Үздік жастарға үнемі қолдау бар
Болашақ білімді, талантты да талапты жастармен баянды. Мемлекет тарапынан да жастардың заман талабына сай сапалы білім мен тәрбие алып, түрлі өнер үйреніп өсуіне бар жағдай жасалып келеді. Облысымыздың жасампаз жастарды қолдаудағы ең игі дәстүрі – әр саланың үздік жастарын марапаттауы. Биылғы жылдың қорытындысында да облыстың үздік жастары марапатталып және алғаш рет «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталды.
Үздіктерді анықтаған жиын Мемлекеттік Әнұранмен басталды. Барша жастарға ел үмітін ақтап, туған халқының мүддесі үшін атқарып жүрген қызметтеріне сәттілік тілеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыстың 85 жылдығын абыроймен атап өтуде аймақ жастарының қосқан үлесі мен белсенділігі айрықша екенін атап өтті.
Өңірімізде «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы да жастарды қолдауға бағытталып, іске асырылып келеді. Өткен жылы бағдарлама аясында 2 миллиард теңгеге 144 жас үйлі болса, биыл да 140 жасқа баспана кілті табысталмақ. Облыс әкімі өз сөзінде аталған бағдарлама келесі жылы да жалғасын табатынын айтты.
Облыс әкімінің сыйлығына ие болған үздіктердің қатарында әріптесіміз, газетіміздің тілшісі, жас ақын Арайлы Жақсылық та бар. «Үздік жас ақын» номинациясына ие болған Арайлы Серікқызы еңбектің еленгеніне ризашылығын білдіріп, туған өлкеге арнаған өрнекті өлеңін оқып берді.
Қамар ҚАРАСАЕВА