Мәдениет

Мәдениет майталмандары бақ сынасты

Жамбыл облысының 85 жылдық мерекесіне орай Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы «Дәстүрім – қазынам» атты өңірлік өнер байқауын ұйымдастырды. Бұл іс-шара ұмыт болып бара жатқан кейбір дәстүр, жоралғыларды, ұлттық тағам түрлерін көрермен назарына жаңғыртып ұсынуымен ерекшеленді.

Байқаудың «Команданы таныстыру» аталымы бойынша облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана ұжымы мен облыстық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» орталығы мекемелерінің үздік өнері көрер көзге байқалып тұрды. Байқауға Тараз шаһарына танымал ата-әжелерден құралған «Құда-құдағилар» тобы ерекше ажар сыйлады. «Ұлттық тағамдар әзірлеу» аталымында да қатысушылар қатпаршақ, үлпершек, шыжмыж секілді қазақы дәмдер жасап, олардың мәні мен маңызын түсіндіріп өтті. Атап айтқанда, аталған кітапхана ұжымының «Керуен» тобынан Меруерт Сайлаухан мен Гүлнұр Құрақбаева ерекше көзге түссе, айтыскерлер орталығының «Жүзжасар» тобынан Дидар Апбасов пен Фариза Кенжебаева жасаған тағамдарын нақты түсіндіріп, үлгілі істерімен дараланды. Соңғы аталымда «Керуен» тобы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабындағы кісіні жерлеу рәсіміне қатысты көрініс қойып көпшілікті елжіретсе, «Жүзжасар» тобы Халық жазушысы Шерхан Мұртаза аударған Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романынан үзіндіні көпшілік назарына ұсынды. Әсіресе, Раймалы жыраудың рөліндегі Ербол Қамбатыр, Бегімай рөліндегі Ақмарал Ілебаева керемет шеберліктерін байқатты. Ербол Дәулетұлының егде тартқан жыраудың өкінішін, жан азабын бейнелеген тұсында көрермендер көзіне жас алды. Бұл қойылымның мақсаты – ұятты болудың қазақ үшін ауыр қылмыс екенін ұқтыру.

Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхананың «Керуен» тобы бірінші жүлдені иеленсе, облыстық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» орталығының «Жүзжасар» тобы екінші орынға лайық деп танылды. Үшінші жүлде тараздық «Құда-құдағилар» тобына берілді. Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің «Шұғыла», облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Сәукеле» топтарына «Өнерлі ұжым» арнайы жүлделері табыс етілді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткерлері Асқарбек Сейілхан мен Бақыт Шағырбаев бастаған қазылар алқасы диплом және бағалы сыйлықтар табыстады.

 

Есет ДОСАЛЫ