Бірқатар нысандар ел игілігіне берілді
Халықты қажетті әлеуметтік нысандармен қамтып, елді мекендерде сапалы ауыз су, табиғи газ бен жол мәселелерін шешу қашанда маңызды міндеттердің бірі. Облысымызда ел Президентінің тапсырмасына сәйкес осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Талас ауданында бірқатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне пайдалануға берілді.
Атап айтқанда,Тұрымқұл ауылында таза ауыз сумен қамту жүйесі іске қосылып, өз жұмысын бастады. Электр және кәріз су жүйелерімен толықтай жабдықталған нысан алдағы уақытта екі жұмысшыны тұрақты жұмыспен қамтымақ. Аталған нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
Осылайша 200-ден астам тұрғыны бар елді мекен жұртшылығы көптен күткен қуаныштарына қол жеткізді. Арнайы лента қию рәсімінен соң аудан әкімі тұрғындардың үйін аралап, жемісті жүзеге асқан жобаның жайына қанық болды. Өз кезегінде ілкімді жобаның игілігін көрген ауыл тұрғындары да ізгі лебізін білдірді.
Айта кетейік, биылғы жылы бұл бағытта 21,5 миллиард теңгеге өңірде 68 жоба іске асырылуда. Бүгінгі күні ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші қалаларда 97,5 пайызға, ауылдық елді мекендерде 96,7 пайызға жетіп отыр. Жыл соңына дейін 37 ауылдық елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, қамтылу деңгейін 98,1 пайызға жеткізу көзделуде.
Бұдан бөлек, осы күні Ойық ауылында 400 орындық жаңа дене шынықтыру спорт кешені ашылды. Орталықтандырылған жарық жүйесі мен автономды қазандық түріндегі жылу жүйесіне қосылған спорт кешенінде үлкен зал, күрес және тренажер залдары мен жұмыс кабинеттері бар. Мұнда жасөспірімдер футбол, қазақ күресі, дзюдо мен шахмат секілді спорт түрлерімен айналыса алады.
Жалпы, биыл ауданның инфрақұрылым саласында ілгерілеу байқалады. Мәселен, осы күні Қаратау қаласында 50 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, елді мекендерді табиғи газбен қамту бойынша шешімін күткен 6 елді мекеннің 5-уіне жобалық- сметалық құжаттамалар әзірленіп, қаржы мәселесі оңтайлы шешімін тапқан.
Нұрболат АМАНБЕК
Талас ауданы