Қоғам

Туы биік елдің – тұғыры биік!

Мемлекет тұғыры биіктігінің және ел Тәуелсіздігінің айқын көрінісі – мемлекеттік рәміздер. Халықтың рухын көтеретін де осы рәміздер болып саналады. Бүгінде Жуалы өңірінде елдігімізді танытып, жастардың патриоттық рухын оятумен бірге, әрбір жүрекке мақтаныш сыйлайтын елдік нышандар өз дәрежесінде көрініс тауып отыр.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік рәміздердің заң талаптарына сай орналасуын, Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны, Әнұранның мәтінін дайындаушылардың жұмысын қадағалап, мәртебесін сақтайтын құзырлы орган бар. Ол – ҚР Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті.

1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік нышандарын дайындау жөніндегі жұмыс тобы құрылып, жаңа рәміздерге байқау жарияланды. Оған шығармашылық саланың көптеген өкілі, талантты қылқалам шеберлері, сазгерлер мен танымал ақындар қатысқан. Мемлекеттік Тудың конкурсына Қазақстанмен қатар, ТМД, Түркия, Германия және Моңғолия елдерінен 600 адам қатысып, барлығы 1 200 жоба ұсынылған. Олардың арасында шаңырақ пен ай, көк бөрі мен үш жолақ, жұлдызшалар бейнеленген қою көк түсті нұсқалар болған.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.

Көк байрағымыз бүгінде шартарапқа кеңінен танылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының кеңсесі мен Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерінің алдында ілулі тұр. Көк туымызды ғарышкер Талғат Мұсабаев көк аспанда самғатса, әлемдік спорт додаларында жеңімпаз қазақстандықтар мерейін көтерді, спорттық олимпиадаларда көк байрағымызды әуелете көтеріп, Әнұранымыз әуездете шарқалды.

Айта кетейік, Қазақстанның ең басты туы Астана қаласындағы «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінің аумағында орналасқан. Биіктігі 100 метрден асатын еліміздің бас тутұғырының ашылуы осыдан 12 жыл бұрын – 2009 жылы Астана күнін мерекелеу аясында өтті. Ондағы Тудың жалпы ауданы 450 шаршы метрді құрайды және өлшемі 15-тен 30 метрге дейін жетеді. Бұл ту Қазақстандағы ең биік және негізгі ту ретінде қорғалып келеді.

Қазіргі таңда мемлекеттік рәміздерді насихаттауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жастар да зор үлес қосып отыр. Қазір көпшілік пайдаланатын әлеуметтік желі парақшаларында жас блогерлер мен саяхатшылар туымызды әлемнің көрікті қалаларына алып барып, оны өзге ұлттың өкілдеріне кеңінен таныстырып жүр. Мемлекеттік тудың ерекше дизайны мен сұлулығына тәнті болған жұртты көргенде жан-жүрегімізді мақтаныш сезімі мен патриоттық рух билейді. Еліміздің мақтанышы көк байрағымыздың тұғыры қашанда биік болсын! Туы биік елдің – тұғыры биік!

 

Айгүл ТӨРЕБАЕВА,

облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» аудандық бөлімшесінің меңгерушісі.