Барлық мәселе назарға алынады
Бүгінгі таңда көне шаһар тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, соңғы екі жыл ішінде қала маңындағы Шөлдала, Құмшағал, Қөлтоған, Қызыл-Абад, Жиделі және 28 саяжай тұрғын үй алаптарына қазынадан 7,5 миллиард теңге бөлініп, мұнда 430 шақырым су құбырлары тартылған. Нәтижесінде 7 670 отбасы тіршілік нәрінен таршылық көрмей отыр. Бұдан бөлек, аталған тұрғын үй алаптары толығымен жаңа желілерге қосылып, көшелерді жарықтандыру мәселесі кезең- кезеңімен оңынан шешілуде. Десе де, әлі күнге дейін қала маңындағы шағынаудандарда түйіні тарқамаған проблемалар аз емес. Мәселен, Шөлдала елді мекенінен Аса ауылына қарай бағыттағы қара жолда бағдаршамның орнатылмауы, салдарынан жол-көлік оқиғаларының жыл өткен сайын көбеюі мен шағынауданда әлеуметтік нысандардың болмауы жергілікті тұрғындардың бас ауруына айналған. Бұл туралы Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің шөлдалалықтармен өткен кездесуінде кеңінен айтылды. Жиын барысында жергілікті тұрғындар көшелерді жөндеу мен асфальттау, тротуар, аялдама салу, балалар ойын алаңшасы және бұқаралық спортты дамыту сынды мәселелерді көтеріп, өздерінің мұң-мұқтаждарын жеткізуге мүмкіндік алды.
Басқосуда ең әуелі сөз алған аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы кез келген ұсыныс- пікір назарға алынатынын баса айтып, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында жергілікті атқарушы органдар бірлесе жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Айта кетейік, есепті кезеңде өңірімізде барлық деңгейдегі әкімдер 751 есептік кеңес өткізсе, оған 48,2 мың тұрғын қатысқан. Ал, жыл басынан бері облыс әкімі 32 жеке қабылдау өткізіп, 454 азаматтың талап-тілегін тыңдаған. Нәтижесінде тұрғындарға қолданыстағы заңнама аясында жауаптар мен түсініктемелер беріліп, мәселелеріне көңіл бөлінген. Сондай-ақ, аймақ басшысы өңірдегі 100 елді мекенге 59 рет іссапармен барып, 186 нысанның жай-күйімен танысты.
Жиында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков көне шаһарда 2 аудан құру туралы мәслихаттың шешімі қабылданғанын айтып, Бас жоспардың негізінде құрылатын «Әулиеата» және «Жібек жолы» аудандары болашақта көптеген өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуіне мол мүмкіндік беретінін жеткізді. Сондай-ақ, Бақытжан Әмірбекұлы жыл қорытындысымен облыс орталығында өнеркәсіп, инвестиция, ауыл шаруашылығы, құрылыс және бөлшек сауда көлемін арттыру көзделіп отырғанына тоқталды.
Сонымен қатар, шаһар басшысы көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу, жылу желілерін жаңғырту, жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру, қаланы көгалдандыру және ирригация, жұмыспен қамту мен қоғамдық көліктер санын арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Сондай-ақ, ол қала маңындағы шағынаудандарда спорт және білім нысандарын салу мақсатында қолға алынған игі істерді айтты.
Атап өтейік, дәл қазір Шөлдала тұрғын үй алабында 600 орынды жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде.
Бұдан кейін, тұрғындар көкейлерінде жүрген сан сауалдарын облыс әкімі мен қала басшысына қоюға мүмкіндік алды.
Мәселен, округ тұрғыны Асан Үсенбайұлы шағын аудандағы Рысбек батыр мен Ұлбике ақын көшелері әлі күнге дейін асфальтталмағанын айтса, тараздық Талғат Насыр «Тараз» футбол клубының жай-күйіне алаңдаушылық білдірді. Ол өз сөзінде аталған клубқа қазақ футболының тарихындағы үздік ойыншылардың бірі, жамбылдық Сейілда Байшақовтың есімін беру жөнінде ұсыныс енгізді. Ал, «Қарасу» шағынауданының тұрғыны Салтанат Мырзаханқызы мұндағы №19 тұрғын үйі мен Қ.Тұрысов көшесіне дейінгі жолды асфальттауды сұрады. Сондай-ақ, «Арай» тұрғын үй алабының тұрғыны Жанар Жолдыбекова Бәйдібек пен Домалақ ана көшелерін жөндеуді, тағы бір тұрғын Виктория Григорьевна тротуар салу қажеттігін айтты.
Өз сөзінде тұрғындардың сұрақтарына жауап берген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев барлық мәселелер назарға алынатынын атап өтіп, кейбір проблемалардың оңтайлы шешілуін қамтамасыз етуді жауапты тұлғаларға жүктеді. Аймақ басшысы мұндай басқосулар тұрғындар мен билік өкілдері арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік беретінін айтып, түйткілді мәселелерді қысқа мерзімде шешу әжептеуір қаражатты талап ететінін де баса айтты. Жиын соңында облыс әкімі бірқатар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Есен ӨТЕУЛІ