Әдебиет

Оқулықта олқылық болмағаны жөн!

Мектеп оқушыларына арналған оқулық оң-солын танып үлгермеген балаларға білім беріп, дұрыс бағыт көрсететіндіктен де оған өте жоғары талаппен қараған жөн. Алайда, соңғы уақыттары оқулықтағы олқылықтар қоғам арасында жиі айтылып жүр. Ішінара кеткен грамматикалық қателерден бөлек, мағынасы жас балаға үлгі етіп көрсетуге қолайсыз материалдардың берілуі жанға қатты батады.

Әлеуметтік желіде ата-аналардың бірі 3-сыныптың әдебиетінде берілген «Ғаламтор туралы» өлеңін сынға алған екен. Осы мәселені біз де өз тарапымыздан мамандардан сұрастырып, талдап көрдік.

Әуелі сұрағымызды мұғалімдерге қойдық. Тараз қаласындағы мектептерде бала оқытып жүрген ұстаздарға осы өлең берілген әдебиет оқулығын көрсетіп, өз ойларын сұрадық.

– Әдебиет – адамның эстетикалық деңгейін сөз құдіреті арқылы көтеретін ғылым десек, кез келген көркем туынды оның қуатын арттыратын құрал. Прозалық туындылар туралы айтқанда Ш.Айтматовтың «Өз кейіпкерін сүймеген жазушы суреткер емес», – дегені еріксіз ойыңа оралса, поэзиялық шығармалар туралы айтқанда Н.Г.Чернышевскийдің «Ақындар – жұртты өмірдегі қасиетті ұғымдар мен қасиетті сезімдерге бастаушы...», – дегені оралады. Демек, оқулықтағы сөз құдіреті оқушыларды «қасиетті ұғымдар мен қасиетті сезімдерге» баулуы керек. 3-сыныптың оқулығындағы «Ғаламтор туралы» өлеңінде:

«Ғаламторға кіремін,

О, аралап жүремін!

Мейлі, белім ауырсын,

Солсын, мейлі, реңім», – деп басталған жыр жолдары арқылы балғын оқушыны қандай қасиетті ұғымға баулисың? Ғаламтордың айырмашылық белгісі мен сапалық ерекшелігі осы ма? Мүмкін автор ирониялық тәсілді пайдаланғысы келген шығар. Солай дейік, бірақ кімді меңзеп отыр? Ғаламторды ма, баланы ма? Оқушының ұғынуы былай тұрсын, мұғалімге де оңай соқпасы анық.

Екінші шумағында:

«Мұндай қызық сәттерде,

Жан серігім – тақ перне.

Ұстамаймын кітапты,

Керек емес дәптер де», – дейді.

Адамға жат, қоғамдық дертті «Улы сия, ащы тілмен» бұлай айтпаса керек. Осылай айтылған ақыл, балаға сауап бола ма?

«Сабақты да қоямын,

Тамақты да қоямын.

Сөз-сусынды ішемін,

Сурет-нанға тоямын».

Суреттеп отырған сөз, бала бойындағы теріс қылықтарға, әдет-дағдыларға, келеңсіз мінез-құлықтарына, ұғым-түсініктеріне, талғам таразыларына ем бола ала ма? Жай бос сөз, мылжың әңгіме емес пе?

«Ғаламторда жүремін,

Қызық өмір сүремін.

Көзім, мейлі, шаршасын.

Мейлі, ауырсын жүрегім».

Мұны зілсіз әзіл-қалжың дей алмаймыз. Бұл бала бойындағы жағымсыз жайттарды жай сынап- сықақтау деп түсінеміз. Қысқасы, өлеңде ой-тұжырым жоқ. Автор сатирасының тақырыбы – мораль, этика мәселелері болғанымен, қоғамдағы ар-ұят тазалығы мен жан саулығы өз деңгейінде көрініс таппаған, – дейді «Дарын» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Үздік педагог-2012» байқауының жеңімпазы Базарбай Дүйсенбаев.

Өзге де әдебиет пәнінен дәріс беретін мұғалімдер осы мағынада пікір білдірді. Балалардың жаңа ақпаратты психологиялық тұрғыда қабылдауы жөнінде психологтан да сұрадық. Тек психолог емес, өзі де өлең жазатын жаннан сұрағанды жөн көрдік.

Рас, ақын өз ойымен өлеңдетті. Бірақ соны оқулыққа берерде балалардың жас ерекшелігі мен қабылдау қабілеті ескерілсе ғой. Енді бұл өлеңді оқытпай тұрып, мән-мағынасын әбден түсіндіріп жеткізу – мұғалімге міндет. Әйтпесе, өз бетінше оқыған баланың бірі «Кітаптағы өлеңде осылай жазылған, ата-анамды тыңдамай, кітап-дәптерді қажет етпей, ғаламторда көп уақытымды өткізсем, еш әбестігі жоқ екен» деп ойлауы бек мүмкін. Сондықтан мектепке арналған оқулықтарда олқылық кетпеуі әбден зерделенсе екен дейміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА