен қамту көрсеткіші де жоғары деңгейде. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 11 жас несие алып, 42 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, 5 жас қоғамдық жұмысқа қабылданып, 3 жас алғашқы жұмыс орыны бойынша жұмысқа орналасқан. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде мұнда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны тіркелмеген.
Ауыл әлеуетін арттыруға арналған жобаның қазіргі таңда алты ауылдық округте іске асырылып отырғандығын алға тартқан аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярхан алдағы уақытта ауданның барлық 13 елді мекенін қамту жоспарда бар екендігін атап өтті.
Айта кетейік, бүгінде Талас ауданында аталған жоба Бостандық, Берікқара, Аққұм, Ақкөл және С.Шәкіров ауылдық округтерінде іске асырылуда. Жалпы облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтарды, құрылыс, кондитерлік және тігін цехтарын ашуға бағытталған жобаларды қаржыландыру көзделген. Осы бағытта келер жылы шағын несиемен 1500 адамды қамтамасыз ету жоспарлануда.
Нұрболат АМАНБЕК
Талас ауданы