Жаңалықтар

Әулиеатадағы әдебиет мерекесі

Ежелден атырапқа даңқы шығып, тарихи шаһар атанған төрт қақпалы Тараз талайғы дәуірлер аралығында шайырлар мекені де болды. Міне, осы даңқы дәуірлеп тұрған кезеңде Тараз туралы дүр дастандар мен аңызға бергісіз әңгімелер де айтылып жатты. Екі мың жылдан астам тарихы бар киелі мекен күні бүгінге дейін жауһар жырлар мен әсем әндерге, тәмсілге толы туындыларға арқау болып келеді. Оған биылдың өзінде облыс орталығында бірқатар рухани-мәдени іс- шаралардың жалғасын табуы дәлел бола алады. Соның бірі – «Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби байқауы күні кеше өз мәресіне жетті.

«Баласағұн» орталық концерт залының фойесінде Қазақстан Жазушылар Одағының облыстағы өкілі, ақын Хамит Есаман жүргізуімен өткен салтанатты жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен өңіріміздің белгілі зиялы қауым өкілдері – қаламгерлер мен ақындар, жазушылар мен театр саласының өкілдері, әдебиетсүйер қауым мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Мерекелік кештің шымылдығы А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры актерлерінің орындауындағы Шығыс шайырлары шығармаларынан әдеби композициядан бастау алды. Композицияда шаһардың ерте ке зеңнен-ақ, орт аазиялық өркениет моделін қалыптастырушы аймақтардың бірі болғандығы, соның арқасында саудасы мен қолөнері, сәулеті дамыған қалаға айналғандығы көрсетіліп, шырағдандар мен теңге орталығы болғандығы да сипатталды. Сонымен бірге, шығыс шайырларының шығармаларынан үзінділер оқылып, Тараздың сұлулары мен батырлары, шеберханалары мен арғымақтары, адырнасы мен жебесі жырға қосылды. Көне шаһар Тұран-Иран қатынасы қанат жайып тұрған осы кезеңде Рудаки мен Фирдоусидің, Систани мен Шерванидің бәйіттеріне арқау болды. Мәселен, парсының жаңа поэзиясының негізін қалаушысы саналатын Рудакидің «Кәлилә мен Димна» еңбегінде ақын көне шаһар сұлуларын ерекше бағалап:

«Қандай бақыт табасың жүзіңді бұрып михрабқа,

Бар көңілің бөлінсе Бұқар мен Тараз аруларына», – дейді.

Ал, әйгілі «Шахнаманың» авторы Фирдоусидің: «Тараздың садағындай қиылған қас» сынды теңеулері мен күні бүгінге дейін ел ауызында сақталған «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» тіркесі сонау орта ғасырларда тарихи мекенге берілген шынайы баға еді. Бұдан бөлек, кейінгі дәуірлерде Тараз Сағди мен Идрисидің, Хафиздің мәснәуилерінде мәңгіліктің қаласы ретінде өз биігінде шырқалды. Әдеби кеште осынау ұлылық сарыны қайта жаңғырды.

Жиында елге белгілі ақындар – Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай мен жақында ғана поэзия аталымы бойынша «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының иегері атанған жерлесіміз Маралтай Райымбекұлы, «Тарлан-Үміт» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек сөз алып, жыр шумақтарынан шашу шашты.

Таразда соңғы жылдары рухани бастамалардың көптеп қолға алынып жатқанына қуанышын білдірген Ғалым Жайлыбай:

«Арналарын ақ толқындар кергенде

Жыр іздеген шаттықтан да, шерден де.

Күн астының Күнікейін іздеген,

Ақын деген ел боламыз біз деген», – десе, Жүсіпбек Қорғасбек:

«Тараз десе, тәж түседі есіме,

Шаһзадалар және қанша қастандық.

Болсам егер сонда тәждің иесі мен,

Берер едім барлығына бостандық», – деп Таразға жыр арнады.

Ал, Маралтай Райымбекұлы ақындарға мәңгі астана болған ауыл жайында:

«Ару сүйдім ерінімді күйдіріп,

Шарап іштім шараяққа құйдырып.

Соның бәрін жүрегіме сыйдырып,

Мен өзіңнен алып кеткем, Игілік», – деп туған жерін өлеңге арқау етті.

Сондай-ақ, поэзия кешінде жамбылдық шығармашыл жастар Мұхтар Шаханов шығармаларынан өлеңдер оқыса, Мәдениет саласының үздігі Мадина Сағынбекова ақынның сөзіне жазылған әндерден попурри орындап, жыр мен әннің үйлесімі арқылы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ал, Алматыдан арнайы келген әнші Аққу Байжігіт әсем әнімен көптің ықыласына бөленді. Бұдан бөлек, ашық микрофон айдарында белгілі айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков пен жергілікті жас ақындар – Нұржан Әліш, Арайлы Жақсылық, Назерке Оңғар, Асылхан Бүрлібай, Марал Хантөре секілді бір топ жырсүйер қауым белгілі ақындардың шығармалары мен өз туындыларын оқып, Әулиеатадағы әдебиеттің әлеуетін танытты.

Мерекелік жиында әдебиет пен руханиятқа қолдау көрсету мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі екендігін атап өткен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев алдағы уақытта да бұл бағытта кешенді жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді.

Байқау қорытындысына сәйкес, «Поэзия» номинациясы бойынша К.Әзірбаев пен Ж.Жабаев атындағы жүлде қос ақын Нұржан Қуантай мен Ерлан Жүніске берілді. Сонымен қатар, жазушы Болатбек Төлепберген «Проза» номинациясы бойынша Б.Момышұлы атындағы, жазушы, драматург Нұрғали Ораз «Проза» және көркем аударма» номинациясы бойынша Ш.Мұртаза атындағы жүлдені иеленді. Ал, журналист-сатирик Бақытжан Әлімқұлов «Сатира» жанры номинациясы бойынша Ш.Смаханұлы атындағы, жазушы Ырысбек Дәбей «Проза» номинациясы бойынша Н.Дәутайұлы атындағы жүлдені алса, ақын-драматург Иранбек Оразбаев «Драматургия» номинациясы бойынша А.Бекбосын атындағы жүлдеге ие болды. Сонымен бірге, «Жыр-терме» номинациясы бойынша Ә.Желдібаев пен А.Бетбаев атындағы жүлдені ақын, сазгер Жанатбек Тұрғымбай мен ақын Бауыржан Жақып еншіледі. Кеш соңында жүлдегерлерге арнайы естелік сыйлықтар мен әр номинацияға 1 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді.

Еске сала кетейік, биыл өңірімізде қаламгерлерді қолдауға арналған рухани іс-шаралар легі кешенді түрде жалғасын тауып келеді. Бұған дейін К.Әзірбаевтің 140, Ш.Смаханұлының 100 жылдығы мен облыстың 85 жылдық мерейтойы аясында өңірде бірқатар іс-шаралар өткізілген болатын.

 

 Нұрболат АМАНБЕК

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері:

Ырысбек ДӘБЕЙ, жазушы, «Steppe & world» баспасының бас редакторы: