Берік шекара – ел беделі
Ел шебін ерекше күзетпесе, елден тыныштық кетеді. Бұл ретте бас-аяғы 5 мемлекетпен шектесетін тәуелсіз Қазақ елі бүгінде өзге жұртқа достық пен татулықтың озық үлгісін көрсетіп отыр. Өзен, көл, теңіз, шөлейт, орман сияқты түрлі географиялық аумақтан өтетін 15 128 шақырымға созылып жатқан еліміздің мемлекеттік шекара шебінде антқа берік, рухы асқақ жігіттер тұр. Демек, егемендік алған тұстан бері іргетасы мықтап қалыптасқан қырағы қызметтің болашағы жарқын, келешегі кемел. Бүгінде құзыреті кеңейген қызметке жүктелген жүк ауыр. Бастысы, қырағы қызмет заман талабына сай жасақталып, кең қанат жайып келеді.
Шын мәнінде, кез келген елдің әскери айбыны шекарасынан-ақ сезіліп тұруы керек. Шекарадағы қырағылық – қоңсы жатқан елге қабақ шыту емес, мемлекеттік тұтастықтың, ұлттық қауіпсіздіктің қамы. Сондықтан, шекара шебінің берік болуы – аса маңызды әрі жауапты міндет. Ал, бұл міндетті абыроймен, сақтықпен, асқан жауапкершілікпен атқару – шекарашылардың мойнындағы үлкен парыз. Осыдан 32 жыл бұрын, 18 тамыз күні Президент Жарлығымен Шекара әскерлері құрылды. Сол сәттен бастап шекарашылар еліміздің экономикасын тіктеп, тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында ми қайнатар аптап ыстық пен қытымыр қыстың бет қарытар аязында да тікенек сымның бойын көз ілместен күзетіп жүр.
Жерсіз елдің ертеңі де, байлығы да жоқ. Сондықтан, ел тыныштығы мен егемендікті сақтау, аумақтық тұтастықты және шекараның мызғымастығын, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен саяси міндет. Жалпы, Қазақстан жер көлеміне байланысты шекарасының ұзындығымен ерекшеленетін елдердің қатарына кіреді. Оңтүстіктегі көрші Қырғыз елімен ортақ шекара аумағы 1241 шақырым шамасында созылып жатыр. Картаға қарап созылып жатыр деп айтуға ғана жеңіл, әйтпесе екі елдің жері түйісетін тұстың басым бөлігі – таулы аймақ. Мемлекеттік шекараның делимитациялық және демаркациялық үдерістері толық соңына жетіп, 2001 жылы 15 желтоқсанда қазақ- қырғыз шекарасы туралы шартқа қол қойылған. Осы шекара шартына сай еліміздің оңтүстігінде Қырғыз елімен шектесетін аймақта экономикалық тұрғыдан маңызы өте зор шекаралық заставалар пайда болды.
Жасыратыны жоқ, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында шекараны жаңа үлгіде жабдықтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Шекара қызметін дамытудың негізгі бағыты ретінде техникалық бақылаудың инновациялық шешімдері қолданылуда. Яғни, шекараны күзетуде техникалық құралдардың қолдануын қамтамасыз ететін «ақылды шекара» тұжырымдамасы да қырағы күзетке кіріскен.
Бұдан бөлек, шекара шебінде мобильді және оптикалық-электрондық бақылау жүйелерін, ұшқышсыз әуе аппараттарын, прожекторлық және радиолокациялық стансаларды, сигнал беру және электрсигнал беру кешендерін, сондай-ақ азаматтардың, көлік құралдары мен жүктердің шекара арқылы қозғалысын бақылауға арналған автоматтандырылған жүйелері қолданысқа енгізілді.
Биылдың өзінде шекарашылар «Шекара-2024», «Тосқауыл-2024», «Бекіре-2024», «Ақбөкен», «Ақпан-2024», «Наурыз-2024» және тағы басқа да шекара операцияларына қатысты. Сонымен қатар, отандық шекарашылар жыл сайын еліміздің Қорғаныс министрлігі ұйымдастыратын жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу- жаттығуына, арнаулы операциялар күштерінің оқу-жаттығуына қалмай қатысып келеді. Ал, жол картасы аясында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Айталық, таяу арада қазақ-ресей шекарасындағы 30 автомобильдік өткізу бекетін дамыту және шекара күзетіне арнайы жаңа техникалар сатып алу жоспары қарастырылып отыр. Мамандардың пікірінше, аталған іс-шаралар оң әсерін беріп, мемлекеттік шекарадан көлік құралдарын өткізу жұмысының сапасын арттырады. Оған қоса, азаматтардың шекарадан өту үдерісін барынша тездетіп, қолайлы жағдайлар қалыптастыруға ықпал етпек.
Түйіндей келе, шекараның шегенделуі қажырлы еңбекпен келгенін ұмытпағанымыз абзал. Ал, еліміздің тұтастығы мен егемендігі – біздің басты құндылығымыз. Бір сөзбен айтқанда, шапқан тұлпардың тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын байтақ даламыздың қадірін білу, сыртқы жаудан қорғау – асыл міндетіміз.
Есен ӨТЕУЛІ