Қазақстан – Гвинея-Бисау: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі
18 желтоқсанда Қазақстанға ресми сапармен Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбало келді. Бұл туралы Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасында хабарланды. Сапар аясында африкалық мәртебелі мейман Қазақстан басшысымен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіп, маңызды құжаттарға қол қою рәсіміне қатысты. Еске сала кетсек, бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі жөніндегі 29-шы конференциясы аясында Гвинея-Бисау Президентімен кездесу өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесін Қазақстанға шақырған еді.
Кейінгі жылдары Қазақстан Африка елдерімен байланысты кеңейтуге ден қойды. Бұған дәлел ретінде Того, Конго басшыларының біздің елге жасаған сапарларын айтуға болады. «Сол секілді Гвинея-Бисау Президентінің Қазақстанға қадамы арадағы қарым-қатынасқа қан жүгіртеді», дейді сарапшылар. Гвинея- Бисау – 1973 жылы Португалия отарынан шыққан Батыс Африкадағы шағын мемлекет. Экономикасы негізінен кешью жаңғағының экспорты мен ба лық шаруашылығына тәуелді. Сондай-ақ, Қазақстан секілді ауыл шаруашылығына арқа сүйеуі екі елдің даму бағытында ұқсастықтар барын байқатады. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде Қазақстан шикізаттық емес тауар түрін экспорттайтын нарықты кеңейтуге басымдық беруде. Бұл ретте Африканы айтпай кетуге болмайды. Себебі, оның құрамына енетін 55 мемлекет бір одаққа біріктірілген. Демек, Гвинея-Бисаумен бекіген байланыс басқаларына да жол ашады. Әлемдегі ірі теңіз порттары осы елде, тонна- тонна тауар тиеген кемелер тәулік бойы жер шарының түкпір-түкпіріне жөнелтіліп жатады. Жуырда Батыс Африкадағы Бисау порты мен Транскаспий дәлізі ұштасуы мүмкін. Осылайша, Қазақстан тауарлары ашық мұхитқа шыға алады. Екі елдің билігі де бұл мәселені зерделеуге мүдделі болып отыр.
Айта кетсек, Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасында дипломатиялық қатынастар 2013 жылы 26 сәуірде орнаған. Бүгінде екі тарапты байланыстыратын Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ислам Ынтымақтастық Ұйымы бар. Президенттікке дейін Премьер-министр қызметін атқарған Омару Сисоку Эмбало Гвинея-Бисау Республикасын бес жылдан бері басқарып келеді. Сонымен, африкалық мәртебелі мейманның бұл сапары несімен маңызды, оның барысында қандай уағдаластықтарға қол жеткізілді?
СЕРІКТЕСТІКТІ ДАМЫТУҒА МҮМКІНДІК МОЛ
Бүгінде Қазақстанның әлемдік аренадағы беделі едәуір өсті. Осы сыртқы саясаттағы көкжиегімізді кеңейту тұрғысынан маңызды саналатын ресми сапар барысында әуелі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало шағын құрамда келіссөз жүргізді. Гвинея-Бисау мемлекетінің экономикасы ауыл шаруашылығына сүйенетіні белгілі. Жер қойнауы да қазба байлыққа кенде емес. Демек, тараптар талқылайтын тақырып көп. Кездесуде Президент Гвинея-Бисауды Африка құрлығындағы маңызды серіктес деп атады. Қатынасқа қарқын қосуға мүдделі екенін жеткізіп, екі ел Үкіметтері жаңа мүмкіндіктерді қарастыруға күш салатынын айтты. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, цифрландыру және көлік-логистика бағыттары бойынша өзара қарым-қатынасын дамытуда әлеуеті зор екеніне назар аударды.
Бұдан кейін екі елдің басшылары ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Мемлекет басшысы екіжақты ықпалдастықтың дамуына тың серпін беру тұрғысынан бұл сапардың маңызы зор екеніне назар аударған.
«Менің бүгінгі сапарым Бисау мен Астана арасындағы до стық байланыст ар мен ынтымақтастықты нығайтуға қос тараптың да ниетті екенін айғақтайды», – деген Эмбало екі ел көпжақты құрылымдар, соның ішінде БҰҰ аясында табысты ықпалдастық орнатқанына тоқталды. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдарды реформалауға қатысты ұстанымын қолдайтынын жеткізді. Тараптар ауыл шаруашылығы, көлік- логистика, тау-кен металлургиясы, қаржы, цифрландыру және телекоммуникациялық технологиялар сияқты перспективті салаларда ықпалдастық орнату мәселелерін қарастырды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің ресми делегация мүшелері 3 құжатқа қол қойды. Енді дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелері виза талаптарынан босатылады. Ең маңызды уағдаластық цифрлық технологиялар бағытында жасалды. Гвинея-Бисау Қазақстан спутнигін импорттауға қызығушылық танытқан елдердің қатарынан табылуы мүмкін.
ҚОС ЕЛДІ НЕ БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ?
Президенттер кездесуден кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасап, келіссөздер нәтижелі болғанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Умару Сисоку Эмбалоның Қазақстанға ресми сапары алыс жатқан елдерді байланыстырып, халықтарымыздың тілегі мен ниеті бір екенін көрсетеді.
Гвинея-Бисау экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген. Күріш, мақта, жержаңғақ өнімдерін өндіреді. Балық аулау ісі де дамыған. Бірақ, Африкадағы серіктестеріміздің жер ресурсы шектеулі, Қазақстан сияқты кең байтақ далаға иелік етпейді. Тиісінше, біздің тарап қажетті дәнді дақылды экспорттай алады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыт келіссөздегі басты тақырыптың бірі болғанын айтты. Тараптар Қазақстанның Гвинея-Бисауға дәнді дақылды экспорттауға қатысты мүмкіндігі мол екеніне назар аударған.
Екі елдің әлеуеті мұнымен шектелмейді. Президент еліміздің цифрландыру, киберқауіпсіздік және финтех бағытындағы жетістіктеріне тоқталып, цифрлық қызмет саласындағы ықпалдастықты арттыруды ұсынғанын жеткізді. Сонымен қатар, Гвинея- Бисау делегациясын келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.
Алдағы уақытта Қазақстан мен Гвинея- Бисау көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдаланбақ. Осы ретте Транскаспий дәлізі мен Бисау порты арасында байланыс орнауы мүмкін. Сондай-ақ, Қазақстан Гвинея- Бисауға дәнді дақылдарды экспорттауға әзір. Ол үшін азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының әлеуетін пайдаланбақ. Әлемдегі геосаяси ахуал мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі ушығып тұрған қазіргі кезде мұның мән-маңызы айрықша болып отыр.
ИСЛАМДЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ БАҒЫТЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАУЫ МҮМКІН
Ресми сапардың екінші күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбало «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Аталған орталықтың басқарушысы Ренат Бектұров қаржы орталығының құрылымы және қызметінің негізгі бағыттары туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, екі ел орталық алаңында инвестиция, жасыл және исламдық қаржыландыру, сондай-ақ қаржы саласының мамандарын оқыту секілді басым бағыттар бойынша ынтымақтастық орната алады. Мәліметке сәйкес, бүгінде АХҚО арқылы тартылған инвестиция көлемі 14 миллиард долларды құраған. Оның 6,7 миллиард доллары – Astana International Exchange биржасындағы портфельдік инвестициялар. Орталықта әлемдегі 85 елдің 3400-ден астам компаниясы тіркелген. Олардың қатарында Африка құрлығынан 6 компания бар.
Қазақстан мен Гвинея-Бисау президенттеріне прецеденттік құқық нормалары мен қағидаттарына негізделген Орталық Азиядағы алғашқы сот жүйесі – АХҚО сотының, сондай-ақ Халықаралық төрелік орталығы мен Жасыл қаржы орталығының қызметі туралы баяндалды. Мемлекеттер басшылары АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің (AFSA) жұмысымен және қаржы орталығының реттеу режимінің ерекшеліктерімен танысты.
Қорыта айтқанда, Умару Сисоку Эмбало Африка елдері арасынан биылдыққа келген жалғыз мәртебелі мейман емес. Сарапшылар мұндай алыс құрлықпен байланыс орнату Қазақстанның халықаралық беделіне оң әсер ететінін айтады.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП