Әлеумет

Мүмкіндігі шектеулі мыңнан аса азамат тұрақты жұмыспен қамтылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында халықты жұмыспен қамту мәселесіне келгенде алдымызға үлкен мақсаттар қойып, бағытымызды айқындап беріп отыр. Бұл еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыра түседі деген зор сенім ұялатады.

Президентіміз Жолдауында денсаулық, мәдениет, білім салаларымен қатар халықты жұмыспен қамту шараларына көңіл бөлгені жақсы белгілі. Осы бағытта қолға алынған жұмыстар өз нәтижесін беруде.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің айтуынша, басқарма жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету.

Биыл мүгедектігі бар адамдардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларына қажетті сурдо-тифло, санаторлық-курорттық емделу, протез-ортопедиялық бұйымдар, кресло-арбалар, жеке көмекшіге қосымша ақы және гигиеналық кұралдар алуға жалпы бюджеттен 4,3 миллиард теңге қаралған.

Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытында Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасымен бекітілген «Жол картасының» 84-тармағына сәйкес жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланып, осы жылдың 10 айында 189 нысанға 133,3 миллион теңге бөлініп, бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталған. Жоспарланған межені тек Меркі мен Шу аудандары орындаған. Бүгінгі күнге 70 нысан бейімделмеген. Жалпы Байзақ, Жуалы, Мойынқұм, Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарында нысандарды бейімдеу үлесі төмен деңгейде. Дегенмен, осы жылдың 10 айы өткенін ескерсек, бейімдеу жұмыстарының аталған аудандарда орындалмау қаупі бар.

Сонымен қатар, мүгедектігі бар балаларға арналған 9 орталықта 415 мүгедектігі бар балалар арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылуда.

Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытында үкіметтік емес ұйымдардың да атқарып отырған жұмыстары айтарлықтай. Басқарма тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар арқылы 9 әлеуметтік жоба іске асырылып, 892 мүгедектігі бар адамдарға және балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 234,5 миллион теңге бөлінген.

Сондай-ақ, Байзақ, Жуалы және Мойынқұм аудандарында 60 мүгедектігі бар балаларға, ал Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында 18 жастан асқан 30 ересек мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан күндізгі оңалту және бейімдеу орталықтары арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде. Бұл мақсаттарға жалпы жергілікті бюджеттерден 158,6 миллион теңге қаралған.

Бүгінге үкіметтік емес ұйымдар тарапынан мүгедектігі бар азаматтар мен балаларды оңалту және бейімдеу мақсатында 11 күндізгі орталықтарда 320 азаматқа және 16 үйде қызмет көрсету бөлімшелерінде 438 азаматқа арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылуда.

Мүгедектігі бар азаматтардың мәселелерін дер кезінде шешуді қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне мүгедектігі бар азаматтар қатарынан штаттан тыс кеңесшілер тағайындалып, жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, облыс көлемінде 2300-ге жуық мүгедектігі бар азаматқа инватакси қызметтері көрсетілуде. Бұл мақсатқа облыстық, Тараз қалалық және аудандық бюджеттерден 199,9 миллион теңге бөлініп, оларға 32 арнайы жабдықталған автокөлік қызмет көрсетуде.

Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің ұйымдастыруымен 14 бөлімше және 1 бөлімшеден тыс мамандары үйде қызмет көрсету жағдайында 711 мүгедектігі бар (ересектер – 202, балалар – 509) азаматқа арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде. Ерекше жандарға табыс табуда тең мүмкіндіктер жасаудың басты шарттарының бірі – оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту. Жергілікті атқарушы органдар еңбек қызметі үшін медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар үшін кәсіпорындардағы жұмыс орындары санының 2-4 пайызға дейінгі мөлшерінде жұмыс орындарына квота белгілейді. Биыл мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында 37 мекемеде 57 орынға квота аясында жұмыс орындары бекітіліп, толық орындалған.

2024 жылдың 1 қарашасына Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2150 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, олардың 679-ы тұрақты жұмыстармен қамтылды. Ал, 482 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 21 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 45 адам жастар практикасына жолданды. Алғашқы жұмыс орындарына – 18 адам, «Күміс жас» жобасына 73 адам жолданса, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына – 40, онлайн оқыту курстарына 101 адам қатысқан. «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 494 адам жолданып, 197 адам қайтарымсыз грант иегері атанды.

Бұдан бөлек, 102 жәрмеңке ұйымдастырылып, бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде 2108 жұмыс беруші мекемеден 6429 бос жұмыс орындары ұсынылды. Нәтижесінде, тұрақты жұмыс орындарына мүгедектігі бар 715 азамат орналасты.

Сонымен қатар, 2025 жылы облыстағы 42 әлеуметтік қызметтер көрсету ұйымдары жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне өтеді. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар міндетті түрде лицензияланады. Соның ішінде, басқармаға қарасты 19 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету ұйымдары бар. Лицензия алу жұмыстары 2024 жылдың 26 желтоқсанында басталады. Осы жұмыстарды іске асыру үшін қазіргі таңда министрлік тарапынан аптасына екі рет «Zoom» платформасы арқылы оқыту жүргізілуде. Қазіргі таңда лицензия алуға дайындық дәрежесі 80 пайызды құрап отыр.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ