Экономика

Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар

Тәуелсіздік алғанымызға биыл 33 жыл толып отыр. Бүгінгі уақыт өлшемімен алсақ, бұл аз болғанымен, одан бергі кезеңде жасалған жұмыстарға қарап ел экономикасы дамудың даңғыл жолына түскенін аңғарамыз. Жалпы өңір өндірісі тәуелсіздік алғаннан кейінгі әрбір онжылдықта оң бағытқа бет бұрып, аймақ экономикасы өрістей түсті.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін облыс өнеркәсібі, жалпы республика экономикасы өндірістің құлдырауын бастан кешірді. Осы кезеңде кооперативтік байланыстардың үзілуіне, өткізу нарықтарының жоғалуына, тұтынушылардың дәрменсіздігіне, қаржылық дағдарысқа байланысты облыстағы Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, Супер фосфат зауыты, Химпром, спирт зауыты, ПОШ фабрикасы сияқты жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметі тоқтады. Сол сияқты былғары-аяқ киім зауыты, одан басқа да көптеген өндіріс ошақтары дағдарыстан дағдарысқа ұшырап, сол тұстағы нарықта бәсекелесе алмады. Мәселен, 1991 жылы өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 87,2 пайызды құраса, ол 1997 жылы 63,6 пайыз деңгейінде қалыптасты.

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік басқармасының өнеркәсіп және қазақстандық қамтуды дамыту бөлімінің басшысы Талғат Шалдарбековтің айтуынша, өнеркәсіп өнімінің өсу тенденциясы 90-жылдардың аяғында қалыптаса бастады. Яғни, өңірдегі негізгі өнеркәсіп кәсіпорындары жұмысын қайта жандандырып, шағын және орта кәсіпорындар іске қосылды. Сөйтіп, өндіріс 1998 жылы – 4,9 пайызға, 2000 жылы – 12,6 пайызға, 2004 жылы – 27,5 пайызға, 2022 жылы 10,5 пайызға өсті.

Одан бөлек, 2009 жылы «Жамбылгипс» акционерлік қоғамы «Восточное тау-кен басқармасы» акционерлік қоғамында гипсокартон шығаратын жаңа қондырғылар орнатылып, жаңа өңдеу зауыты іске қосылды. «Меркі қант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі техникалар автоматтандырылса, «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде тетра пакеттер шығаратын жаңа желі іске қосылды, йогур төндіру цехын жаңарту жұмыстары жүргізілді.

Өңірде экономика салаларын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілді. Яғни, индустриялық дамудың негізгі құралы – индустрияландыру бағдарламасы болды. Мәселен, индустрияландыру бағдарламасы аясында 2015-2019 жылдар аралығында облыста жалпы құны 52 миллиард теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Осы жобаларды жүзеге асыру барысында 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылды.

Жаңа өнеркәсіп орындарының іске қосылуымен жұмыспен қамтылған жұмысшылар саны да өсті. Егер 2010 жылдың қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарында 25,9 мың адам жұмыс істеген болса, 2024 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша облыс өнеркәсібінде 46 мың адам жұмысқа орналастырылған, сөйтіп өсім 1,8 есеге артқан.

Жалпы облысымызда ел тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта келесі жаңа кәсіпорындар ашылған. Атап айтсақ, «Жамбыл цемент өндіру компаниясы» ЖШС (цемент өндірісі), «Энерджи Тараз» ЖШС (диодты шамдар, көшелерді жарықтандыру жүйелерін өндіру), «Супер Фарм» ЖШС (медициналық бұйымдар өндірісі), «Амир и Д» ЖШС (медициналық сынақтар өндірісі), «АулиеАтаФеникс» ЖШС (құс етін өндіру), «Сәуле» кондитерлік фабрикасы» (кондитер өнімдерінің өндірісі), «Talas Investment Company» ЖШС (натрий цианидінің өндірісі), «Kaz Ir Agro» ЖШС (мақсары майының өндірісі), «Alina Group» ЖШС (гипс және ойық тақтайшалар), «Полителен-Агро» ЖШС (полиэтилен өндірісі), «Тараз арматура зауыты» ЖШС (ғимарат арматурасын өндіру) және тағы басқа зауыттар бүгінгі күні өңір экономикасының артуына өз үлестерін қосуда.

Тағы бір атап өтетін мәселе, бүгінгі күні өңірдегі өндіріс ошақтарының қауіпсіздігі мен мүмкіншілігін арттыру мақсатында көптеген жобалар қолға алынған. Сол жобалардың аясында өндіріс ошақтары цифрландыру жүйесіне енгізілуде.

Қазіргі таңда облысымыздың өнеркәсіп кәсіпорындарында индустрияны дамыту, жасанды интеллектіні, ІТ-технологияларды пайдалану бойынша реттеу және ынталандыру шаралар кешенін әзірлеу жұмыстары атқарылуда.

Осылайша жаңа жүйеге, жаңаша бағытқа бет бұрған фабрика мен зауыттар өз жұмысын заман талабына сай түзеп, сапалы өнім өндірісінің жаңа моделін құрып отыр.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ