Ана, ару, жар – қоғамның асыл ажары
«Отбасының жүрегі, алтын діңгегі – ана» деп білетін біздің халық әуел бастан қыздың қадамына құт дариды деген наныммен, төрге оздырып, ұрпақ жалғастырушы ананы ардақтаған. Ал, қазіргі қоғамдағы арулар мен аналардың орны қандай? Осы сұрақ аясындағы мәселелерді талқылап, болашақтың қамы үшін игі істерге бастама болар Әйелдер форумын Аmanat партиясы облыстық филиалы ұйымдастырды.
Мұндағы мақсат – өңірде әйелдердің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсенді қатысуын кеңейту, гендерлік тепе-теңдікті қалыптастыру жөніндегі шараларды күшейту, әйелдердің жетістіктерін көрсету, кәсіби біліктіліктерін арттыруға жәрдемдесу, шешім қабылдауға және жауапкершілікті өз мойнына алуға қабілетті көшбасшы әйелдердің жаңа буынын қалыптастыру.
Форум жұмысына Amanat партиясының хатшысы, партияның Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова, партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы Жансая Исмагулова, облыс әкімдігінің басқарма басшылары, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, облыстың түкпір-түкпірінен іскер әйелдер, қоғамдық пікір көшбасшылары, сондай-ақ көп балалы аналар қатысты. Алғашқы болып сөз сөйлеген партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов облысымыз демографиялық өсімі жоғары аймақтардың бірі және халқының тең жартысы, яғни 50,5 пайызы қыз-келіншектер екенін, өңірде әйел-аналардың саяси белсенділігі артып келе жатқанын айтты.
Форумда Amanat партиясының хатшысы, партияның Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы Жансая Исмагулова өз пікірін білдірді. Бейнебайланыс арқылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, Түркі мемлекеттерінің Сауда-өнеркәсіп палаталары одағы жанындағы Түркі мемлекеттерінің кәсіпкер әйелдері кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова мен танымал журналист, мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласы мәслихатының депутаты, «Әйел бақыты» кітабының авторы Ләйлә Сұлтанқызы да лебіздерін жеткізді.
Облыстық әйелдер Форумына дайындық барысында гендерлік теңдік қағидаттарын ілгерілету, әйелдердің экономика мен саясаттағы мүмкіндіктерін кеңейту, құқықтарын қорғау мен бастамаларын қолдау мақсатында бірқатар қоғамдық бірлестіктер мен мекемелер партия облыстық филиалының Әйелдер қанатымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандум жасауға ықылас білдірген. Оның аясында бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру, ақпарат алмасу көзделуде. Amanat партиясы облыстық филиалының Әйелдер қанатының кеңесшісі Айман Әшімова, облыстың Полиция департаментінен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кинжеханова, «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, «Жамбыл облыстық іскер әйелдер Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Меруерт Лештаева, Жамбыл облыстық әйелдер күші Альянсының жетекшісі Амина Қайназарова меморандумға қол қойды.
Өз ісінде белсенділік танытып жүрген бірқатар нәзік жандылар марапатталды. Форумның екінші бөлігі екі бағыттағы панельдік сессия жұмысымен жалғасты. Онда тақырыптық талқылаулар мен сұрақ-жауап сессиясы өткізіліп, ұсыныстар жинақталды.
Қамар ҚАРАСАЕВА