Мәдениет

Ұлттық өнер ұлағаты

Ұлттық дәстүрлерді әр баланың бойына сіңіру арқылы балғындарды елімізді құрметтеуге, отаншылдыққа баулимыз. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып секілді құндылықтар осындай қасиеттер арқылы жүзеге асады.

Сарыкемер ауылындағы «Мұрагер» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Сымбат Қадымова жас өскіндердің оң бағытта тәрбие алуы үшін жан-жақты ізденіп, өз міндетін адал атқарып жүрген маман. Жуырда Сымбат Нұрланқызы ұйымдастырған «Аналар мектебі» тақырыбындағы іс-шара балалар үшін қызықты әрі ұлттық нақышқа негізделді.

Іс-шара бүлдіршіндердің ата-анаға деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, қазақы дәстүрлерге баулуды мақсат тұтты. Бұл ашық тәрбие сабағында ана мен балаға қатысты жағдайлар назарға алынды.

Іс-шараға арнайы шақырылған ата-ана Гүлнұр Тұрлыбекқызы қыз балалардың шаш күтімі туралы айтып, өзімен бірге ала келген шашбау, шолпы, бөріктермен таныстырып, олардың қызметтері мен қасиеттеріне жан-жақты тоқталды.

Сондай-ақ, бұл күні ұлт өнерін, мәдениетін түсінуге, бағалауға үйрететін қазақтың ою-өрнектерінің шығу тарихымен таныстырылып, бүлдіршіндер аналарымен бірге ою ойды.

Балалар тәрбиесінің оң қалыптасуына үлес қосып жүрген жандар осы сабақтан алар тағылымның мол болғанына қуанды. Мұндай игі іс-шараға ата-аналар қауымы да дән риза. Олардың мектепке дейінгі тәрбиеге деген сенімдері арта түскені де анық.

 

Нұрәбіназ МЫРЗАБЕК.

Байзақ ауданы