Әлеумет

Табиғи газбен қамту көрсеткіші артуда

Ел Тәуелсіздігінің 33 жылдығын атап өткелі отырмыз. Осы дербес мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуында «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының да қосқан үлесі зор. Атап айтсақ, бүгінгі күні облыс тұрғындарының 91,1 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген, ал оны жыл аяғына дейін 92,4 пайызға жеткізу жоспарланған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында елімізде мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – маңызды міндет екенін атап өтті.

Президент тапсырмасы елімізде акционерлік қоғам тарапынан талапқа сай орындалуда. «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалының директоры Қанат Ордабаевтың айтуынша, «QazaqGaz Aimaq» АҚ 11,5 миллионнан астам тұрғынды үздіксіз газбен қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасындағы тауарлық газдың ірі жеткізушісі болып табылады. Сондай-ақ, елімізде 69 мың километрді құрайтын газ тарату желілері бар.

Бүгінгі күні «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамына қарасты өңірдегі өндірістік филиал облыс тұрғындарына табиғи газдың кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етіп отыр. Филиалға қарасты 7163 километр газ құбырының 4178 километрін жерасты, 2972 километрін жерүсті газ құбыры құрайды. Ал, газ қала мен елді мекендерге 220 тарату пункттері арқылы бөлінсе, 1456 шкафтық газ реттеу пункттері оны 23061 жеке шкафтық пункттерге бөліп, жіберіп отырады. Жалпы, облысымызда табиғи отынды тұтынатын 235 729 абонент бар. Оның 73848-і пәтер болса, 161 881-і жеке тұрғын үй. Мекеме қызметіне жүгінетін өндірістік мекемелердің саны 442-ні құраса, коммуналдық-тұрмыстық мекемелердің саны – 6728.

Жалпы 7 163 километр газ құбырларының 4632 километрі «QazaqGaz Aimaq» АҚ меншігінде, 1920 километрі сенімгерлік басқаруда, 121 километр газ құбырлары мемлекет қаражаты есебінен және 490 километр газ құбырлары жергілікті халық қаражаты есебінен салынды. 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстары 100 пайыз атқарылды. Атап айтқанда, 209 газ тарату пункттеріне, 1439 шкафтық газ реттеу пункттеріне, 84 жерасты газ құбырларын электрохимиялық қорғаудың катодтық станцияларына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Аспаптық әдіспен 2313 километр жерасты полиэтилен газ құбырлары, сондай-ақ тығыздығы (герметикалығына) 105 километрді құрайтын жерасты газ құбырлары зерттелді. Бүгінгі таңда облыстағы 10 ауданның 9-ы газдандырылған, Мойынқұм ауданы газдандырылмаған күйінде қалып отыр.

Биыл жергілікті атқарушы органдардан сенімгерлік басқару шарттары (бұдан әрі - СБШ) бойынша газ құбырларын қабылдау бойынша үлкен жұмыс жүргізілген. Атап айтсақ, 2024 жылы жасалған сенімгерлік басқару шарттары негізінде ұзындығы 810 километр болатын 23 нысанның газ тарату құбырларын пайдалануға беру жоспары бекітілген. Нәтижесінде осы газ құбырларын пайдалану бойынша шығыстар осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап газ тасымалдау тарифіне қосылды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ТМРА Жамбыл облысы бойынша департаментінің 2024 жылдың 20 тамызындағы № 71-НҚ бұйрығымен 2024 – 2025 жылдарға арналған газ тарату жүйелері бойынша тауарлық газды тасымалдау қызметтеріне тарифтің шекті деңгейі 7 871,40 теңге/1000 текше метр мөлшерінде бекітілді.

Бүгінгі таңда филиал қызметкерлерінің штаттық саны 417 адамды құрайды. «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамынан «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамына тарату газ құбырлары мен құрылыстарына техникалық қызмет көрсету және пайдалану жөніндегі қызметті қайта беру, трансформациялау шеңберінде 2024 жылғы 16 сәуірден бастап 322 қызметкер еңбекақы төлеу шарттарымен ауыстырылды.

Осы жылдың 8 айында тауарлық газды тасымалдау бойынша көлем 486 миллион текше метрді құрады, орындалу жоспарымен салыстырғанда 105 пайыз, ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 24 миллион текшеметр немесе 5 пайызды құрайды, халыққа тасымалдау бойынша көлемдер асыра орындалды. Сату бойынша көлем 1 253 миллион текше метрді құраса, жоспарға сәйкес орындау 99 пайыз болып қалыптасты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 6 пайызды құрап отыр.

Филиалдың алдағы жылға қойып отырған даму жоспарлары да ауқымды. Атап айтсақ, қызметтердің сапасын, сенімділігін, тиімділігін ескере отырып, газды тасымалдау және өткізу бойынша қызметтер көрсету. Бекітілген инвестициялық бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру. Тұрмыстық газды қауіпсіз қолдану қажеттілігі туралы тұтынушылармен жұмысты жалғастыру.

Сондай-ақ, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының бекітілген инвестициялық бағдарламасында 2024 жылға жалпы сомасы 37,254 миллион теңгеге жұмыстар көзделген, оның ішінде 34,350 миллион теңгеге 34 бірлік шкафты реттеу пункттерін (ШРП) ауыстыру, газ реттеу пункттеріндегі (ГРП) 7 реттегішті 2,904 миллион теңгеге ауыстыру. Жоғарыда аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – тұтынушыларға газдың апатсыз және үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету және 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келе жатқан тозған жабдықтармен байланысты апаттық жағдайлардың санын азайту болып табылады.

Жабдықтың нарықтық құнының өзгеруіне байланысты инвестициялық бағдарламаны толық көлемде орындау мақсатында Филиал ШРП-ны ауыстыру жөніндегі жұмыстардың сметалық құнын қайта қарады және ШРП-ны орнатуға байланысты қосымша материалдар мен жұмыстарды азайтты. Үнемделген қаражат ГРП-дегі реттегіштерді ауыстыру жұмыстарына қосылған. Алда бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес атқарыла бермек.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ