Шындық жырын шырқаған жас қырандар...
Азаматтық борышымды қарулы күштер қатарында өтеп келген соң, 1985 жылы Алматы қаласындағы Аспендияров атындағы медициналық институтқа оқуға түстім. Екінші курста бүгінгі ел тәуелсіздігіне бастау болған Желтоқсан оқиғасы Алматы қаласында бұрқ ете түсті. Бұл 1986 жылдың 16 желтоқсанында болды.
Әуелі сағат күндізгі ондар шамасында Д.Қонаевты орнынан алып, орнына Колбинді қойыпты деген хабарды естіген жастар орталық алаңға жинала бастады.
Алаңға мен де бардым. Қасымда жерлестерім Нұрлан Әбілдаев, Мұрат Бердалиев, жолдасым Мира және тағы да басқалар бар. Қолымызда – ұрандар. Негізгісі «Әр елдің өз басшысы болуы керек» деген идеямен жазылған. Бірінші күні осылай тұрып қайттық. Екінші күні мұғалімдер студенттерді жатақханадан шығармай, ұстап қалуға тырысты. Әрбір студенттің қай уақытта шығып, қай уақытта келгенін белгілей бастады. Студенттердің назарын басқа жаққа аудару үшін жатақханамызда концерт қойып жатты. Бұл күні біз күндіз шыға алмадық. Қараңғы түсе, тобымызбен амалын тауып, қашып шығып, алаңға бардық.
Күн суық болатын. Біз жеткенде алаңдағы жағдай тіптен шиеленісіп кетіпті. Қарулы әскер итпен алаңды қоршап, біздерді жақындатпады. Өрт сөндіруші машиналар қараша халыққа су шашып жатыр. Сапер күректермен қалай болса солай ұрып, итке талатып, кәдімгі қанды қырғын болып жатыр. Шындық жырын жырлаған жас қырандарды осылайша күшпен басуға тырысты.
Ертеңіне тергеу жұмыстары басталды. Біз қайтқан кезде жатақхананың алдынан белгісіз бір жарық сәуле ары-бері жүгіріп тұрды. Сөйтсек, сәуле шашып тұрған жарық жатақханаға қайтқандарды суретке түсіріп жатыпты. Тергеуге бізде іліктік. Тағар нақты айыбы болмағандықтан қоя берді.
Міне, осылай саналы түрде бейбіт көңілмен егемендікке талпынған қазақ жастарын азаптап, тағдырын таразыға салды. Ұрпақтан-ұрпаққа аманат болған арман, мұратымыз – Тәуелсіздік үшін құрбан болған қаһарман азаматтарымызды еске алып, құрметтеп, зардап шеккен азаматтарымызды қамқорлыққа алып, дәріптей жүрсек еш артықтығы болмайды. Егемендігімізді Алла Тағала мәңгілік етіп, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Жетпіс АЙХОЖАЕВ,
Жамбыл аудандық орталық ауруханасының аға дәрігері, хирург.