Қоғам

Мәнері бөлек Малдыбаев

Өнер әлемінде ерекше маңызға ие азаматтың бірегейі – белгілі күйші, композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Тараз қаласының Құрметті азаматы Аман Малдыбаев. Оның ақын Лесбек Сайлаубектің сөзіне жазылған «Інкәр сезім» әні барша қазақ жастары зор құлшыныспен орындайтын туындыға айналды. Ал, Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйі тарихи қаланың төлқұжаты іспетті.

Аман Малдыбаевтың 65 жылдығына орай «Көне Тараз» атты кеші Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өтті. Кешті Мәдениет саласының үздігі, «Шалқар» радиосының журналисі Гүлмира Нәлібай жоғары деңгейде жүргізді. Кеш барысында автордың әндері мен күйлері Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы Ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі Дулат Байзілдаевтың да елеулі еңбегін айта кеткеніміз артық болмас.

Талай жиынның ажарын ашып жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков бастаған «Тараз» триосы әуезді әннен шашу шашты. Кеште Аман Малдыбаевтың «Шырайлым», «Аққу», «Жамбыл жері», «Туған жер», «Жастар шаршы» әндері мен «Көне Тараз», «Шоқай датқа», «Сүлейменнің жүзігі», «Ғаламат», «Аңсау» атты күйлері орындалды. Құрметті қонақ ретінде келген Жақсылық Әжмұханов, Жұлдыз Ысқақ, Ерболат Әлімқұл, Арайлым Болат, Ләззат Нұржан кештің шырайын кіргізді. Мұнан соң кеш иесінің өнерпаз перзенттері, бірнеше халықаралық байқаулардың лауреаттары Әлібек, Рүстем, Қазыбек Малдыбаевтардың және композитордың немересі Рысқадір Аманның өнеріне көпшілік ризашылықпен қол соқты.

Кеш соңында Аман Малдыбаев өзінің бірнеше шығармасын шабытпен орындап, келген қонақтарға, көрермендерге алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ