Әлеумет

Тіл мерейі артып, тарихи атаулар қайтарылды

Талайлардың арманы болған Тәуелсіздік бақыты бүгінгі ұрпаққа бұйырып, көмескілене бастаған құндылықтарымыз қайта жаңғырғаны көптің көңіліне қуаныш ұялатып, үміт жақты. Тәуелсіздік мүмкіндік берген жетістіктің бірі – Ана тіліміздің Мемлекеттік тіл мәртебесін алғаны. Осы асылымыздың аясын кеңейтіп, құнын арттыру үшін жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес. Себебі, бұған жету де оңайға соқпады.

Ана тіліміз үшін аянбай еңбектеніп, оның қолданысы мен тазалығын арттыруға барын сала күресіп жүрген Асылы Османова қазақ тілі Мемлекеттік тіл атану үшін біраз дау-дамайдың болғанын айтқан еді.

«Парламенттегі қазақ тіліне мемлекеттік тіл деген мәртебе берердегі дау ел-жұрттың есінде болар. Сонда орыс тілі мемлекеттік тіл болсын деп шалғайымызға жармасқандар болды емес пе, тіпті осы екі тіл бір дәрежеде мәртебе алып кету қаупі де төнді, Мұхтар Шаханов сияқты адамдардың жанайқайының арқасында ғана қазақтың Ана тіліне «мемлекеттік» деген мәртебе тартып алғандай болып берілді ғой. Мен осының өзіне қуанамын, себебі осы мемлекеттік деген мәртебені алғаннан кейін ғана қазақ тілі қоғамда кеңірек қанат жайып, қарқын ала бастады. Сондықтан мен тәубе деуге мәжбүрмін» деген тіл жанашырының сөзі Ана тіліміздің тағдыры шиеленіскен жайттарды бастан кешкенін аңғартты.

Ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан кейін біздің өңірде де тіл саясатын жүргізуде айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді. Облыс аумағындағы көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың тіл туралы заңнама талаптарына сай ресімделіп, орналасуы бойынша түсіндіру- насихаттау жұмыстары облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы тарапынан тұрақты жүргізілуде.

Тілді оқып-үйрету мақсатында оқытушыларға да орталық тарапынан әдістемелік көмектер көрсетіліп, тәжірибе алмасу бағытында іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. «QazONLINE» айдарымен қазақ тілін тез үйренуге бағытталған 70 сабақ әлеуметтік парақшаларда жарияланған. Қазақ тілін сөйлеу арқылы тез меңгеру мақсатында ұйымдастырылған «Ашық аспан астында тіл үйренеміз», «SŐILE» (сөйле), «Шаңырақ» жобалары ұйымдастырылған. Сондай-ақ, Орталық мамандары қазақ тілін қарапайым деңгейде өз бетімен үйренгісі келетін азаматтарға 16 сабақтан тұратын «QazOnline» мобильдік қосымшасын әзірлепті. Қосымшаны кез келген адам «Play Market» қосымшасы арқылы ұялы телефонына жүктеп алып, пайдалануына болады. Жалпы мемлекеттік тілді қолданудың аясы мен сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік желіде «Таразлатын» («Tarazlatyn»), «Сауаттылық Time» және «Мен қазақша сөйлеймін», «Терминді біл» («Termindi Bil»), «Тіл байлық» («Til Bailyq») жобалары да бар. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға бағытталған «Ұлттық құндылық – ұлт қазынасы», «Bal-Balaqai tili», «Қатемен жұмыс» атты анимациялық, сауатты жазуға, сөйлеуге арналған бейнедәрістер әзірленіп, тиісті мекемелерге таратылып, әлеуметтік желілерге орналастырылған.

Нұрбану Оңғарбекқызының айтуынша, биыл жыл басынан бері «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық!», «Таза қалаға – таза жарнама» тақырыбындағы айлық өткізіліп, көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндерін біріздендіру бағытында зерделеу шаралары жүргізілген. «Атамекен» Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының әлеуетін пайдалану арқылы кәсіпкерлерге тіл заңнамаларының талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескерте отырып, маңдайшаны немесе жарнаманы орналастырғанға дейін Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен, ондағы тіл мәселесіне жауапты мамандармен келісім алу тәжірибесі қалыптасты. Атап айтсақ, қала көшелеріндегі нысандарда орналасқан жарнамалардың мәтіндеріндегі қателіктердің алдын алу мақсатында жеке кәсіпкерлер Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен жарнама орналастыруға рұқсат алу барысында мәтіндерін Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі арқылы келісетін болды.

Жалпы, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін облыста 3908 физикалық-географиялық бірлік және оның құрамдас бөліктері мен 247 нысанға тарихи атаулары қайтарылып, көптеген ұлы тұлғаларымыздың есімдері ұлықталды. Айталық, 57 жыл бойы Свердлов атанып келген ауданға Қоқан хандығының тепкісінен азат ету жолында күрескен Байзақ батырдың есімі берілді. Ал, 61 жыл Луговой атанған аудан 1999 жылы қазақтың қайсар ұлы Тұрар Рысқұловтың есімін алды. Бұл өлкеге ертеде орыс этносының өкілдері алғаш келіп,қоныстанғанда көк майсалы жеріне тәнті болып «Луговой» деп атаған екен. Сол секілді облысымыздағы Буденовка ауылы Арыстанды, Самсоновка – Күреңбел, Петров – Қарасаз, Юрьевка – Қарасу, Успеновка – Қоңыртөбе деп қазақшаланды. Мұндай атауларды қайта жаңғырту кейінгі жылдары да жалғасын тауып, бүгінде көптеген жер-су, көше атаулары елдігімізге лайықты аталып жүр. Бұл – Тәуелсіздіктің үлкен жемісі.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА