Қала шетіндегі ауылдар игіліктен шет қалмайды
Тараз қаласында екі аудан құрылады деген сөздің шыққанына да біршама уақыт болды. Сондай-ақ, қала аумағына Жамбыл және Байзақ аудандарынан барлығы 14 елді мекен қосылатындығы да белгілі болды. Бірақ бұл мәселе кейінге шегерілген сайын халықтың ойы да сан-саққа жүгіргені белгілі.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтың айтуынша, еліміздің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес, «облыстық маңызы бар қаладағы халық саны 400 мың адамнан асқан кезде қаладағы аудан құрылады» деп анық жазылған. Соған байланысты қала дамуының жаңа Бас жоспары аясында шаһарда екі аудан құру қарастырылған. Бас жоспарға сәйкес, Жамбыл және Байзақ аудандарынан аумағы 13019,1 гектарды құрайтын 14 елді мекенді қалаға қосу көзделген. Олардың қатарында Байзақ ауданы Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас ауылы (халық саны – 4057 адам) мен Талас теміржол бекеті (халық саны – 1280 адам) және Қызыл жұлдыз ауылы да бар. Жуырда шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков Талас ауылының тұрғындарымен жүздесіп, оларға осы мәселе төңірегінде айтып, олардың да пікірлерін тыңдаған болатын.
Жалпы, таластықтар қалаға қосылуға қарсы емес. Олар қала әкімімен кездескен сәтте ауылдың бірқатар мәселесін көтерді. Атап айтсақ, тұрғындар көшелерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, қоғамдық көлік мәселесін шешу, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, ауылдық клуб ғимаратын жаңғырту, көшелерді жарықтандыру, шағын футбол алаңшаларын салу секілді маңызды мәселелерді айтты. Ал, Бақытжан Әмірбекұлы әрбір мәселе бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар беріп, тұрғындардың жайлы өмірі үшін кезең- кезеңімен барлық жағдай жасалатынын жеткізді.
Айта кетейік, Қызыл Жұлдыз ауылында да шешімін күткен мәселелер бар. Ауыл тұрғындары мұндағы 3 көше бұрылыстарын орташа жөндеу, 16 көшеге жарық шамдарын орнату, ауылдық клубтың ғимаратын жаңғырту және тағы да басқа мәселелердің барын айтуда.
Марат ҚҰЛИБАЕВ