Мемлекеттік қызметті жетілдіру – заман талабы
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді трансформациялау, ақпараттық жүйелерді дамыту және интеграциялау, мүмкіндіктерге қол жеткізуді жеңілдету және қазақстандықтар үшін олардың санын кеңейту бойынша жұмыстар жүзеге асуда. Бұл бағыттағы жұмыстар аймақта да кешенді түрде іске асырылуда. Мәселен, өңірде көрсетілген қызметтердің 98 пайызы электронды негізде жүзеге асқан. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен аппараттық кеңесте облыс әкімдігі аппараты басшысының орынбасары Бекжан Кеңесбек атап өтті.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің жай-күйі сараланған жиында Бекжан Кеңесбек облыста аталған бағытта іске асқан жұмыстар жайына тоқталды. Жалпы, өңірде мемлекеттік қызметтер білім беру, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек пен ауыл шаруашылығы, спорт және денсаулық сақтау, жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ветеринария, дін салаларын қамтиды.
Аппарат басшысы орынбасарының айтуынша, бұл бағыттағы заңбұзушылықтар бойынша өткен жылы 66 факті, биыл 33 факті анықталған. Бұдан бөлек, облыста көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 93,1 пайызы цифрландырудан өткен. Жалпы, өңірде мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған 26 ақпараттық жүйе жұмыс істейді.
Сондай-ақ, аппараттық кеңесте өңірлік кадрлық резервшілерді жұмысқа орналастыру жайы да қозғалды. Еске сала кетсек, биылғы жылы 26 дарынды жастан іріктелген өңірлік кадр резерві қалыптастырылған болатын. Бүгінгі күні резерв қатарындағы Балаби Туменбаев Шу ауданы әкімі аппаратының басшысы, Жандос Рүстембаев Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы қызметіне конкурссыз негізде тағайындалған. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі аппараты әлеуметтік даму бөлімінің басшысы бо с лауазымына резевшіні тағайындау үшін өкілетті органдарға құжаттар тапсырылып, келісімі күтілуде. Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев резервшілерді жұмыспен қамтудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, талантты жастар арасынан мемлекеттік басқаруда жаңаша ойлайтын көшбасшылар мен жас басқарушылардың тобын қалыптастыруды мақсат тұтқан бастама аясында облыстың кадр резервіне іріктеуге жалпы 478 адам өтініш білдірген болатын.
Нұрболат АМАНБЕК