Әлеумет

Несие алу «сәнге» айналмаса игі...

Шын мәнінде, халықты несиелендіру деңгейі – елдегі экономикалық өсіммен қатар жүруі тиіс. Ал, бүгінгі таңда кейбір қазақстандықтардың екінші деңгейлі банк алдындағы берешегі экономикалық өсімнен асып түскен. Бір сөзбен айтқанда, біздің елде несие «қамытын» кигендер көптеп кездеседі. Ең сорақысы, банктер бизнесті емес, жеке адамдарды несиелендіруге дағдыланып келеді. Бұл мәселе қоғамда ауық-ауық талқыға түскенімен, несиені сынайтын жұрттың банктердің бетін қайтаруға асығар емес. Мәселен, жоғары оқу орындарының бірінде екінші курста оқитын Айым есімді бойжеткеннің басында 4 несиесі бар.

Ол алғашқы несиесін өзінің туысқан әпкесіне алса, уақыт өте өзіне соңғы үлгідегі ұялы телефон алған. Сосын Каспий дүкенін ашу туралы курс сабағын алуға және құлаққапқа тағы да несие рәсімдеген.

Мәліметке сүйенсек, 5 жылдан бері банк алдындағы қарызын өтей алмай банкрот болған адамдар саны 5 мыңнан асқан. Олардың берешегі 14 миллиард теңгеге жуықтайды. Ментор, life-коуч Айгерім Мұхтарқызының айтуынша, көп адамдар қаржы сауатының болмауынан тұрмыстық қажеттілігін несиемен қанағаттандырып, болашаққа нақты жоспар құрмайды. Тіпті, адамдар көбіне той жасау үшін де қарыз рәсімдейді, кейде өзіне қатыссыз несиені де алып жатады. Яғни, туысқандарының қажеттіліктері үшін де банк борышкері болатындар бар.

Ал, Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономика зерттеулер институтының өңірлерді зерттеу орталығы жетекшісі Ерлан Каримов Қазақстанда екінші деңгейлі банктер беретін несиенің пайызы кемінде 20-25 пайызды құрайтынын және бұл айтарлықтай жоғары көрсеткіш екенін айтты. Ол өз сөзінде банктер көбіне тұтынушыға несие беруге тырысатынын, себебі бұл істе тәуекел аз болатынын алға тартты. «Екінші деңгейдегі банктер сатып алушы халық есебінен пайыз арқылы пайда көрсе, тауар сатушыдан банк қызметін қолданғаны үшін тағы да өз үлесін алады. Ал, орта және шағын бизнеске қарыз беру оларға сәл тиімсіздеу. Өйткені, олардың кепілдік мүлкін санау керек, қайтара алу-алмау болжамын жасау қажет», – дейді экономист.

Жалпы, несие рәсімдеген кезде қарыз алушының төлем қабілеті, табысы ескерілетіні белгілі. Соған қарамастан бір адамның бір мезгілде бірнеше несиені қатар алуы тыйылмай отыр. Бірінші несие бюросының атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева ұзақмерзімді немесе ортамерзімді несиесі бар азаматтар көп екенін айтады. Ал, кепілсіз несие алғандардың 80 пайызы қаржы ұйымдарына қарыз екен. Айта кету керек, сарапшылардың дерегінше, Қазақстандағы жұмыс істейтін халықтың 70 пайызы қарызбен өмір сүреді. Мәселен, осы жылдың алғашқы тоқсанында екінші деңгейдегі банктердің пайдасы 569,5 миллиард теңгені құраған. Яғни, тоқсандық қорытынды бойынша банктердің жиынтық пайдасы 11,7 пайызға өскен.

Болашақта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 21 жасқа дейінгі жастарға несие беру кезінде есепке алынатын кіріс түрлері тізімін кеңейтуді жоспарлап отыр. Тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Несие рәсімдеуден бұрын банктер қарыз алушының төлем қабілетін оның кірісіне сүйене отырып бағалайды. Бұған дейін жастардың кірісі ретінде оның жалақысы мен стипендиясы есепке алынатын. Енді банктерге дебеттік карталардағы толықтыруларды, оның ішінде туыстардан келіп түсетін аударымдарды да есепке алуға рұқсат беріледі. «Бұл 21 жасқа толмаған азаматтардың дебеттік картаны толықтыру арқылы алатын кірістерін есепке алу мүмкіндігін беру үшін жасалып жатыр. Бұл ретте бірдей соманы қайталап есептеуге жол берілмейді», – деп жазылған түсіндірмеде.

Жасыратыны жоқ, дәл қазір ер азаматтар арасында тұтынушы несиеден бөлек автонесие алу да «сәнге» айналды. Көпшілігі мұны өздеріне берілген мол мүмкіндік деп ойласа да, пайдасынан гөрі зиянын тартып жатқандар да жетерлік. Солардың бірі – 23 жастағы Асылбек. Ол былтыр «Chevrolet Cruze» автокөлігін 27 пайызбен Еуразия банкі арқылы 1,2 миллион алғашқы жарнасын төлеп, 5 жылға несиеге алған. Темір тұлпардың бастапқы өз бағасы 3,6 миллион болғанмен, банк есебі қосылғанда жалпы сомасы 4,3 миллионға шыққан.

Несие тарихының нашар болуына байланысты кейде екінші деңгейлі банктер жеке тұлғаларға қарыз бермей жатады. Ондайда халық жылдам әрі кірісін еш дәлелдемей алатын микронесиелерді жағалауға мәжбүр болады. Алайда, олардан ақшаны алу қалай тез болса, төлемінен асып кеткен сағаттар үшін пайызы да соншалықты көп екенін жалпақ жұрт ескере бермейді.

Бір қуанарлығы, кейінгі жылдары той-томалақ үшін несие алу азайыпты. Бұл сөзімізді қаржы сауатын үйрететін маман Ербол Жұмабаев та қостады. Оның пайымдауынша, қаржыны жоспарламау бүгінгі таңда үлкен мәселеге айналған. «Қаржы сауатының жоқтығы адамдардың өзіне қажетсіз қалауларын сатып алғанынан көрінеді. Мысалы, соңғы үлгідегі смартфон, құрдастарынан қалыспас үшін алынған көлік. Мұның барлығы отбасылық және жеке қаржылық жоспарының болмауынан. Сонымен қатар, қарыз алудағы адамдар жіберетін қателік – бір кіріс көзіне сеніп несие алу. Жалпы, әр адам жеке бюджетін жоспарлау керек. Күнделікті қажеттілікті ғана емес, болашаққа нақты қадамдар құрып, жалақыдан 20-30 пайыз инвестиция салу маңызды», – деген Ербол Жұмабаев мектептерде 9-сыныптан бастап қаржылық сауаттылық сабақтарын жүргізуді ұсынды.

Қорыта айтқанда, қазақстандықтардың банк алдындағы несиесінің көптігі уақыт өткен сайын күрделеніп келеді. Үкімет төлем қабілетін дәлелдей алмаған отандастарымыздың несие алу мүмкіндігін шектеу арқылы несиелеу нарығын сауықтырғысы келгенімен, бірінші несие бюросының жылдық есебінен жағдайдың аса мәз емес екенін байқауға болады. Оның үстіне, әр үш жылда несиені кешіріп, нарықты сауықтырып алу мемлекетке мол салмақ салады. Осы ретте, несие алуға құмар азаматтар «сау басына сақина тілеп алудан» шын сақтанса дейсің. Дейтұрғанмен, айлығы шайлығына зорға жететін халыққа несие алма деп қалай айтарсың? Ендеше, халықтың әл-ауқатын көтеру, жалақысын арттыру, оларды жұмыспен қамтамасыз ету – кейінге қалдыруды күттірмейтін маңызды мәселе.

 

Есен ӨТЕУЛІ