Спорт және туризм

Ерлік жолын жеңіспен ұштастырған өрендерӨрнек

Өрнек ауылында қазақ күресінен бастауыш ардагерлер кеңесінің мұрындық болуымен, ауылдың белсенді ақсақалдары мен қарияларының, ілкімді азаматтардың қолдауымен Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Ережеп Сауқатовты еске алу турнирі өтті.

Жамбыл ауданындағы Айнакөл ауылында (қазір Өрнек) дүниеге келіп, сондағы Крупская атындағы орта мектепті бітірген Ережеп Сауқатов Кеңес әскері құрамында Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген. Сауқат әжінің немересі, елге сыйлы қария Бижігіттің ұлы отбасындағы алған отаншылдық тәрбиемен Отан алдындағы азаматтық борышын да адал өтеген.

Әскерде бұйрық талқылауға жатпайды. КСРО Жоғарғы Бас қолбасшысының бұйрығымен Ауғанстанға интернационалдық достық борышын өтеуге барған Ережеп душмандармен ұрыста тура өз Отанын қорғағандай сезімде соғысқан. Ол сондай жан алысып, жан беріскен шайқастардың бірінде ерлікпен қаза тапты. Ерлігі жоғары әскери марапат – «Қызыл Жұлдыз» орденімен аталып өткен. Ол сонда небәрі 20 жастағы боздақ екен-ау! Тірі болғанда, 60 жасқа толар еді.

Іс-шараның Өрнек ауылдық округінің әкімі Өмірбек Ботаев кіріспе сөз сөйлеп ашқан салтанатты сәтінде батырдың туған ағасы Тастемір Бижігітұлы, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Лесбек Амалов, билер кеңесінің төрағасы Қаржаубай Қосаров, еңбек ардагері Фатима Алтынбекова Ережеп Сауқатовтың балалық кезеңі, жасөспірім шағынан естеліктер айтты. Ал, Жамбыл аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының жетекшісі Керім Ізбасаров отаншылдық, ерлік, болашаққа қызмет ету туралы үлгі боларлықтай лебізін білдірді.

2010-2013 жылдары туған балғын палуандар белдескен бұл спорт бәсекесіне ауданның Ерназар, Тоғызтарау, Аса, Пионер ауылдарынан және Тараз қаласынан да спортшылар қатысқан. Белдесуде 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер 2 салмақ дәрежесінде, 2012-2013 жылдары туған жасөспірімдер 4 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз болғандар мен 2-3 орын алғандарға арнайы медальдар, дипломдар мен атаулы сыйлықтар берілді. Жеңіске жігерлілік танытқан палуандар да құр қалған жоқ. Ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Ал, түйе палуандар сайысында өрнектік өрендер өзге ойын өрнегімен көзге түсті. Әлімжан Сағаділда, Динар Абдуллин және Бағлан Еркебұлан жүлделі орындарды бөлісті.

Жарысқа Ережеп батырдың бауырлары, ағайындары, достары, сыныптастары демеушілік көмек көрсетті.

Артынан марқұмның әруағына арналып ас беріліп, Құран бағышталды.

Балтабай АХМЕТОВ,

Өрнек ауылдық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі.

Жамбыл ауданы