Әлеумет

Нәзікжандылардың белсенділігі артып келеді

Әрбір әйелдің өз құқығын біліп, қоғамның дамуына үлес қосып, сенімді болуын, саясатқа араласуын қолдау үшін Amanat партиясының жанынан Әйелдер қанаты құрылған болатын. Осы бастаманың жүзеге асырылғанына жыл толып отыр. Бұл уақыт аралығында нендей жетістікке қол жеткізілді, қандай мәселелер шешімін тапты? Көкейде туған сауалдарды Amanat партиясы облыстық филиалы Әйелдер қанатының кеңесшісі Айман Әшімоваға қойдық.

Облыс халқының 50,5 пайызы қыз-келіншектер екенін ескерсек, нәзікжандылардың іскерлігін қолдап, сол арқылы әлеуетін арттыру ұтымды, әрине. Себебі, әйел жаратылысы нәзік болса да ол ұрпақ жалғастырушы, шаңырақтың ұйытқысы, қоғамның тірегі. Сондықтан да болар «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөздің айтылғаны.

Біз сөз етіп отырған Amanat партиясы облыстық филиалының жанындағы Әйелдер қанаты 10 бағыт бойынша жұмыс істейді. Яғни, әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ауылдық жерлерде әйелдер бизнесін дамытуға жәрдемдесу, әйелдер денсаулығы мен отбасылық құндылықтарды насихаттау, әйелдердің қаржылық сауаттылығын арттыру, психологиялық көмек беру қызметін, инклюзивті қоғамды дамытуға жәрдемдесу, еңбекті қорғау және жұмыстағы әйелдердің қауіпсіздігі, ғылымдағы әйелдерді қолдау, заң жобаларының гендерлік сараптамасын ұйымдастыру.

Өткенге оймен шегініс жасасақ, 2021 жылғы деректерге сәйкес Қазақстан гендерлік теңдік рейтингінде 80-ші орында болыпты. Ал, 2006 жылы 32-ші орында тұрғанымызды ескерсек, соңғы онжылдықта гендерлік теңдік өзекті мәселеге айналғанын байқауға болады. Сондықтан да шешім қабылдау деңгейінде әйелдерді 30 пайызға жеткізуді партияның Әйелдер қанаты негізгі міндеттерінің біріне белгілеген. Сонда ғана әйелдерге қатысты көптеген проблема шешімін табады деген болжам бар. Осыған байланысты бастауыш партия ұйымдарының әйел- жетекшілерімен кездесулер өткізіліп, Әйелдер қанатының үйлестірушілері бекітілген. Болашақта өздерін депутаттық корпуста немесе басқару органдарында көретін әйелдер базасы жасақталған. Осындай әйелдер үшін Саяси көшбасшы әйелдер мектебін облыстағы әйелдер күштері Альянсымен бірге жүргізуді қолға алыпты. Осы мектеп аясында әрбір ауданда семинар-тренингтер өткізу арқылы саяси өмірге әйелдерді көптеп тартуды жоспарлаған.

Әйелдер қанаты тек орталық аймақтардағы қыз-келіншектерге көңіл бөліп қоймай, басымдықты ауыл әйелдеріне беруде. Себебі, қыз бала табалдырық аттап, тұрмысқа шыққаннан соң қым-қуыт тірліктің арасында өзін жоғалтып алмаса дейді. Өз бойындағы қабілетін елінің өркендеуіне, сол арқылы өзін дамытуға арнауына көмектеседі.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА