Қоғам

Құлшылық көпке көрсету үшін жасала ма?

Әлімсақтан мұсылманбыз дейміз. Мұсылман баласының бес парызы бар екені белгілі. Оны қай заманнан бері ата-бабаларымыз бен әжелеріміз ұстанып келсе, қазіргі таңда да имандылық шарттарымен жүремін деген кісіге ізгілік жолы ашық. Жалпы, ізгілік жолды ұстану асыл қасиеттерге жетелейді. Дегенмен, құлшылыққа қатысты көңілге кері әсер ететін кейбір жағдайлар да аз емес...

Жақында Алматы қаласында бір көшені жауып тастап, жамағаттың намаз оқып жатқаны туралы видео әлеуметтік желіде кең тарады. Осы мәселе жайында дін өкілдерінің, зиялы қауымның пікірін білгіміз келді. Бәзбіреулер бұл жағдайға: «Мынауың тырнақ астынан кір іздеу емес пе? Жолда оқи ма, көшеде оқи ма, ол адам намаз оқып жатыр. Иманға келе алмай жүрген қанша адам бар?» деп қарсы шығуы мүмкін. Дегенмен, біздің айтпағымыз оның ғибадатын қаншалықты деңгейде орындап жүргені емес, басқа адамдарға залал тигізбей құлшылық жасаса деген тілек.

Бұрынырақта бір қаламгер ағамыз «Азаттыққа қолымыз жаңа жеткен жылдар. Жаз мезгілі. Еркіндікпен бірге дініміз де орала бастаған. Тараздан шалғай ауданның бір ауылына автобуспен бара жатырмыз. Үлкен автобуста кемі 50 кісі бармыз. Кенет басына тақия, үстіне шапан киген бір ер кісі жүргізушіге бірдеңе деп сыбырлады. Автобус жолдың шетіне бұрылып тоқтады. Ал, әлгі тақия киген кісі жерге түсіп кетіп, біраз қадам жүріп барып, жайнамазын жайды. Намазын бастады да кетті. Содан бір автобус адам сол кісінің құлшылық жасап бітуін 25 минуттай күттік. Шамасы, жаңадан бастап жүрген кісі ме, сөздерінен жаңылып қала берді ме? Әйтеуір ұзақ оқыды. Жолаушылардың ішінде де жасы келген ақсақалы бар, ақ кимешекті әжелер, баласымен мінген жас келіндер бар. Бала жылап, қарттар қозғалақтап, әбігерге түсті. Әйтеуір, әлден уақытта жайнамазасын жинап әлгі кісі келіп, автобусымыз жылжыды-ау. Сонда, бір кісінің намазына орай автобус толы адамның жолынан қалуы дұрыс па? Осы сұрақ барлық жолаушының жүзінде тұрды» дегені бар еді.

Дін өкілдерінің айтуынша, дінде зорлық жоқ. Құлшылық жасай ма, жасамай ма, әркімнің өз еркі. Құлшылық жасағанға шексіз сауаптар мен жақсылықтар бар. Бірақ, намаз оқу өзіңе ғана қажет. Әркімнің құлшылығы өзі үшін. Сондықтан, көпшілікке көрсете бермей, жасырын, жария етпей оқығаны абзал. Ондай құлшылықтың сауабы да көп. Біреу көрсін деп істеген нәрсе рияға жатады. Рия тірліктерді шариғат құптамайды. Ол туралы дін өкілдері былай баяндап: «Қиямет күні ең бірінші есебі қаралатын адам – шейіт болып өткендер. Тәңірдің құзырына барғанда Жаратушы оған фәни жалғанда берген игіліктерін есіне салып: «Сол игіліктерге қол жеткізу үшін не тындырдың?» деп сұрайды. Сонда әлгі адам: «Шейіт болып жанымды бергенше, сенің жолыңда аянбай күрестім» дейді екен. Сонда Жаратушы: «Жалған айтып отырсың. Сен ел-жұрт: «Неткен батыр адам!» деп айтсын деп соғыстың» деп, оның жазасын беруді періштелерге бұйырады», – дейді. Сонымен қатар, ниеті Жаратушының ризашылығы үшін болмаса, жомарт та, ғалым да жасанды істері үшін жаза тартады дегенді де имамдар жиі айтады. Осы тұста ертеден айтылып келе жатқан мынандай оқиғаны көпшілікке ой салу үшін айтып өткен артық болмас.

Бұрынырақта бір кісі жолаушылап келе жатып, мешітке бас сұғыпты. Сол жерге қонып шығатын болыпты. Сәті келіп тұрғанда сол түнді намаз, құлшылықпен өткізуге бел буады. Қас қарайып, күн ұясына батқанда мешітте отырып бір дауысты естиді. Ол кезде қазіргідей электр жарығы жоқ, айнала көмескі тартқан. Сонда әлгі жолаушы: «Түн ішінде адам мешітке текке келмейді. Құлшылық жасауға келеді. Осындай тақуа кісі менің намазымды көріп, ғибадатыма көзі түссе екен, – деп ойлапты. Сөйтіп, көз ілмей таңға дейін құлшылық қылады. Ғибадатын бір сәт тоқтатпайды. Аллаға дұға етіп, көз жасын көл қылып жылайды. Тәубесін де, ыстығфарын да ұмытпайды. Мұстахап, сүннет амалдарына да мұқият болады. Өзін ақылды, ізгі адам секілді көрсетіп отырады. Содан таң атып, төңірек ағара бастағанда мешітке жарық түседі. Әлгі кісі сол уақытта мешіттің бұрышында бір ит жатқанын көреді. Көреді де, аһ-ұрып, қаны басына шауып, өкінеді. Көз жасы жаңбыр тамшыларындай үзіліп түседі. Жан-дүниесі ұяттан өртенеді. Әрине, өзінен басқа ешкім көріп тұрмаса да, қысылады. Себебі, таңға дейін тақуа кісі деп танығаны ит болып шықты. Қас қарайған кезде адамша дыбыс шығарған да сол мақұлық. Ақырында өз нәпсісіне: «Әй, арсыз, неме! Алла сені осы түні қаңғыған бір итпен тәрбиеледі» деп тәубесіне келіпті.

Құлшылық жасағанымыз дұрыс. Адамзатты ойландыратын, тәрбиелейтін тетіктің бірі осы – Жаратушыға деген ізгі амал. Бірақ, оны адамдардың көзінше жасау, көпшілікті шаруаларынан қалдырып орындау қаншалықты маңызды. Жаратушы сенің ниетіңді көзге түртсе көргісіз қараңғыда да көреді емес пе?

Осы орайда облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев: «Шариғат бойынша балиғатқа толған мұсылман баласына тәулігіне бес уақыт намаз оқу парыз. Оны орындауға ешқандай кедергі болмағаны абзал. Бірақ, өзгеге кесірің тимегені жөн. Құлшылық жасау кезіндегі тәртіп, тағылым мәселесі де аса өзекті» десе, Тараз қаласындағы «Тектұрмас» мешітінің бас имамы Марат Лесбекұлы: «Әрине, ең алдымен айтарымыз намазды тәулігіне бес рет өз уақытында оқу парыз екені. Парыз деген – міндетті түрде бұйырылған амал. Бірақ, әр адам құлшылығында өзгеге залал тигізбегені абзал. Мәселен, бір автобус адамды тоқтатып қойып, құлшылық жасау орынды дей алмаймыз. Мұндай жағдайда автобус жүргізушісімен келіскен жөн. Намаз уақыты кезінде сіз қай жерге жетесіз. «Жалпы, тоқтай аласыз ба? Тоқтай алсаңыз отбасыммен бірге сіздің көлігіңізге билет аламын», деуге болады. Ондай мүмкіндік болмаса, намаз уақыты өтіп кетпейтін жерге дейін жетіп алып, құлшылығыңды жасап, келесі автобусқа мініп кету – өзгеге залалыңды тигізбеудің жолы. Оны ұшаққа мінерде біріктіріп оқысаңыз болады. Тіпті, ұзақ ұшатын болсаңыз, ұшақта, кемеде құбылаға қарап құлшылық жасау міндетіңіз. Ал, пойызда сіздің құлшылық жасауыңызға еш кедергі жоқ. Кейбір стансаларда жерге түсіп те намаз оқып алуыңызға болады. Қалай дегенде де құлшылық жасау кезінде даналықты естен шығармаған жөн. Жасаған амалымыздың рия болып қалмауынан, ел көрсін деп орындаудан ерекше сақтанған жөн» деп айтып өтті.

Ал, Жуалы ауданындағы «Жуалы» мешітінің бас имамы Сейітқазы Медетбеков: «Қазіргі таңда намаздың парыз амал екенін барша көпшілік біледі. Алайда, жолаушыларды күттіріп, көшені жауып тастап намаз оқуды шариғат мақұлдамайды. Бір үлкен көшені жауып тастау деген – талайдың жұмысына үлкен кедергі. Бәлкім, сол сәтте «Жедел жәрдем» көлігімен аса ауыр науқас кетіп бара жатқан шығар. Бәлкім, тоғыз ай, тоғыз күні толып, жас аналар толғақ қысып, қиналып жатқан болар. Олардың жолына кедергі болуға ешкімнің қақысы жоқ. Бұл жерде құлшылық жасау екінші қатарда тұрады деген мәселе емес. Намазымызды ешкімге кедергі жасамай оқу маңызды. Біздің ізгі жасаған амалымыздан да ниетті жан екеніміз, қоршаған ортаға деген қамқорлық пен жанашырлығымыз көрініп тұруы тиіс», – деді.

Демек, сөздің түйіні, Жаратушыны танығаның, құлшылық амалыңды уақытылы жасағаның өте дұрыс. Алайда, біреулерге жақсы көріну үшін сәждеге бас қою, құлшылық деп біреулерге залалыңды тигізу ізгі амалға жатпайды. Мақтаншылық пен рияға жол беру де жағымсыз істердің қатарында екенін ұмытпаңыз. Сондықтан, жасайтын жақсы амалыңды ешкімнің көзіне түспей, сабырмен, даналықпен, Жаратушыға деген шынайы ықыласпен жасаған абзал. Себебі, сенің барлық қимыл әрекетің, амалың, ниетің Жаратушыға аян.

 

Есет ДОСАЛЫ