Желтоқсан оқиғасынан кейін: Парасат, парыз, патриотизм
Бұл күтпеген жерден жарыққа шыққан жаңалық болып тұр. Бұрын естімеген, жазылмаған, айтылмаған... Десек те, ақпараттық мәні бар оқиғаға көзбе-көз куә болып, естіген адамдардың жадында сақталған екен. Сонда сіз сүйсіне сөз қып отырған нендей нәрсе немесе ол оқиғаның ұзын-ырғасы несімен назар аудартады деуіңіз әбден орынды. Бізді әжептәуір таңғалдырғаны – дәл осы бір әңгіменің кейіпкерінің сонау артта қалған1987 жылдан бері ешбір жерге жария етпей, тым болмағанда естелік ретінде айтпай, жазбай келе жатқаны дер едік.
Басқа пейілде жүрген пенденің пысық бірі болғанда, Құдай ақы, әуелі өзі атақ- даңқ үшін бе, өткен өмірдің естен шықпас елесі деп пе, баяғыда-ақ өзінше ерлікке пара- пар дақпырт жасауы мүмкін діг ін жоққа шығара алмайсың.
Бұл жаңғырық біздіңше, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының орасан тарихы мен кеңістігін тағы да сездіреді, сонымен бірге қазақ зиялыларының арасында шоқ тұлғалардың «егеулі найзаны қолға алып» жау жартастарға соқтықпаса да қажетті кезде ұлттық намысты аяққа таптатпаған тұғырынан ой түзейді. Дәлірек нықтай түсер болс ақ, әңгіме сол замандағы империялық үстемдіктің ордасы Мәскеудегі үлкен бір басқосуда қазақ халқының атына жала жауып, жазғырып, тіл тигізген бір оспадар ғалым-саясаттанушыға он бес одақтас республикадан келген қалың мәдениет қызметкерлерінің көз алдында қарсы шығып, әділетті сөзін қасқайып тұрып айтқан қазақ азаматы жайында болып отыр.
Сонымен, ойтүрткі әңгімеміздің әу басындағы желісін жалғастырайық.
Белгілі жамбылдық мәдениет қайраткері, ұзақ жыл бойы облыстық драма театрдың директоры, облыстық мәдениет басқармасының басшысы болған абзал жан Әлібек Әмзеұлының «Менің сырым мен шыным» және «Менің заманым мен замандастарым» ( 2021 жыл) деген екі кітабы қатар жарыққа шыққанда (іскер азамат Досымхан Аралбаевтың демеушілігімен), шынын айтайық, ел ішінде аса сыйлы, әдебиетші автордың құндылығы мол, тартымды эссе-жазбалары, сүйекті мақалалары дерек-дәйегімен және көркемдік мазмұнымен жұртшылық арасында қатты қызығушылық туғызған болатын.
Бүгінгі жас ұрпаққа өнегелі сабақ, тәрбие- тағылым етуді мұрат тұтқан дүниелер түгелімен. Мәселен, қаламының қуаты мол автордың «Кеудеде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның» деп аталатын эссесі әйгілі Желтоқсан оқиғасының жер-жерде, соның ішінде Тараз қаласында, одан әрі Мәскеудің өзінде әр қиырдан қандай сипатта өрбігенін қаз-қалпында сөз етеді. Әлек ң 1987 жылдың қаңтар айының ортасынан ауа Мәдениет министрлігінің ұйғарымымен Мәскеуге театр директорларының курсына екі айға оқуға жіберіледі. Барған бойда қандай жағдайға тап болғанын өзі былай деп жазады:
«Москвалықтардың да қазанында Қазақстан туралы әңгімелер сарқылдап қайнап жатыр екен, Қазақстан туралы материалдар шыққан «Известия», «Комсомольская правда» газеттері үш сомнан сатылып жатты. Курстағы одақ бойынша жиналған жиырма екі директордың ішінде Қазақстаннан жалғыз менмін. Жаңағыдай материалдар шыққан сайын немесе Қазақстан туралы әңгіме болған с айын сүтке тиген мысықтаймын. Басқалар бірін-бірі қолдап, қазақтар туралы өсек-аяңдарын білсін-білмесін қосып айтып, езулерінің қышулары қанып жатады. Орысшам нашар, дауласуым қиын, оның үстіне жалғызбын.
Бізбен қатар театрлардың әдеби бөлімінің меңгерушілері де оқитын. Ол топта Алматыдағы Балалар мен жасөспірімдер театрының әдеби бөлімінің меңгерушісі, жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаев та бар. Екеуміздің конақ үйдегі бөлмеміз де бір болатын. Күндердің күнінде әдебиетшілер мен директорлардың басын қосып, бір аудиторияда с абақ өтті. Дәріс беруші – бойы екі метрге жуық тарих ғылымының кандидаты. Өзі татар ма, әлде башқұрт па, сондай ұлт. Ол мырза оқитын тақырыбын жиып қойып, Қазақстан туралы шатты-бұтты әңгімесін соқсын. Оның айтуынша, Қазақстанда заң жоқ екен. Әсіресе, оңтүстік жағы жалғанды жалпағынан басады-мыс. Ол жақтың ғылым докторларының басында ғылым кандидатының да білімі жоқ. Ал ғылым кандидаттарында он жылдык білім жоқ екен. Абырой-атақ, орден- медальдардың бәрін сатып алады екенбіз. Отырғандардың біразының жаны кіріп, «Ужас-ужас. Надо же!» деп қояды.
Әлден уақытта аудитория ортасынан «Шо ты болтаешь?» деген дауыс шықты. Жалт қарасам, өзіміздің Сұлтанәлі екен. Орнынан тұрып алған. Аудиторияда өлі тыныштық орнап, отырғандардың бәрі аңырап қалды. Осыны пайдаланған Сұлт анәлі «Шо ты болтаешь?» деп әлгі сөзін қайталап алып, әлгі ұстазымыздың талқанын шығарды.
Орысшасы да мен қатарлы екен, бірақ қайтпады. Сөзінің соңында «Сендей мұғалімнің лекциясына қатыспаймын!», – деп сумкасын иығына асып алып, шығып кетті. Мұғаліміміз сасқаны ма, әлде аудиториядан жанашырлық іздеді ме, қайдам: «Кім тағы не дейді?», – деп қалды. Оның сөзін сөйлейтін адам болса, алдын алайын деген ойменен орнымнан тұрдым. Сізге өз тақырыбыңыздан ауытқып, бүгінгі Қазақстандағы жағдай туралы лекция оқуға кім «право» берді? Оның үстіне бар өсек- аяңды жинап алып, екі газетке шыққан екі журналистің түсінігімен бүкіл республикаға баға беруге сіздің құқыңыз бар ма еді? Сіз сөзіңізде «атақ-абыройды, орден-медальдарды сатып алады» дедіңіз. Бір ғана факт келтіріңізші (мен жауап күтіп тұрдым, ол үндемеді). Сонан соң орден-медальды Қазақстан бермейді. Москваның пәрменімен беріледі. Яғни, с ат асыңдар! Солай ма?
Тағы біраз нәрс елерді айттым да, «мен де сіздің сабағыңызға қатысудан бас тартамын» деп аудиториядан шығып кеттім. Дәлізде Сұлтанәлі жүр екен.
– Естідім сөзіңді. Бұларға сол керек! Ректорға барсам, жоқ екен. Есік алдындағы қызға айтып кеттім, – деді.
– «Я с вами!» – деп Литва театрының директоры, бойы екі метр болатын Альбонис шықты. Жайшылықта бұл жігіт мені кұшақтап жүретін. Басқалар «сен екеуің, әрдайым бірге жүресіңдер» десе, «біз екеуіміз де мұрттымыз» деп жауап беретін. Институттың ректоры жасы жетпістерді алқымдаған орта бойлы, сұсты кісі екен, келді. Отырған жоқ.
– Сіздерге берілетін лекцияның тақырыбы мынандай болатын. Оның Қазақстанға еш қатысы жоқ. Егер қазақст андық жолдастар кешірсе, біз бұл мәселені өзімізде талқылаймыз. Егер кешірмесе, онда бұл кісі қазірден бастап жұмыстан босатылады, – деді. «Кешірмейміз» дедік».
Осы жерден мақаланы үзейік. Несін айтасыз, Әмзеевті сол күні институт жатақханасынан қала шетіндегі КГБ-нің қонақ үйіне ауыстырып жібереді. Ал, жазушы Ба лғабаев қайда?.. Түсінікті шығар.
Бұл кітаптағы өзі жайында жазылған мақала туралы күні кеше Сұлтанәлі ағамызбен хабарласып, сұрасам: «Ондай оқиғаның болғаны рас, бірақ елеусіздеу нәрсе ғой, намысыма тиген соң шыдай алмадым, әлгі адамға қатты-қатты сөздер айтып, жалған ойына тойтарыс беріп ем, аузын аша алмады. Е, ескі көз таныс Әлекең соны жазып кеткен екен ғой», – деп жатыр. Жетпіс сегіз жастағы ағамыз сергек әрі ширақ. Өзінің бір кісілік ірілігі мен екінің бірінің батылы жете бермейтін ісінің өзін елеусіздеу ғана еске алуының түпкі жағында ұлт сөзін айта білу, ұлттық намысыңды сақтай алу күнбе-күнгі міндетің және парызың деген терең түсінік жатқан жоқ па? Жаратылысында қарапайымдылығымен қадірлі, асыл қасиеттерімен құрметті интеллигенттің қоғамның ең өзекті мәселелерін тереңінен игеріп, қозғап жазған туындыларымен де өте беделді қаламгер екенін айта кеткеніміз жөн.
Қазақ қоғамына талантты драматург-жазушы, көрнекті публицист, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаевтың шығармашылық танымалдығымен тұлға лық абыройы кеңінен мәлім. Халық өз ерлерін білгені жөн. Ұлтының жүрегінде қалуға тиісті оғландарын да тануға тиіс. Қашан болмасын сын сағатта сырбаз азаматтары сыр білдірмесе керек. Ұлы суреткер Ғабит Мүсіреповтың «Әр елдің жауына қарай жауынгері болуы керек. Жауың сенен екі есе көп болса, сен бір өзің жаудың екеуіне төтеп бере алатын бол. Онсыз дүние қараң» деген сөзі де осындай кезде еріксіз еске түседі.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.